«AMANAT»: Астанада футзалдан Бекзат Саттарханов кубогі басталды

/
«AMANAT»: Астанада футзалдан Бекзат Саттарханов кубогі басталды
«AMANAT» партиясы

Астана қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында футзалдан Бекзат Саттарханов кубогі  бастау алды. Екі күнге созылатын доп додасында бас-аяғы 16 команда бақ сынайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деді Президент.

Іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жыл санап елімізде спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын жетілдіруге бағытталған жаңа Заңға қол қойды. Осы құжат алдағы уақытта спорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы да барлық спорт түрін кеңінен насихаттап, әлемдік деңгейде танылуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сайлауалды бағдарламамызда балалардың спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігі, ауылдық жерлерде тез салынатын модульдік спорт құрылыстарын салу сынды бастамалар қарастырылған. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Дәулет Кәрібек.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай спортпен шұғылданудың мәні мен маңызына тоқталды.

«Бүгін елорда төрінде елеулі оқиғаның куәсі болып отырмыз. Дәл қазір жұмысшы мамандардың алқалы бәсекесі басталады. Спортпен шұғылданған адамның әркез тәні мықты, рухы биік болады. Еліміздің еңсесін көтеретін, мемлекетіміздің мерейін асқақтататын спортшыларымыздың, жалынды жастарымыздың қатары көбейе берсін», – деді депутат.

Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға ұлт мақтанышына айналған ұланның анасы Сырлыкүл Саттарханова арнайы келіп, ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.

«Бекзаттай алтын ұлымнан айырылып қалғаныма 25 жылдың жүзі болды. Ол небары 20 жасында елімізді әлем жұртшылығына танытып, байрағымызды желбіретіп еді. Енді міне, асыл перзентімнің атымен аталатын жаңа спорт кешені бой көтерді. Бекзатыма арналған турнир басталды. Ұлымның атын ұлықтап жүрген барша азаматқа айрықша алғысымды айтамын», – деді Сырлыкүл Саттарханова.

Осы орайда, аталған спорт кешенін тұрғызып, турнир ұйымдастырған кәсіпкер, «Beles» бастауыш партия ұйымы мен «Beles» құрылыс компаниясының жетекшісі Махат Төреәлі жаңа нысанда чемпиондар тәрбиелеу ісіне баса мән берілетінін жеткізді.

«Осы спорт кешені қабырғасында көк туымызды көкке көтеретін әлем, Олимпиада чемпиондары шыңдалса екен деп тілейміз. Алдағы уақытта дәл осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Бүгін футзалдан турнир өткізіп отырмыз. Болашақта бұдан да ірі додаларды ұйымдастырамыз деген ойдамын», – деді ол.

Аталған турнирде «AMANAT»-тың бастауыш партия ұйымдарына мүше құрылысшылар, механиктер, медицина қызметкерлері, жүргізушілер, тазалық саласының өкілдері сынды түрлі мамандық иелері өнер көрсетеді.

Айта кетейік, былтыр «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында 30 спорт нысаны ашылды. Онда азды-көпті 3,8 мың адам салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдана алады. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары