Нұрбесік тұрғындарына әкімшілік неге қырын қарап отыр?

Нұрбесік тұрғындарына әкімшілік неге қырын қарап отыр?

Нұрбесік тұрғындарына әкімшілік неге қырын қарап отыр?
ашық дереккөзі
Газеттің ATAJURT жобасы аясында 2020 жылғы 20 ақпандағы №7 са­нын­да «Нұрбесіктегі қандастар 12 жыл тұрған үйлерін заңдастыра алмай жүр» деген тақырыпта материал жа­рияланған болатын. Онда өздері сал­ған үйлерін заңдастыра алмай отыр­ған қандастардың мәселесін кө­терген едік. Елбасы Н.Назарбаевтың көші-қон сая­сатын дамыту және қандастарды бас­па­налы ету мақсатында Нұр-Сұлтан қа­ласының іргесінен Нұрбесік ауылы бой көтерген. Мұнда атажұртқа көшіп келген ға­лым­дар, мұғалімдер, журналистер және бас­қа да жас маман иелері қоныстанған. Үйлердің барлығы әкімшілік бекіткен тәртіпке сай жүзеге асқан. Үйлердің ар­хитектуралық ауытқуы жоқ. Барлығы заң талаптарына сәйкес салынған. Тұрғындар бұл үйлерді «Асар» республикалық қоғам­дық бірлестігі және әкімшіліктің үйді салып болғанша жерді жалға алу туралы жа­сасқан арнайы шарты негізінде салған. Қа­зір үйлер салынып болды, енді тұр­ғын­дар өз күшімен салып алған үйлерін өз аттарына заңды негізде құжаттандырып алғысы келеді. Ал мемлекетке иек артпай өз күшімен үй салып, елордамыздың дамуына үлес­терін қосқан қандастар жер телімдерін заңдастыра алмай отыр.  Жерді заңдас­тыру үшін «Асар» республикалық қоғам­дық бірлестігі және Нұрбесік тұрғындары Сарыарқа аудандық сотына шағымданған. Арызданушы тараптың құқығын қор­ғаушы заңгердің айтуына қарағанда, тұр­ғындар мен бірлестіктің бұл шағым­дануы заң аясында жүзеге асқан. Алайда аудандық сот бұл арыз-талапқа негізсіз де­ген шешім шығарған. Бұдан кейін қа­лалық сотқа шағымданғанда қалалық сот тұр­ғындардың және «Асар» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігі басшыла­ры­ның қатысуынсыз шешім шығарған. Бұған тұрғындар наразы. Біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мырзаның атына хат жазып, бұл мәселені шешіп беруге ықпал етуін жә­не қандай шара қолдануға болатыны жай­лы сұраған едік. Хатымызға Нұр-Сұл­тан қаласының «Сәулет, қала құрылысы жә­не жер қатынастары басқарма» басшысы Н.Ұранхаевтың атынан жауап хат кел­ді. Өкінішке қарай, хатта тек заңға сіл­теме жасалған қасаң сөйлемдер ғана. Хат­тың толық мәтінін түсіну өте күрделі. Бір түсінгеніміз қандастар заңды түрде са­лып алған үйлерінің жерін тек қана жал­ға алады екен. Бұдан 12 жыл бұрын са­лына бастаған ауыл тұрғындары осы уа­қытқа дейін мемлекетке 40 миллион тең­ге жалға алу құнын төлеген. Ал енді та­ғы да жерді жалға алу құнын төлей бас­таған ары қарай олардың тұрмысына қалай әсер ететінін есептеп көріңіз. Сон­дай-ақ хатта «Нұрбесік тұрғын үй кеше­ніндегі және бірлестіктің бұл арыз-талабы азаматтық-құқықтық мәселе, оған жер­гілікті атқарушы органдар араласа ал­майды» деп атап өткен.

Бақытбек ҚАДЫР