Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров пен партия төрағасының орынбасары – Орталық аппараттың басшысы Жанат Искаков ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) сайлауды байқау миссиясының басшысы Винсент Пикетпен және миссияның саяси талдаушысы Даниэла Боттиджеллимен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу барысында тараптар сайлау науқанына дайындық пен оны өткізу мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ сайлау кезеңіндегі партия жұмысының ерекшеліктері, сайлаушылармен өзара байланыс және қолданыстағы сайлау заңнамасының жекелеген нормалары талқыланды.
Миссия өкілдері республикалық және өңірлік сайлауалды штабтардың жұмысына, байқаушыларды даярлау үдерісіне, азаматтармен өзара іс-қимылдың цифрлық құралдарына, партия қызметі мен сайлау науқанын қаржыландыру тетіктеріне, сондай-ақ партияның инклюзивтілікті қамтамасыз ету және азаматтарды саяси үдерістерге тарту бағытындағы жұмысына қызығушылық танытты.
Respublica партиясының басшылығы миссия өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, партия қызметі мен сайлауалды науқанының барысы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Кездесу ашық әрі кәсіби диалог форматында өтті. Тараптар халықаралық сайлауды байқау аясындағы сындарлы өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасудың маңызын атап өтті.