Алматыда тауарларды тегін тарататын дүкен ашылды

Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды киім-кешекпен қамтитын әлеуметтік дүкен ашылды. Тауарларды тегін тарататын орын «Айнабұлақ» ықшамауданында орналасқан.

«Алматы» арнасының хабарлауынша, әлеуметтік дүкенде 1 айлық сәбиден бастап, қарт кісілерге дейін шақ келетін киімдер бар. Сондай-ақ, аяқ киім, ыдыс-аяқ және азық-түліктің кей түрлерін табуға болады. Ал тауарларды алуға қаланың көмекке мұқтаж кез келген азаматы бара алады. Дүкеннің ашылуына 30 көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтар шақыртылып қажетті заттарын таңдап алды.

«Бұл жерде жаңа да, ескі де заттар бар. Бірақ барлығының жағдайы жақсы. Таза, қолдануға болады. Егер де мұқтаж жандарға көмектескілеріңіз келсе, «Айнабұлақ-3» ықшамауданы, 103 а мекенжайы бойынша келіңіздер. Қазір бізге әсіресе ыдыс-аяқ қажет. Киім-кешек, кілем, тіпті азық-түлік өнімдерін қабылдаймыз. Біздің дүкен таңғы сағат 9-дан кешкі 17:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді», – дейді «Біз адамдармыз – біз біргеміз» ҚҚ директоры Иманғазы ДОСМҰХАМБЕТОВ.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button