5 Желтоқсан, 10:26 468 0 Технологиялар Túrkistan Gazeti

Ерекше адамдарға арналған мүмкіндік

Әлемдік нарықта IT технология ерекше маңызға ие болып отыр. Біздің еліміздің де стратегиялық бағытына айналған «Цифрлы Қазақстан» жобасы іске қосылды. Қазір ақпарат саласын меңгерген білікті мамандарға деген сұраныс артты.

Нұр-Сұлтан қаласында IТ технология саласындағы білімді тарату  мақсатында «Теңдей IT мүмкіншіліктер әлемі» деген атпен ITeachMe инклюзивті жобасы өтті. Жобаның мақсаты – IT саласында дағдысы қалыптасқан мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту арқылы жұмысқа орналастыру.

Жоба жетекшісі Захира Бегалиева сұранысы ерекше жандардың өмірге қызығушылығы мықты болуы керек деп санайды. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға мәселемді біреу келіп шешіп береді деп күтудің қажеті жоқ, керісінше мүгедектігі жоқ жандармен тең дәрежеде бәсекеге қабілетті болуға тырысу керек. Жоба барысында қатысушылар өз идеясын өнімге айналдырудың жолдарын меңгереді. Сонымен қатар өз көзқарасын дәлелдеуге, қиындықтан қорықпауға үйренеді. IT саласында өзгелер секілді тең құқықты бола отырып, барлығы біле бермейтін тың ақпараттармен қанығады, жұмыс берушілермен тікелей кездесе алады», – деп атап өтті жоба жетекшісі Захира Бегалиева.

Еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар арасында IT мамандары өте аз. Алғашында ұйымдастырушылар үшін барлық аймақтан таланттарды іздеп табу біршама қиындық тудырған. Ұйымдастырушылар осыған дейін  ITeachMe инклюзивті жобасын Петропавл, Ақтау, Атырау, Алматы қалаларында өткізген. Аталған жобаға осыған дейін 18-35 жас аралығындағы 500-ден астам адамнан өтініш келіп түскен.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып ұйымдастырылып жатқан курс, тренинг, семинар  көп. Көбісі тек білім беріп қана қояды, тәжірибеде қолдануды үйретпейді. Ал ITeachMe инклюзивті жобасы қатысушыларға білім бере отырып, сол сәтте-ақ тәжірибеде қолданудың, яғни идеяны дайын өнім ретінде инвесторларға ұсынудың тетіктерін көрсетеді.

Жобаның бірінші кезеңі қараша айында аяқталады. Осыған дейінгі хакатонда қаржылай қолдауға ие болған 7 үміткер бар. Солардың бірі –  ASAR мобильді қосымшасын қолданысқа енгізген Алматы қаласының тұрғыны Зайтуна Хусаинова. «Мен – мүмкіндігі шектеулі жанның бірімін. Бір жолы менің қатты ыстығым көтеріліп, жатып қалдым. Сол сәтте жанымда маған орнымнан тұрып дәрі ішуге көмектесетін тірі жан болмады. Сонымен қатар былтыр БАҚ беттерінде екі мүгедек адам үйден шыға алмай, балконға шығып елден тамақ сатып алып беруін сұрап айғайлағаны туралы жазылды. Кей жағдайларда адамдар жалғыз қалып, шынында да көмекке зәру болады. Біз қоғамдағы осы мәселенің шешімін таптық», – дейді үміткер.

ASAR мобильді қосымшасы арқылы еріктілер кімге қандай көмек қажет екенін көре алады. Қосымшаны мүмкіндігі шектеулі жандардан бөлек көмектесетін ешкімі жоқ адамдар да қолдана алады. Сонымен қатар, аталған жобаның Қазақстанда баламасы жоқ екенін де айта кетуіміз керек. Осылайша қатысушылар жаңа технологиялар арқылы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының өмірін жеңілдетуге атсалысып жатыр. Бұл өз кезегінде қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертіп, толерантты қарым-қатынас құруға бағыттайды.

«Жастар жылы» аясында қолға алынған жоба бүгінде ел аумағынан бөлек, шетелге таныла бастады. Жоба ұйымдастырушылары Өзбекстан және Әзірбайжан елінен тәжірибе алмасуға ұсыныс алып үлгерген. Алдағы 2020 жылдың қаңтар айында үміткерлер бақ сынап, жеңімпаз анықталмақ. Жоба қорытындысы бойынша жеңімпаз IT саласы бойынша білім алып, өз жобасын жүзеге асыруға 1 млн теңге көлемінде қаржыға ие
болады.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар