Әлихан Бөкейхановтың еменнен ойлып жасалған еттабағы табылды

Әлихан Бөкейхановтың еменнен ойлып жасалған еттабағы табылды

Әлихан Бөкейхановтың еменнен ойлып жасалған еттабағы табылды
ашық дереккөзі
284
Ақтоғайдан қоңырау шалды. Әниша Жасымбекқызы екен. Әлихан бабамыздың ұрпағы. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі Батырдан Мырзатай мен Рүстем туады. Мырзатайдан Нұрмұхамед балалары Әлихан, Смахан туса, Рүстемнен Бегетай баласы Жасымбек туады. Кеңестік өкіметтің көмусіз қалған Әлиханға жоқтау сөзді де қимағаны белгілі. Смахан төре Талдыбейітке тас қойғанда Әлиханға арналған құлпытастағы жазуды нақ осы Жасымбектің қолымен өшіртеді. Не деген сұрқай саясат еді?! Әлекеңнің бір бауыры жанын жалдап жүріп құлпытас қояды, тағы бір бауыры сондағы есті сөзді қолы дірілдеп отырып өшіреді... Бұл кезде Жасымбек аға Жіңішке бойындағы бірінші бөлімшеде тұрыпты. Құлпытасты ал деп бұйырған ғой қызыл коммунистер. Әрі ойлап, бері ойлап Жасымбек аға бір амалын тапқан. Атарбамен барып, құлпытастағы жазуды сылап тастаған. Қызыл коммунистер қалай десе де құлпытасты алмайды. Бір жақсы күннің келетініне сенген ғой. Өкініштісі, ол кісі сол жақсы күнге жете алмады. 1980 жылы бақилық болыпты. Сол сылақ 1992 жылы Ақтоғайда үш арыстың тойы тойланғанда алынған ғой. Сондағы бақытты жандардың бірі осы Әниша апайымыз болыпты. Бұл әулет те қуғын-сүргінді көріп бағады. Алайда6 бұл атаның ұрпағы азаттық рухын арқалап ертеңіне жөңкіген ұлы көштен қалмайды. Әниша апайымыз сол текті ұрпақтың жұқанасы. Қырық жылға тарта мектепте ұстаз болған. Алдынан мыңдаған шәкірт өрбіткен. Әлихан бабамызға қатысты ақтаңдақтарға бір сәуле түсіруге ұмтылған жандардың бірі. Ондай жазбалары қазақ баспасөзінде жарияланып жүр. – Әлихан атамнан бір жәдігер қалып еді... Мен тілімді тістейін. – Әлихан атамыздан қалған құнды жәдігер – еменнен ойылып жасалған кәдімгі еттабақ. Бұл табақты бабамыз менің әжем Сақыпқа әкеп берген. Ғасырдан аса сақталған құнды жәдігерді Қалымхан шешем бүгінгі күнге дейін сақтап келді. Апайдың жақсы хабарына жаным семіріп қала бердім. Тағы да хабарласатынын айтты. Жақсы хабармен.

"Орталық Қазақстан" газеті

Серіктес жаңалықтары