дүйсенбі, 21 сәуір, 2025

«Әйел өмір бақи риза болмайды, оларға көп ақша керек» - Нұрлан имам

/
«Әйел өмір бақи риза болмайды, оларға көп ақша керек» - Нұрлан имам
Әлеуметтік желіден

Белгілі имам Нұрлан қажы Байжігітұлы әйелдер туралы айтып, желіде тағы да қызу талқыға түсті. Дін өкілінің пікірінше, отбасылы нәзік жандарға әрқашан көп ақша керек.

Әлеуметтік желідегі кезекті тікелей эфир кезінде имамға көрермен сұрақ қойған.

«Әйелі күйеуінің тапқан ризығына разы болмаса, ол әйелді не істеу керек?», - дейді көрермен.

Бұл сауалға Нұрлан қажы Байжігітұлы қарапайым ғана тілмен жауап қатты.

«Ешнәрсе істемеу керек. Әйел өмір бақи риза болмайды. Ұрып, тепкілеп, ажыраса беру керек пе? Әйелге көп ақша керек. Қымбат тон, бриллиант алғысы келеді. Сенен мықты ата-бабамыз бен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдері айтқан. Онда тұрған не бар?», - деді имам.

Сондай-ақ имам сөйлей беру әйелдердің ежелден әдеті екенін, өйткені Алла тағала оларды солай жаратқанын алға тартты.

«Әйел сөйлейді, сол үшін ол - әйел. Аузына келгенін айтады. Оны жаба алмайсың. Себебі оларды айтушы етіп Құдай солай жаратқан. Еркектер ұрысқан кезде «Не қатынсың ба?» дейді ғой. Тура солай. Сондықтан әйел айтады, еркек тыңдайды», - деді дін өкілі.

Нұрлан қажы Байжігітұлы жауабының соңында еркектерге өз ақылын айтты. Егер отбасында кикілжің мен ұрыс шығып қалса, еркек үнсіз үйден шығып кеткені абзал. Сыртта біраз жүріп, ашуы тарқаған соң үйіне келіп,«жаным, күнім» деп әйеліне жылы сөздерін айтқаны жөн.

Бөлісу: