957
Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?
Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?
Адамзат тарихында Үкімет басшысы болған тұңғыш әйел, әлемді мойындатқан сара саясаткер Маргарет Тэтчерді білмейтін адам кемде-кем. Сұхбат кезінде журналистердің бірі «темір ханымнан»: «Неге әйелдер кез келген шаруаны дөңгелетіп кете алады?» – деп сұрапты. «Кім өз үйіндегі шаруашылықты білікті басқара алса, ол мемлекеттің де шаруасын шашауын шығармай жүргізе алады» деген екен Тэтчер. Саясаткердің бұл сөзі ақиқат екеніне еліміздегі басқарушы органдарда табысты қызмет етіп жүрген еңбекқор келіншектер, іскер ханымдар дәлел.
Бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы – әйелдер
Жүрегіне мейірім мен махаббат ұялаған әйел заты – өмірдің мәні, тіршіліктің тірегі. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерек. Әйел – сұлулықтың символы, отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамды ізгілікке үндейтін тағылымды тірліктердің жаршысы, әлеуметтің әлеуетін арттыратын ілкімді істердің бастамашысы. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, бүгінде ел экономикасындағы әйел адамдардың үлесі – 50 пайыз. Яғни, шағын және орта бизнесті алға жетелеп жүргендердің тең жартысы қыз-келіншектер. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегіне сүйенсек, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 44,7 пайызға жеткен. Мемлекеттік қызметтің «А» корпусындағы нәзік жандылардың көрсеткіші 14,8 пайыз болса, «Б» корпусында 55,9 пайызға жетеғабыл. Жалпы алғанда, барлық педагогтердің 73 пайызын, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызын және бюджет саласы қызметкерлерінің 60 пайызын әйелдер құрайды. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, елімізде саяси мемлекеттік қызметшілердің арасындағы әйелдердің үлесі 13,3 пайыз болса, орталық органдардағы саяси мемлекеттік қызметшілердің 15 пайызы – нәзік жандылар. Тарқатып айтар болсақ, бүгінде облыс әкімдері орынбасарларының – 10,7 пайызы, қала мен аудан әкімдерінің 1,5 пайызы, комитет төрағаларының орынбасарлары мен орталық мемлекеттік орган департаменттері директорларының 30,4 пайызы, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының 14,2 пайызы, облыстық басқарма басшыларының – 17,6 пайызы, қала және аудан әкімдері орынбасарларының 15,4 пайызы – әйелдер. Өңірлерден бірер мысал. Қостанай облысында 140 әйел жергілікті атқарушы билікте басшылық қызметте. Нәзік жандылардың 28-і – әкім, алтауы – басқарма басшысы және тоғызы – әкімнің орынбасары. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментінің мәліметінше, облыстағы әйелдердің 27,3 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және сақтандыру салаларында, өнер, ойын-сауық, демалыс сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында лауазымды қызмет атқарады.Үкіметте жалғыз әйел министр бар
Әйелдің қоғамдағы рөлі жайлы сөз болғанда, гендерлік саясат мәселесіне соқпай кететіндер сирек. Сондықтан болса керек, бұл ұғым соңғы жылдары құлаққа жауыр болып, мән-мағынасы бұрмалана бастағандай. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған саясаттың бұл бағытын отбасына көңіл бөлгісі келмейтін, күйеудің жағдайын жасауға, бала тәрбиелеуге құлықсыз, мансапқұмар әйелдерді көтермелеу тетігі деп әдіптегендер де баршылық. Шын мәнінде, гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Ал гендерлік теңдік дегеніміз – әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жынысына қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ел Үкіметі 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуын сонымен қатар мансап жолында ілгерілеуіне тең мүмкіндік беруді айқындады. Сондай-ақ елімізде 1995 жылы Президент жанындағы отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылды. Кейін ол әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып жасақталып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Аталған комиссия Қазақстан әйелдерінің мүддесін қорғайды және қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетеді. Елбасының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен елімізде гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегияға мемлекеттік басқару органдарындағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті жүктелді. 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 пайыз шамасында болса, бүгінде 15 пайызды құрайтынын жоғарыда атап өттік. Яғни, 10 жылда 5-ақ пайыз өсім бар. Мұндай қарқынмен стратегияда белгіленген 30 пайыздық межеге 30 жылдан кейін ғана жетуіміз мүмкін-ау, сірә. Биліктің жоғары буындарында әйелдердің үлесі әлі де аз екенін мойындауымыз керек. Үкімет құрамындағы 17 министрліктің біреуін ғана әйел адам басқарып отыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан басқа министрлердің бәрі – ер-азаматтар. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері арасында бірде-бір әйел заты жоқ. Заң шығарушы органға келсек. Парламенттің жоғары палатасындағы 47 депутаттың алтауы – әйел. Яғни, Сенаттағы нәзік жандылардың үлесі – 12,7 пайыз. Мәжілісте барлығы 107 депутат болса, оның 29-ы – әйел (27,1 пайыз). Қазіргі таңда әлемнің 58 елінде Қазақстан елшілігі бар. Аталған дипломатиялық өкілдіктерді ел Президенті тағайындайтын төтенше және өкілетті елшілер басқаратыны мәлім. Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2015 жылдан бері елші әйелдердің үлесі 5 пайыздан аспаған. Яғни, шетелдегі 58 елшіліктің екеуін, ары кетсе үшеуін ғана нәзік жандылар басқарған. Десе де, Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, соңғы онжылдықта ведомстводағы әйелдер саны екі есеге артып, бүгінгі күні министрлік ұжымының үштен бір бөлігін құрайды екен. Дипломатия саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге Отан үшін қызметте үлкен жетістіктерге қол жеткізген әйелдердің жетістігі үлгі болары сөзсіз. Қазақ КСР Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікованың, Сыртқы істер министрі және Қазақстанның бірінші елшісі Ақмарал Арыстанбекованың еңбек жолы осы саланы таңдаған нәзік жандыларға бағдар болды. Шет мемлекеттерде еліміздің жақсы атын шығарып, Қазақстан дипломатиясының дамуына сүбелі үлес қосқан Бірғаным Әйтімова, Мадина Жарбосынова, Жанар Айтжанова, Раушан Есболатова, Айгүл Құспан секілді қазақ қыздарының тәжірибесі де тағылымға толы.Бизнестегі ханымдар үлесі артты
Мемлекеттік басқару органдарындағы әйелдердің үлесі діттеген межеге жете қоймаса да, нәзік болмыс иелерінің бизнестегі үлесі ерлерге жетеғабыл. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда әйел басқаратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан. Осылайша, өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионнан, дәлірек айтқанда 581,2 мыңнан асты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 560,9 мың болған. Яғни, бизнес тізгінін өз қолына алған нәзік жандылардың қатары 20 300 қыз-келіншекпен толықты. Бұл ретте қазір 650,8 мың жеке кәсіпкерлік нысанын ерлер басқарады. Статистика мамандары елімізде әйелдерге бизнес басшылығын сеніп тапсыруға бейім өңірлерді де анықтапты. Осы орайда сөзсіз көшбасшы Ресеймен шектесетін Қостанай облысы болып отыр: онда 30,4 мың шағын және орта бизнес субъектісі немесе барлық кәсіпкерлік нысандарының 46,6 пайызы әйел басқарушылар қарамағында. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Екінші орын – Қарағанды облысының еншісінде. Аймақта 46,6 мың кәсіпкерлік нысаны нәзік жандылардың басқаруында екен. Үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысы жайғасқан. Өңірдегі әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес нысандары – 45,5 пайыз (50,6 мың). Ал өзге аймақтарда нәзік жандылар уысында ұстаған бизнес саны бұдан көп болғанымен, жалпы сандағы үлесі мардымсыздау. Егер үлес емес, сан бойынша бағамдасақ, өткен жылдың көрсеткіші бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қаладағы 111,1 мың кәсіпорын басшылығы әйелдердің қолында. Екінші орынды 74 мың көрсеткішпен Түркістан облысы иеленсе, 62,7 мың кәсіпорынның тізгінін нәзік болмыс иелеріне ұстатқан елордамыз үшінші орында. Осындай көрсеткіштердің нәтижесі болса керек, өткен жылы еліміз әйелдер үшін өмір сүруге қолайды елдердің жаһандық рейтингінде Қазақстан 44-орынды иеленді. Рейтинг құрастырушыларының айтуынша, әлемде шетелге жұмыс іздеп және білім алу үшін кететін әйелдер санының тұрақты өсуі байқалады. Әйелдердің өміршеңдік индексін есептеу үшін (Women‘s Liveability Index 2019) әйелдерге ең жақсы өмір сүру деңгейін ұсына алатын әлемнің 100 елі іріктелген. Санақ кезінде рейтинг құрастырушылары төрт маңызды санатты анықтапты: инфрақұрылым, теңсіздік, заңнама және жұмыс. Жалпы нәтижені анықтау үшін әрбір санатқа ұпай берілген. Барлық деректер 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша бағаланған. Нәтиже бойынша рейтингтің бірінші орны Норвегияға бұйырған. Мемлекеттің индексі – 8,699. Екінші орында – Швеция (8,401), үшінші орында – Канада (8,388). Ал 44-ші сатыға орналасқан Қазақстан ТМД арасында көшбасшы атанды. Украина 6,225 индекспен 46-ші сатыға орналасса, Ресей рейтингте 53-ші болды. Рейтингті құрастырушылардың есебінше, Қазақстанда еңбекақыдағы гендерлік алшақтық – 27,16 пайыз. Ал еліміздегі әйелдердің өмір сүру деңгейін сарапшылар 10 балдық шкала бойынша 4,91-ге бағалады. Қазақстандық қыз-келіншектердің білім деңгейі – 8.88, ал денсаулығы – 7.49 индекспен бағаланған.