Жетісайда болған жауыздық: Қаскөй көрші келіншектің мәйітін ауласына көмген

/
Жетісайда болған жауыздық: Қаскөй көрші келіншектің мәйітін ауласына көмген
Фото: forpostsevastopol.ru

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында 41 жастағы келіншек аса қатыгездікпен көз жұмған, деп хабарлады turkystan.kz qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысы, Жетісай ауданының Алғабас ауылында аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру дерегі елді дүр сілкіндірді. Саудамен айналысып, науқас ата-анасын бағып жүрген 41 жастағы Әйгерім Әжекеева көршісі — бірнеше қылмыс жасаған Ералхан Төрехановтың қолынан қаза тапты. Ол дүкенге тауар алуға кеткеннен кейін, үйіне оралмаған. Араға 12 күн салып, оның денесі күдіктінің ауласынан табылған. Қылмыстың ашылуына әйелдің тыр жалаңаш көмілген мәйітінен шығып тұрған сақина таққан қолы себеп болған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Әйгерім – еңбекқор, ата-анасына қамқор, саудамен шұғылданатын пысық келіншек болған. Ол үшінші топ мүгедегі анасы мен екінші топ мүгедегі әкесін жалғыз өзі бағып келген. 27 наурыз күні көкпарға арналған тауар әкелуге шыққан Әйгерім сол күйі үйіне оралмаған. Дүкен алдында күтіп тұрған үш жігіттің ортасына түсіп, содан көзден таса болған.

 "Менің қызымның осындай жауыздықпен өлім құшқанына ішім күйіп бара жатыр. Шалымыз екеуміз 25 жылдан бері аурумыз. Бізді қаратып, Алматы, Астанаға апарып жүрген осы қызым еді. Көшеде жүріп қалған қыз емес, боянып көшеге шығатын қылтың-сылтыңы да жоқ. Азаннан кешке дейін менің қасымда болатын. Көктемнен дейін шашлық, бутерброд, пирожки пісіріп сатады. Мен де көмектесем оған. 27-күні азанда “Мама, ертең үлкен көкпар болады екен. Мен соған тауар әкелейін” деді. Жарайды деп екеуіміз де магазинге тауар жаздық. Тез барып келем ғой деді. “Жетісай маркет” деген магазин бар. Сағат 10-ға дейін істейді. Көкпардың заты таусылған соң, сол жерден барып алатын. Өзім шығарып салғам үйден. Түнгі сағат 11 болды, қызым жоқ. Бұндайы жоқ еді, кешікті деп барлығына хабарластым. Жас емес, келіп қалатын шығар деп басу айтты басқалар", – деді марқұмның анасы Мейрамгүл Бердалиева.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Әйгерімнің жоғалған күні Ералхан Төреханов оны дүкен маңында ұзақ уақыт аңдып жүрген. Бірақ полиция бастапқыда бұл жайтқа мән бермеген. Тек облыстық тергеушілер араласқаннан кейін іс қозғалған.

Қызының жоғалғанына алаңдаған анасы өзге балаларын ертіп, полицияға, ауруханаға жүгінген. Сол күні Төрехановтың Әйгерімге ұзақ қарап, соңынан жүргенін де бірнеше куәгер растаған. Жақындары бұл деректерді полицияға дереу жеткізгенмен, тиісті шаралар уақытылы қабылданбаған.

Еріктілер мен ауыл тұрғындары Әйгерімді күн-түн демей іздеген. Нәтижесінде Төрехановтың ауласынан оның денесі табылған. 

"Арада 12 күн өткен соң қанішер Төрехановтың үйінен сіңлімнің мүрдесі табылды. Қолы шығып қалған. Мына күміс сақинасы саусағында болған. Сол қолы алақанымен шығып жатыр. Шөп шашып, үстіне ат байлап тастаған. Төрехановтың үйін түгел полиция қоршауға алды. Адамды кіргізбей, сіңілімді көмген жерден алып шықты. Сіңілім тыр жалаңаш, үсті топырақ, батпақ. Сол жақ құлақшекесінен бастап арқасы түгел көгерген. Мұрнынан қан аққан. Білегінде үш жерден пышақтың ізі бар. Біреуі тереңдеп кесілген. Сол көлікті аулаларынан алып жатқанда Ералханның шешесі қарап, алаңсыз міз бақпастан ауласында тұрды, ал оның інісі бізді әбден боқтап, қорлады", – дейді Айсұлу Ақылбайқызы.

Қайтыс болған келіншектің туысы Ұлтуар Ақылбекқызының сөзінше, 2011 жылдан бері Ералхан әкесі мен шешесін қорқытып зейнетақы ақшасын алып отырған. Отбасы көкпар кезінде сауда істеген кезде «сауданың ақшасы бәрі қайда кете береді» деп ойланса, солар сіңілін қорқытып алып отырған.

Марқұм Әйгерім Әжекеева Алғабас ауылындағы бейітке жерленді. Оның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр.

Бөлісу: