1499
ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯСЫНА – 100 ЖЫЛ
ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯСЫНА – 100 ЖЫЛ
Ақпан, Қазан революциясынан кейінгі ақ пен қызылдың өзара тайталасы бүтін дүниені дүрліктіріп жіберді. 1919 жылдың 10 шілдесінде РСФСР Халық комиссарлар кеңесі құрылды. Кеңес «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдады. Казревкомның ең жоғарғы әскери бөлімі – азаматтық басқарма болатын.
Казревком құрамына сол жылдары Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Астранхан губерниясының шығыс бөлігі кірген-ді. Советтік жүйені қазақ даласына орнату жолында белсенділік танытқан С.Пестковский, Ә.Жангелдин, Ә.Әйтиев, Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, С.Меңдешов, М.Сералин, В.Радус-Зеньковия, А.Авдеевтер еді. Казревком Орталықпен (Мәскеу) тығыз жұмыс істегендіктен, қазақ жеріндегі жергілікті билік басқаруы екіге бөлінді. Нәтижесінде, 1920 жылдың 9 наурызында Алаш Орда ұлттық үкіметін тарату жөніндегі Казревкомның шешімі қабылданды. Іс жүзінде 1920 жылдың 5 наурызында Алаш Орда кеңесі өз жұмысын ресми тоқтатқан-ды. Осы жылы В.Лениннің тарапынан Алаш үкіметін құрған азаматтарға кешірім (амнистия) жарияланды, олар советтік үкіметтің құрылысына атсалысуға шақырылды. Алаштың оқыған арыстары советтік жүйенің оқу-ағарту, мәдениет, полиграфия салаларында жұмыс істеп, қоғамдағы сауатсыздықты жоюға күш салды.
1920 жылғы 26 тамызда «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру» туралы декрет қабылданды. Осы күннен бастап Қазақстан советтік республикалар колониясына біржола өткен-ді. Табалдырықтан аттап отырған 2020 жыл – тарихи оқиғалар мен ірі серпілістерге, маңызды саяси қадамдарға толы ұлт тарихының елеулі бір кезеңін еске салар жаңғыру жылы.
1920-1924 жылдары Қырғыз АКСР-дың астанасы Орынбор қаласы болды. Республиканың территориясына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғышлақ уезі, Красноводск уездінің бір бөлігі, Астрахан губерниясының жартысы кірген. Ал Жетісу (бүгінгі Алматы облысы), Сырдария (бүгінгі оңтүстік аймақ) облыстары 1918 жылдан бастап Түркістан АКСР-ның құрамында болған. 1920 жылдың 4 қазанында Орынборда Қырғыз АКСР-дың І сьезі өтті. Сьезде Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып С.Меңдешов, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып В.Радус-Зенькович сайланды. Ал 1925 жылы ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Қырғыз АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (Үкімет) болып тұрған кезінде республика атын «Қазақ» деп түзеуге декрет шығарып, байырғы төл атауымызды қайтарған болатын.
Бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, Қазақ автономиясы – республика ретінде жер тұтастығы мен территориясын сақтаған, халық санын арттырған, өнеркәсіп пен өндірісті іске қосқан жүйе. Қазақ автономиясы 1920 жылдан 1936 жылға дейін өмір сүрді. Сосын, 1936 жылғы И. Сталин шығарған декрет бойынша СССР құрамындағы республика болып өз жұмысын жалғастырды. 1920 -1936 жылдар аралығында қазақ оқығандары билік тізгінін алып, қазіргі қазақ жерінің тұтастығы мен кеңдігі үшін білімдері мен күш-жігерлерін сарп етіп, тер төге қызмет атқарды. Тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің қырағылығымен 2 724 900 км жер көлемі тұтас сақталып, саяси картаға түскен-ді. Тәуелсіз Қазақстан тарихының бір беті осылай жазылыпты. Мұны білмек, көкейге түймек – ұрпақ парызы.
Елдос НҮСІПҰЛЫ