1 Қазан, 18:11 293 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Қариялар қамсыз болса...

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді атам қазақ. Сөзінің сарасымен, парасатты санасымен жол сілтер, жөн көрсетер көнекөз қарияларымыз әменде аман жүрсе, жастарымыз жолынан да, жөнінен де адаспайтыны айдан анық.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында ара­мызда ардагерлерімізді түгендеп, әңгімеге тартатын жақ­сы дәстүріміз бар. Осы жолы мақаламызды запастағы майор Инсафитдин Гареев ақсақалға арнамақпыз.

– Мен 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шық­қан­мын. Мектепте дене шынықтыру және алғашқы әс­ке­ри дайындық пәндерінен көп жыл бойы сабақ бердім. Астанада ашылған қаржы колледжінде де ұстаздық еттім. Мерзімді қызметті қосқанда отыз жыл әскери қыз­метте болдым. Отан қайда жібереді, басшылық қайда нұс­­қайды, барлық жерде қызмет атқарғанмын. Қы­зы­лорда, Арқалық қалаларындағы Ішкі әскерлердің жеке ат­қыштар ротасында алғашқы қызмет жолымды бастадым. Ол кезде казармада сарбаздармен бірге  қонып, бір­ге құрылыс жұмыстарын істегенбіз. Қазіргі сарбаз­дар­ға қарап, олардың жағдайын көріп, іштей риза боламын. Барлық жағдай жасалған, – дейді ардагер.

Ескі қаламен келе жатырмыз. Ардагер үйлерге қара­ған бойы өзінің әскери қызмет жылдарын есіне түсірді.

«Бүгінгі қалаға қарап қуанатындай жағдайға жеттік. Ескі тың игерушілердің қаласы жаңа атаумен бүкіл елі­міздің астанасына айналды. Мен осы қалаға келгенде тұр­ғын үй мәселесі шешілді. Ауысып келген бойда бір емес, бірден жеті қызметтік пәтер бос болған. Бәлкім, кө­бісі басқа қалаларды таңдағысы келген шығар, өзіме осы қала қатты ұнады. Таза ауа, шағын, жасыл еді. Мен ауы­сып келген кешегі Ішкі әскерлер бүгінгі Ұлттық ұлан­ның 6636 әскери бөлімі ең көне әскери бөлімдердің қа­тарында. Біздің қызмет қылмыскерлер мен бас бостан­ды­ғынан айырылғандарды айдауылдау мен түзету меке­мелерін күзетумен етене байланысты болды. Біз осындай қиын да қызықты қызметті еш қынжылмастан атқара­тын­быз. Өйткені біздің буында Отанға деген сүйіс­пен­шілігіміз басым болды», – дейді ол.

Құқықтық тәртіп әскерінің ардагері жауынгерлердің даярлығына қатты көңіл бөлген жан. Сарбаздарымен кеш батырып, таң атырған. Өз заманының адамы ретінде бар күш-жігерін әскери қызметке арнады. Соған қара­мастан, өзінің жанұясына да көңіл бөлуді ұмыт­паған. Өмірлік жары Нина Степановнамен Қызылорда қаласындағы 1 мамыр – еңбекшілер мерекесіне арналған шара­да танысқан. Нина апай кезінде Сыр өңіріне жер аударылған кәріс диаспорасының өкілі болса, Инсафитдин ақсақал Башқұртстанда туған татар жігіті. Күйеу ба­ласы Украин ұлтынан, келіні қазақтың қызы. Немерелері де отбасын құрып, бүгінде шөберелері де үлкен ата­ларының тәрбиесін көруде. Шуақты шаңырақтың ұйыт­қысына айналған ерлі-зайыпты Гареевтер тек өз от­б­асына емес, бүгінгі өскелең ұрпақ үшін де үлгі болмақ.

Өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен осындай күрес­кер жандарды көргенде ардагерлерім аман болғай деп айтқымыз келеді.

Дарын СЕЙІТОВ,

майор

Соңғы жаңалықтар