227
Қашықтықтан жұмыс істейтіндердің жалақысы қалай төленеді – министр түсіндірді
Қашықтықтан жұмыс істейтіндердің жалақысы қалай төленеді – министр түсіндірді
Елдегі төтенше жағдай режиміне сай қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен азаматтардың жалақысы қысқара ма? Ел тұрғындарын алаңдатқан осы сауалға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді.
Министрдің айтуынша, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі.
«Қашықтықтан жұмысқа көшкенде, еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленетін болады», - деді Б. Нұрымбетов.
Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясының ел аумағында таралуын шектеу үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бүгіннен бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді.
Жарлыққа сәйкес, төтенше жағдай режимі 15 сәуірге дейін созылады.
Сондай-ақ, Президент бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.