Петропавлдағы Қопай шағынауданында тобықтан келетін балшық, тізеден асатын лай тұрғындарды әбігерге салған. Әбден әлекке түскен халық жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна хабарлауынша, бұл жолдармен жеңіл көліктердің жүрмегеніне талай уақыт өтіпті. Тек жүк көліктері қатынайды, бірақ соның өзінде батпаққа батып, әбден әлекке түседі, дейді тұрғыындар. Қопай шағынауданында жиырмадан аса шаңырақ қоныс тепкен. Оның көбі – жалғыз қалған қарт кісілер. Көпшілік "егде жастағы адамдар көмекке мұқтаж бола тұра, бұл мәселені назарға алып отырған ешкім жоқ" дейді.
"Мен бұл жерде 10 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде жол бірде-бір рет жөнделген жоқ. Көршілерімнің айтуынша, 2003 жылы жөндеу жүргізілген. Яғни, 20 жылдан асып кетті", - деді қала тұрғыны Азамат Рыспеков.
Мұндағы үйлердің жертөлесін айлар бойы су басып жатады. Салдарынан баспаналарды ылғал тартып, соның кесірінен сырқаттанып қалатын адамдар да бар. Тұрғындар шағымдарын тізіп, әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ олар нақты шешімнің орнына, құрғақ уәде арқалап қайтады.
"Бүгін-ертең" деп соза береді. Бірнеше рет хабарластым, әкімдікке де бардым, "күтіңіз, хабарласамыз" дейді. Өткен жылы ұлыммен бірге желтоқсанға дейін суды өзіміз сорып шығардық. Мен демікпемен ауырамын. Тыныс алу мүмкін емес, ұйқымыз да жайсыз", – деді қала тұрғыны Зинаида Караманешта.
Тұрғындар бұл маңға өрт сөндірушілер де кіре алмайтынын айтады.
"Өрт сөндірушілер де кіре алмайды, айналаның бәрі шұңқыр. Бұл жерге жедел жәрдем көлігі де, такси де келмейді. Жарықтан басқа түк жоқ. Су құбырлары қатып қалады. Биыл қыста сусыз отырдық", - деді қала тұрғыны Надежда Турчак.
Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жақын арада белгіленген жолдарға алдымен қиыршық тас төселіп, тегістеледі.
"Аумақта жолды абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Биыл ауа райы қолайлы болған кезде жөндеу жүргізілмек. Жолға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жасалады. Сонымен қатар 31 көшеге орташа жөндеу жүргізу жобасы әзірленді. Оның ішінде 30 көшеде топырақ жолдар асфальт жолға ауыстырылады. Жалпы ұзындығы шамамен 22 шақырым", - деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
Қалалық әкімдік өкілдері алдағы үш жылда 144 шақырымға жуық тас жол төсеу жоспарда барын айтып, бұқараны тыныштандырғандай болды. Ал тұрғындардың сол күнді күтуден басқа амалы болмай отыр.