Ұлтты ұйыстырып, жұртты жұмылдыратын жыл

Ұлтты ұйыстырып, жұртты жұмылдыратын жыл

Ұлтты ұйыстырып,  жұртты жұмылдыратын жыл
ашық дереккөзі
750
2020 жыл – Еріктілер жы­лы. Мемлекет бас­шы­­сы Қасым-Жомарт Тоқаев айт­­­қандай,  Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Атам заманнан күрделі істің бәрін асарлатып атқаратын, көрші-қолаң, ағайын-туыстың шаруасына көмек қолын созуды міндетім деп білетін, жетімге пана, әлсізге қам­қор болуды парыз санайтын қа­заққа еріктілік жат емес. Ешбір қай­тарым күтпей қызмет қылу – хал­қымыздың қанында бар қасиет.

 Ең алғашқы еріктілер кімдер?

Тарихқа үңілсек, «волонтер» сөзі әлем­­де алғаш рет 1600 жылы қолданы­лып­ты. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған кө­рінеді. Кейін келе барлық салада өз еркімен, ешбір ақы, қайтарым сұрамай жұмыс істейтіндерді осы атаумен атай бас­тады.  Бүгінде әлем бойынша ерікті­лер саны 970 миллионға жетіп жығы­ла­ды. Джон Хопкинс уни­верситетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызмет­ке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Экономикалық әсеріне келсек, еріктілер қызметі 1,348 триллион АҚШ дол­лары­мен есептеледі, бұл ғаламдық эко­но­миканың 2,4 пайызын құрайды. 1970 жылы БҰҰ жанынан «Бі­ріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның волонтерлері» деген атаумен (The United Nations Volunteers – UNV) ха­лықаралық ұйым құрылды. Ол бүкіл әлем­дегі еріктілердің басын қо­сып, олар­дың қызметін жан-жақты дамытуды көздеді. Сол жылдан бастап әлем­­нің барлық елінде 5 желтоқсан Ха­лы­қ­ара­лық волонтерлер күні ретінде аталып өтеді. UNV жыл сайын әлемдегі волонтерлік қызмет туралы есептік баяндама әзір­лейді. БҰҰ волонтерлерінің бағдар­ла­масын жүргізетін атқарушы коор-динатор Оливье Адам 2018 жылғы қо­ры­тынды баяндамада ұйымға мүшелік ететін 17 елдің ұлттық баяндамалары мен саяси стратегияларында волонтерлік туралы айтылғанын жазады. Соның бірі Қазақстан деуге толық не­гіз бар. Өйткені  Жастар жылында ерік­тілерге ерекше көңіл бөлу қолға алын­ды. Мемлекет басшысының жар­лығымен биыл­ғы жыл ресми түрде Ерік­тілер жылы деп жарияланды. Алайда бұл бұған дейін во­лонтерлерге мемле­кеттік деңгейде қол­дау көрсетілмеді де­ген сөз емес. Мәселен, 2016 жылы елі­мізде Волонтерлік қызмет туралы заң қа­былданды. Одан арыға үңілсек, Қа­зақ­стан 2002 жылы БҰҰ Бас Ас-самб­лея­сы­ның «Халықаралық волонтерлер жылы»  (A/RES/57/106) жөніндегі резолюциясына демеушілік етті.

Мемлекеттік  қолдау артты

Жыл өткен сайын еріктілерге қол­дау­дың артуының арқасында бүгінде  елі­мізде белсенді жұмыс істеп жатқан во­лонтерлік ұйымдардың саны 222-ге жет­ті. Жасаған жақсылықтарын жа­рия­ға жар салмай, тасада жүріп ізгі істер атқаратын топтар қаншама. Әрине, ерік­тілер бас қосатын ұйымдардың қыз­меті ақысыз, көмегі риясыз болса да, оларға қосымша қаражат керек екені анық. Өйткені көмектің сапалы әрі тұрақты болуы көп жағдайда ақшаға келіп тіреледі. Оның үстіне, еткен ең­бектің еленгені еріктілерге жігер сый­лап, өзгелерді де қайырымды істерге ынталандырары анық. Мұны ескерген мемлекет алғашқы қадам ретінде студенттерді тұрақты түрде ерікті болуға талпындыру үшін қосымша ақы төлеуді қолға алды. Өткен жылдың күзінде Бі­лім және ғылым министрлігі мен Ақ­парат және қоғамдық даму министрлігі  «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру мақсатында ынтымақ­тас­тық туралы меморандумға қол қой­ды. Балалар үйінен бастап, әлеуметтік ме­кемелерде және әртүрлі шаралар ба­ры­сында волонтер болған студенттер аталған жоба аясында сыйақы алатын болады. БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, аталған жоба – студент-еріктілердің оқу ақысын төлеуіне таптырмас мүм­кін­дік. Жекеменшік, мемлекеттік универси­тетте білім алып жатқан әрбір студент бұл жобаға қатысуға құқығы бар. «Ерік­тілердің таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсы­ны­лады. Ерікті екі кредитті ваучерге 20 мың теңге алып, тиісті бағдарламаны орын­­дайды. 5 кредитті бағдарлама бойынша екі кредитке қарағанда кө­бірек жұмыс істеуге тура келеді», – дейді Ә.Тойбаев. Еріктілерді қаржылай қолдаудың тағы бір тетігі – халықаралық және республикалық гранттар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар. Мә­се­лен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы түрлі үкімет­тік емес ұйымдар өткен жылы 3,4 млрд тең­ге көлемінде 130-ға жуық грант­қа бай­қау жариялады. Сондай-ақ халық­ара­лық ұйымдар, елшіліктер де волонтерлік ұйымдарға грант бөліп отырады. Мәселен, Еуроодақтың Қазақ­стандағы өкілдігі жыл сайын 300 мың евролық грант ұсынады. Ал АҚШ елшілігі Шағын гранттар бағдарла­ма­сы­ның қаржысын биыл 50 мың долларға дейін ұлғайтты. Аз ақша емес. Сол грант­тарды жеңіп алған ұйымдардың бар­лығы жұмысын адал, сапалы орындамайтыны қын­жыл­тады. Бармақ басты, көз қыстылыққа ба­са­тын, ісі мен есебі қиыспайтын кей­бір ұйымдардың кесірінен біздің қо­ғам­да еріктілік лайықты бағалан­бай­тыны өкінішті.

Еріктілік – жастардың ермегі ме?

 Елімізде волонтерлар туралы сөз қозғалса, бірден жалау желбіреткен жастар ойға түседі.  Мәдени, спорттық шараларда бірдей жейде киіп, қонақтарды күтіп алатын немесе ұрандатып жанкүйерлік көрсететін қыз-жігіттер келеді көз алдымызға. Яғни, біздің түсінігімізде еріктілік тар шеңбермен шектелген. Шын мәнісінде, волонтерліктің көкжиегі әлдеқайда кең, мақсат-міндеті ауқымды. Батыс елдерінде жастардың мектеп жасынан ерікті болуға ұмтылатыны бекер емес. Бұл қоғам дамуына өз үлесіңді қосу ғана емес, жасаған жақсылығың арқылы өз болашағыңды дұрыс жолға бағыттау. Айталық, Еуропа елдерінің көпшілігінде жоғары оқу орнына түсерде, қызметке орналасқанда волонтер жастарға басымдық беріледі. Яғни, қоғамдық жүйе өзгеге көмек беруге жағдай жасаған. Сондықтан кәрі құрлықта еріктілер қозғалысына қосылатын жандардың саны жоғары. Мысалы, Германияда елдің 34 пайызы, яғни әрбір үшінші неміс волонтерлік жобаларға қатысады. Айына 15 сағатын ізгі іске арнайды. Ұлыбританияда 10 адамның 4-еуі ерікті атанады екен, яғни елдің 20 млн-ға жуық халқы волонтерлікпен айналысады. Бұл елдерде еріктілік әлдеқашан көпті біріктірген қоғамдық идеяға айналған. Ақысыз көмекті өмір салтына айналдырған еуропалық еріктілер мейірімділік пен қайырымдылық жас талғамайды деп есептейді. Ал біздің елде волонтерлер қатарынан егде кісілерді кезіктіру қиын. Бұл іспен көбіне студенттер, оқушылар, жас мамандар айналысады. Сондықтан үлкен кісілер волонтерлікті жастардың ісі деп қа­былдайды. Еріктілікті еңбек емес, ерік­кеннің ермегі деп түсінетіндер де бар. Шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай жік­тел­мейді. Қоғамға өзгеріс алып келемін деген кез келген адам бос уақытын волон-терлікке арнай алады. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайызды, 25-44 жастағылар 26,7 пайызды құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жас­тан жоғары еріктілер саны 51 пайыз­ға дейін жеткен. Бұл елде әдетте жастар оқуға түсіп, жұмысқа орналасқаннан кейін ата-анасының үйінен кетіп, өз еркімен өмір сүре бастайды. Жалғыз қалған ата-аналары бос уақытын саяхаттауға, ерік­ті болуға арнайды. Ал қазақтың ата-әжелері зейнетке шықса, немере бағудан бо­са­майды, қоғамдық жұмысқа ара­ласуға уақыт табу қиын деген уәж айтылады. Әзірге еліміздегі барлық жастағы азаматтарды жұмылдыратын шаралар экологиялық акциялар және сенбіліктермен шектеліп отырғаны жасырын емес. Еуропаның қалаларын араласаңыз да, түрлі мекемелерде ерікті болып тұрған ересек азаматтарды байқау қиын емес. Айталық, қаржыгер сенбі сайын шіркеуге келетін туристерге жол көрсетуші болып жұмыс істеуі мүмкін. Панасыз қалғандарға тегін тамақ таратумен айна-лысатындар да жетерлік. Африка елдеріне аттанып, балаларды ақысыз оқытуға, емдеуге даяр кісілер де бар. Ал Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) Румыниядағы зубрларды сақ­тау бағдарламасына қатысуға шақы­рады. Алайда еріктілерге қойылатын талап та жоғары: ағылшын тілін еркін меңгеріп, бағдарламалаудың шебері болуыңыз шарт. Яғни, қалаған жан ерік­ті бола алмайды. Себебі өзгеге көмек беру үшін белгілі қабілеттерге ие болуыңыз қажет.

 Волонтуризм – жаңа тренд

Бүгінде әлем елдерінің арасында ше­караның жойылуы волон­тер­ліктің жаңа деңгейге шығуына алып келді. «Көршіңе көмектесу» ұғымы геог­рафиялық жағынан түрленгені сон­ша­лық, еріктілер әлемнің әр түкпірінде кө­мекке мұқтаж жандарға қолұшын созу­ға тырысып жүр. Бұл халықаралық во­лонтерлікті дамытып қана қоймай, туризммен сабақтасып, «волонтуризм» ұғымын енгізді. Жаңа тренд бойынша дамыған елдер тұрғындары қысқа уақыт ішінде он күндік сафариге саяхатты жергілікті жетімдер үйіне көмектесумен немесе 20 күнде жағалаудағы тас­ба­қа­ларды құтқару миссиясын тауға шығу­мен ұштастыра алады. Зерттеушілер мұн­дай «қайырымды саяхат» түрінің жер­гілікті тұрғындар өміріне пайдасынан гөрі зияны көбірек екенін айтады. Алайда сұраныс ұсыныс тудыратыны секілді осындай саяхатқа аттанғысы ке­летін және сол үшін қомақты қаражат төлеуге дайын адамдар барда волонтуризм дами бермек. Кейбір саяхатшылар жоғары­да­ғыдай аз уақытқа шетелге қыды­рып, еріктілікті қатар атқарғысы келсе, енді бірі дамушы елдерге ұзақ мерзімге баруға дайын. Мәселен, 2018 жылы Қа­зақстанға Nur Otan партиясының ұйым­дас­тыруы­мен English for Jastar жобасы бойынша бір топ шетелдік ерікті келді. Олар екі ай бойы Қазақстанның шалғай ауылдарында мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйретті. Сол сапар кезінде елімізді ұнатқан америкалық ерікті екі ай емес, бір жылға қалып қойғанын ақпарат құ­ралдары жазған еді.  Жалпы, амери­ка­лықтардың 40 пайызы бірнеше апталық саяхатта ерікті болуға дайын екен, ал 13 пайызы ерікті ретінде бір жылға жуық уа­қытын өткізуден бас тартпайтынын айт­қан. Ал біздің елде әзірге волонтер болуға дайын азаматтар қатары көп емес. «Жастар» ғылыми-зерттеу ор­та­­лығының 2018 жылғы зерттеулеріне сәйкес, жас азаматтардың 82,6  пайызы еріктілікпен айналыспағандығы анықталған. Әр бе­сінші жас волонтерлік туралы е­ш­қашан естімеген екен. Осы жылға ресми түрде «Еріктілер жылы» деген айдар тағылуы осы статистиканың өзгеруіне ықпал ете ала ма? Жыл бойы ұйымдастырылатын ша­ралар ел тұр­ғындарын қайырымды істерге ынталан­дыра ма? Әлде есеп-қисап үшін өт­кі­зілген бір реттік іс-шаралардың нә­тижесі тек қағаз жүзінде  қалып қоя ма? Жасаған жақсылығы жай­лы жар салуға құмар кей жастар әр қа­дамын суретпен сипаттап, ізгі істі әлеу­меттік желідегі желікке айналдырып жібермей ме?  Көкейде сұрақ көп... Үміт те бар. Мемлекет бас­шы­сы­ның еріктілердің қызметін ең­бек өтіліне қосу туралы ұсынысы қабыл­данса, во­лон­терлікті бір реттік акция емес, көпті біріктірген тұрақты тірлік ретінде қа­былдайтындар қатары артатыны анық. Жеке бастың мүддесінен бөлек, қоғам игілігіне қызмет етуге дайын азаматтар кө­бейсе, еріктілік қа­зақстандықтардың өмір салтына айналса, оның пайдасын өзге емес, өзіміз көрер едік. Өйткені қайырымдылық пен мейірім мол жерде зұлымдыққа орын босамайды. Уақытын елеулі еңбекке арнағандар бос ермекке арбалмайды.   Гүлмира ӘБДІРАШЕВА, «Мейірімділер клубы» волонтерлік қозғалысының негізін қалаушы:

Қарттарға қамқорлық көрсеткенімізді сынаушылар бар

– 2015 жылы басталған «Мейірімділер клубы» қозғалысы бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе қалаларында жұмыс істейді. Тобымыздағы жақсылыққа жаны құмар адамдар өте өзекті мәселелерге қоғам назарын аудара алды, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға көмектесіп келеді.  Клубта барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Мәселе туындаса, шешу керек. Әрине, өз мүмкіндіктерімізге қарай. Көмектесіп болған соң, келесі мұқтаж жандарға асығамыз. Өз еңбегіміз үшін «Оскар» күтпейміз, адамдардың «Рақмет!» деген сөзінің өзі үлкен қуат береді. Кез келген мұқтаж жанның аянышты тағдыры болады. Оларға көмектесіп жүріп, өзі күйзеліске түспеу үшін еріктінің ерік-жігері, рухы мықты болуы керек.  Волонтерлер де – ет пен сүйектен жаралған адамдар. Олар робот емес. Өзгенің ауыр тағдырын жүрекке жақын қабылдайды. Кейде еріктілер өздері көмек берген адамдардан түңіліп келеді. Әйтсе де, оларды қиындықта қалдырмайды. Әлемде қатігездік пен келеңсіздіктер көп, ал еріктілер сол әлемді жөндейтін, жақсартуға тырысатын жұмысшылар тәрізді. Мен оларды самурайларға, жарық әлем жауынгерлеріне теңеймін. Күн сайын түрлі наразылықтармен бетпе-бет келеміз. «Қарттарға не үшін көмектесесіңдер, олардың күні санаулы. Одан да балаларға көмектесіңдер» дейді немесе жануарларға көмектескенімізді сынға алады. Біз өз жолымызбен жүріп келеміз. Барлығына бірдей ұнай бермейміз және бүкіл адамзатты бақытты ете алмаймыз. Бірақ командамыздағы әрбір адам өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланады: кедейлердің шашын алып береді, мысықтарға тамақ береді, жалғызбасты қарттардың үйін тазалап береді, аз қамтылған үйдің балаларын киноға апарады. Бұл үшін ешкімнен қолпаштау күтпейміз. Тек өз ісіміздің дұрыс екенін білеміз. Ең бастысы – жақсылық дәнін себу.   Айжан МАМЕШ, «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының мүшесі:

Балаларды қуанту  керек деген мақсат қойдым

– Ерікті болу дегеніміз – қоғамға қажет екеніңді сезініп, адамдарға пайдаңды тигізу. Сол арқылы білімің мен икеміңді үнемі жетілдіріп отыру. Еріктілер деп кез келген істі өз еркімен, ешкімнің мəжбүрлеуінсіз, шын көңілмен атқаратын адамдарды айтады. «Еріктілер лигасының» мүшелері дәл сондай жандар. Қоғамдық қор 2014 жылы құрылған. Құрамында ресми түрде он мыңға жуық ерікті тіркелген. Оның 80 пайызы – жастар. Лига бес бағыт бойынша қызмет атқарады. Атап айтқанда, əлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша жұмыс істейді. Лигада жас ерекшелігіне қарай шектеу қойылмайды. Мектеп оқушысынан бастап үлкен азаматтарға дейін тіркелген. Сонымен қатар бұл ұйым қаладағы 14 жоғары оқу орнымен қарым-қатынас орнатқан. Ең алғаш ерікті болып келгенімде Арбатта балаларға тәтті-пәтті тараттым. Бұл да бір қызық оқиға болды. Сол кезде өзіме «Болашақта балаларды қуанту керек» деген мақсат қойдым. Жақында мақсатымның алғашқы қадамын да істедім. «Стань старшим другом» деген өз жобамды бастадым. Бұл жобаның басты міндеті – балалар үйіндегі балаларды бақытты ету. Шілде айында №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді музейге апардым. Бойымда қорқыныш болғаны рас. Себебі бұл жобаны қолға алмас бұрын қаншама мекеменің есігін қағуға тура келді. Мектеп оқушысы болғандықтан маған сенім білдіргендер аз болды. Артқа шегініп, бастаған ісімді аяқтағым келмей, жылаған кездер де басымнан өтті. Бірақ табандылық пен еңбектің арқасында жобам іске асып жатыр. Күні бойы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен уақытымды өткізу арқылы шаршағанымды ұмытып кеттім. Балалардың қуанышты жүздерін көргенде, мақсатым айқын болғанын түсіндім. Бұл тек бастамасы, алда талай игі істердің басы-қасынан табылғым келеді.

Серіктес жаңалықтары