Иманғали Тасмағамбетов Арыстанбек Мұхамедиұлының жуырда бақилық болған анасының басына барып, құран бағыштады. Бұл туралы Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
"Еліміздің тұғырлы тұлғасы, дүниежүзіне белгілі қайраткер Иманғали Нұрғалиұлының осындай шынайы адамдық қадамына қарап, өз халқына деген кіршіксіз сүйіспеншілігін, серіктес әріптестерін әрқашан шексіз қамқорлыққа бөлеп жүретін асыл қасиетін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Иығыма қолын салып тұрып айтқан: Тоқсанға, мейлі жүз тоқсанға келсе де, Ананың аты – Ана. Маңдайыңнан сипаған алақанына бұл жалғанда ешнәрсе жетпейді, – деген жұбаныш лебізі ортайып қалған көңілге өлшеусіз жылу-қуат берді", деп жазыпты Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұған қоса, Арыстанбек Мұхамедиұлы көңіл айтуға Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Асанәлі Әшімов те келгенін айтты.Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайының директоры анасының қазасына байланысты көңіл айтып, қолдау білдіргендерге алғыс білдірді.