336
Коронавирус жұқтырған науқас ауруханаға өзі барған
Коронавирус жұқтырған науқас ауруханаға өзі барған

Алматыда коронавирус жұқтырған пациенттердің бірі ауруханаға өзі барған. Бұл туралы бүгін қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының мамандары мәлімдеді.
ҚазАқпараттың мәліметінше, Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Т.Әбілдаев: «Кеше Алматыда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. 1986 жылы туған әйел Алматы-Стамбул бағытындағы рейспен 15 наурызда таңғы сағат 6-да келген. Ол арнайы категорияға жатпайтын елден келген соң карантинге жатқызылмады. Кеше алынған қан талдауы оң нәтиже көрсетті», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, әйел тамағы жыбырлап өзін жайсыз сезінген соң қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылған.
«Ол қызбен байланыста болғандардың барлығы анықталып, карантинге жабылды», – деді ол.
Айта кету керек, COVID-19 эпидемиологиялық ахуалы бойынша Қазақстанда жұқтырғандар саны әр сағат сайын өзгеріп жатыр. Дәл қазіргі уақытта елде ауырғандар саны 32-ге жетті.