Төтенше жағдайлар министрлігі қар көшкіні жүру қаупі туралы ескертті.
Қар көшкіні жағдайын бақылау мақсатында "Қазселденқорғау" ММ мамандары көшкін қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды жүйелі түрде тексеріп жатыр.
Бүгінгі күні республика бойынша 378 жерүсті тексеру жүргізілді. Қар көшкіні жүруі мүмкін аудандарда 110 ескерту белгісі орнатылды.
"Қолайсыз ауа райы жағдайына және кейбір учаскелерде қар жамылғысының жиналуына байланысты көшкін қаупі жоғары жекелеген учаскелерде қар көшкіндерінің өздігінен түсу қаупі сақталып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Түркістан және Жамбыл облыстарының биік таулы аудандарында, сондай-ақ Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының таулы аудандарында қар көшкіні қаупі сақталуда, қар көшкіндерінің өздігінен түсу ықтималдығы жоғары.
Көшкіндердің жүруіне түрткі болу қаупіне байланысты қар басқан беткейлерге шықпаған жөн, дейді министрлікте.
ТЖМ қар көшкіні қаупі туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға барудан бас тартуды ұсынады.