"Кешірім сұрағандарыңызды қалаймын": Павлодар облысы әкімінің орынбасары желідегі қауесетке қатысты мәлімдеме жасады
"Кешірім сұрағандарыңызды қалаймын": Павлодар облысы әкімінің орынбасары желідегі қауесетке қатысты мәлімдеме жасады
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыстанбек Қабыкенов өңір басшысы ұсталды деген қауесетке пікір білдіріп, журналистерге ресми мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.Желіде облыс әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы хабарлама тарады. Сондай-ақ хабарламада Қабыкеновтың да есімі аталған. Шенеуніктің сөзінше, ол болған жағдайдан соң қатты есеңгіреп қалған.
"Шынын айту керек, мен қатты есеңгіреп қалдым. "БАҚ туралы" заңды пайдаланып, сіздердің ақпаратты теріске шығарып, адамша кешірім сұрағандарыңызды қалаймын. Әйтпесе, мен туралы да жазыпты. Шынымды айтсам, мен қатты есеңгіреп отырмын. Міне, мені көріп отырсыздар, жұмыс істеп отырмын. Мұнда бірдеңе болатындай ештеңе, тіпті ойда да болған жоқ. Шынын айтсам, әкем хабарласып, не болып жатқанына таң қалды. Мен оған жұмыста отырғанымды айттым", - деді Арыстанбек Қабыкенов.Сондай-ақ өңір әкімінің орынбасары өзі ғана емес, бүкіл әкімдіктің штатты режимде жұмыс істеп отырғанын атап өтті. Қабыкеновтың сөзінше, Бақауов та жұмыс орнында.
Шенеуніктің айтуынша, егер істі жала ретінде қарастыратын болса, онда ол өз имиджін қорғау үшін заңгердің көмегіне жүгінуге дайын.
Еске сала кетсек, желіде Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Желідегі мәліметтерге сәйкес әкіммен қоса, оның көмекшісі де ұсталған.