–Тұла-бойы тұнған мейірім болатын. Маған деген махаббаты үлкен қамқорлыққа ұласып, одан әрі өзінің әулетіне жалғасты. Ұлдарын керемет жақсы көрді. Сол кезеңнің әдеті ғой, балалар орыс мектебінен білім алды, сөйтсе де, жаз бойы ауылда қора тазалап, қи шығарып, тілін сындырып келетін. Тіпті үлкен ұлды, Мұхтарды он екі жастан кейін ауылға жіберіп оқытты. Кемпір-шалдың баласы. Қала балалары ауылдың балаларына қарағанда мәдениетті деп жатады. Оның бәрі бос сөз, жаңсақ пікір. Мәдениеттің түп тамыры – ауылда. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді үйренді, тәлім-тәрбиенің қою қаймағын атасы мен әжесінен, қала берді ауылдастарынан сіңіріп келді. Бертінге дейін әкесі екеумізге сіз дейтін, папа-маманы да кейін айта бастады. Мектепті өте жақсы бітірді, жоғары оқу бітірді, математик. Оның үстіне ата-енем де бір Құдайға қараған иманды, жақсы адамдар еді. Өсіп-өнген, жеті бала тәрбиелеп отырған айрандай ұйыған отбасына тап болдым. Енем ірі денелі, бойы биік, зор адам еді. Көп сөйлемейтін. Атамыздың үшінші әйелі екен. Баламын, еркелігім тағы бар, бірде шай ішіп отырып: «Ата, неге әйел ала бергенсіз»,– деп сұраппын. Ол кісі де қабағы ашық, арасында әзіл тастап қоятын көңілді кісі: «Е, балам-ай, бір перзентке зар болып, үсті-үстіне ала бергенмін ғой» деген-ді, ыңғайсызданып қалсам керек. Іле-шала өзі қалжыңға бұрып әкетті. Қырық жасында Есболғанның жиырма бестегі анасын алып, содан бала сүйіпті. Тұңғыштары қыз, содан кейін Есболған –ұлдың үлкені екен. Өте ерке, үй тірлігіне жоқ, өнерге жақын болып өсіпті. Бала тәрбиесіне уақыт тауып, үнемі қадағалап, әңгімеге тартып, керек-жарақтарын түгендеп отыратын. Әке болып қаһарын шашып, жоқтан-өзгеге ашу шақырып көрген жан емес. Әзілдесіп, өзімен тең ұстап тәрбиеледі. Нарланды ерекше жақсы көрді, он жылдан кейін көрген, оның үстіне атын да өзі қойды. Үйге жеткенше, Нарланға жеткенше асығамын деп отыратын. Ақшаны қалай табады, солай шашып жібереді. Қолы ашық, жомарт. Оның үстіне ауылдағы шиеттей бауырлары мен қарындастарына көмектеседі. Бауырмал. Солардың жоғын түгендеп, шапқылайды да жүреді. Өзі тауып жатқан соң мен де қарсы бола қоймадым.
– Ақшаға бола жүз шайысып көрген жоқсыздар ма?
– Ақша дегеннен шығады, бірде мынандай қызық жағдай болды. Өзім өз болып, әйел секілді тапқан айлығын өзім жұмсап көрейінші деген ой келді. «Басқа көлденең табыстарыңда шаруам жоқ, айлығыңды бұдан былай маған бересің»,– дедім. Ол кезде қолымызда Майра деген сіңілім бірге тұратын. Таңғы шайда ондай әңгіме болғаны өзімнің де ойымнан шығып кетіпті де, жұмыстан шаршаңқырап үйге келсем, есіктің алдынан төрге дейін үш сомдықтарды тізіп жол салып қойыпты. Сөйтсем, менің келе жатқанымды терезеден көріп, Майраға: «Таңертең әпкең ақша бермейсің, бәрін елге таратып жүресің, бұдан былай мен ұстаймын» деп ашуланып кеткен, біз аяғының астына шашып қояйық, күлсін, – депті. Сол күні ғана киностудиядан алған 300 сомын тізіп қойыпты, ол ылғи үш сомдықтар екен, бірнешеуін аяғыммен басып кеттім. «Ой, мынау ақша ғой», – деп көзім жанып шыға келмеймін бе?! Ал кеп күлейік!.. Өзі әдемілеп картоп қуырып қойыпты, жақсы көруші еді. Несін жасырамыз, ол заманда барған ауыл-аудандарда актерлерді сыйлап, тіпті кейде конверт салып жіберетін жағдайлар да кездесетін. Ондайда жол бойы-ақ шашып-төгіп, достарына таратып жібереді екен. «Әй, Салихаға, балаларға апарсаңшы» дегендерге: «Ой, Салиха мөшек-мөшек ақшаның үстінде отыр ғой, жетеді ақша» дейтін көрінеді. Әріптес ағаларымен де қалжыңдасып, еркелей беретін. «Бүгін біреу бір сиырдың еті мен екі қой әкеп тастапты үйге, Салиханың есі шығып жатыр», – деп Мүлік ағаны алдап қойыпты бір күні. Дастарқан басындағы әрбір көңілді әңгіме, шүйіркелесіп отырып ішкен асымыз, Есболғанның орынды қалжыңдары, кейде тіпті өзінің ойлы көзқарастарымен бөлісіп отыратын әрбір кеш бағасыз сыйлықпен тең еді...
Ақкөңілдігі сол, кейде үйде өзіміз жататын жер таппай қаламыз, елден келгендердің бәрінің тоқтайтын жері – Есболғанның үйі. Сондай сәттерде, әрине, ақша жетпей қалады, кейде қабағыма кірбің түсіп кететіні өтірік емес. Иығыма жөндеп бір жібі түзу көйлек те кимеппін. Есболғанның махаббатына, өзіме деген сүйіспеншілігіне, құрметіне мастанып, қанағат тұтып жүре беріппін. Тіпті, көзі тірісінде дұрыстау үй де алмаппыз ғой. Екі бөлмелі үйдеміз әлі де, қара шаңырақ болды қазір, елу жылдан бері сол үйдің түтінін түтетіп отырған жайым бар. Балалар өсті, өз қолдары өз ауыздарына жетеді, жұмыстары бар, үйлерін де өз еңбектерімен алды. Әкесінің атағын, абыройын түсірмей, ешкімнің алдына ештеңе сұрап бармай-ақ, Құдайға шүкір, тұрмыстары жаман емес.
– Екеуіңіз қатар ойнаған спектакльдеріңіз жайлы айта кеткен жөн болар еді?
– «Майрада» ол – Бақтияр, мен Айбаршаны ойнадық. «Түнгі сарында» да ол – Нұрхан, мен – Мөржанды сомдадық. «Жәмилада» – Сейіт, ал мен кішкентай пошташы қызды бейнеледім. Одан да басқа бірнеше спектакльдерде қатар сахналас болдық. Өте тапқыр болатын, суырып салма айтқыштығы да бар. Ойламаған жерден тауып кететін. Негізінен ол көбіне комедиялық кейіпкерлерді сомдады. «Еңлік-Кебектегі» Жапалы бір кездері көрермендерді дүр сілкіндірген аты шулы образының бірі болды. Есболған үшін театрға қайта-қайта келгендер де бар. «Аңсаған менің әнімсіңде» – Сейіт, ал Фарида– Жәмиланы сомдады. Сүйген жігітіне қыздың қолынан жетектеп апарып қосып жібереді. Есболғанның өз тағдыры сияқты. Үлкен әпкесі Хадишаны жігітіне жеті түнде қашырып жіберіп, шешесі мұны қараңғы бөлмеге екі-үш күн қамап қойыпты. Спектакльдегі кейіпкер тура өзін қайталайды ғой. «Өзім ғой, өзім» деп мәз болып отыратын.
Есболғанның Сейіті мен Жапалы әлі көз алдымда. Бір немерем тура Есболғанның құйып қойған өзі, мойны қып-қысқа, доп- домалақ. Келінім «атамның баласы ғой» деп мәз.
Бірақ «Ана – Жер-Анада» Әлиманы ойнағаным Есболғанның көңілінен шықпады. Рөлді алып шыққаным емес, оған ұнамағаны мүлдем басқа жайт. Қаралы жесір, көзім тірісінде қара жамылмай-ақ қойшы, ойнама», – деді бір күні. Ал ол бейне, негізінен менің табиғатыма, тағдырыма дөп келіп тұр еді, анам марқұмның тағдыры дәл солай болған-ды. Күйеуі соғысқа аттанғанда ішінде перзенті қалған. Жан-тәніммен-ақ кірісіп едім, бірақ Есболымның жанына жара салып алыппын. Онша қаламады. Іші сезіп жүрді ме, кім білсін?!.
– Қызғанған сәттері болды ма?
– Жастау кезім. Бір жақтан келе жатып, үйге телефон шалдым. Есболғанның өзі көтерді. – Ағай, – дедім аузымды орамалмен басып тұрып. –Қалайсыз? Сіз ойнаған спектакльдердің бәрін көріп, кейіпкерлеріңізге ғашық болып қалдым. Сіздің әйеліңіз, балаңыз бар екенін де жақсы білемін. Бірақ сізбен кездескім келеді, – деп жатырмын тоқтамай.
– Бұл кім өзі, – деді.
– Сіз мені танымайсыз, өзіңізді жақсы көретін бір қызбын, – дедім. Күлкі қысып-ақ тұр, бірақ сездірмеуге тырысып жатырмын.
– Айналайын, қыз бала бөтен еркекке бұлай звондамас болар, ұят болады мұның, – деп трубканы
тастай салды. Үйге кірсем шырттай киініп, бір жерге жиналып жатыр екен. Тіс жармадым. Бірақ оның отбасына, өзіме адалдығына, әлгі «қызға» айтқанына іштей ризамын. Жаспыз, жиын-тойларға жиі барамыз. Ол әзілге болмаса, биге жоқ-тын. Үнемі ойға батып жүруші еді. Ел у-шу болып билеп, ақ тер, көк тер болып жатқанда езуіне темекісін қыстырып, сырттай қарап тұратын. Мен биге әуеспін. Жақсы әуен болса билегім келіп тұрады. Мұндайда үйге келген соң: «Иә, жастармен билеп, жақсы болып қалдыңыз ба?», – деп миығынан күліп, қызғанғанын білдіріп қоятын. Әріптес-жолдастарынан да қызғанып тұрушы еді. «Менің махаббатымда» Жақып екеуміз басты рөлдерді ойнадық. Театрға барса «сенің махаббатыңды» көрдім деп келуші еді. Бірақ «Салихашым, Салихашым» деп өтті өмірден. Өміріме, тағдырыма ризамын. Тек Есхошымды ойласам, өзегімді өртеген сағыныш маза бермейді. Мәңгілік сағыныш! Үш ұлдан немере сүйдім, шөбере көрдім. Осылардың қызығын көре алмады-ау деп қапаланамын. Ұлдарым да, келіндерім де жақсы, қабағыма қарап тұрады. Бірақ... Есболғанның махаббатындай қайдан болсын?! Немерелері де үнемі есіме салып отырады, «мынау атаның орны, егер атам тірі болғанда мына жерге отырар еді» ,–деп жоқтайды. Ондайда көз жасыма ерік беремін... Сондай сәттерде Шыңғысым: «Үшеуміздің біреуіміз қыз болғанда ғой, сырласар едің, ішіңдегіні шығарар едің», – деп жаны ашиды. Есболғанның бауырлары, қарындастарымен де жиі бас қосамыз. Әсіресе, туған күнінде, қайтқан күнінде қара шаңырағының ақ дастарқаны үнемі жаюлы... Бүгін де келеді ғой, Есхошымның туған күні, – деп Салиха апай қабырға сағатына қарап қойды.
Осынау қазақтың зиялы-өрелі ұлдарының бірі Әшірбек Сығай « Салиха мен Есболған жаңбырдың қос тамшысындай» деп әділ бағасын берген қос актер жайлы әлі талай әңгіме айтылар да, жазылар. Ал біз жарасымды әңгіме әсерінен арыла алмай, қазақтың дарынды актері Есболған ағаның ғашықтық хаттарына тағы да көз жібердік...
«...Тұңғыш рет дүниедегі Салиха атты қыздың қымбат тартқаны 22 февральдан басталады. Сол күнді қазіргі менің ойыммен ортақтаса отырып есіңе түсірші. Ұлбатай, Света, Сен үшеуің келдіңдер. Вечер бітіңкіреп қалғанда менімен биледің. Сол би үстінде сенің көзіңнен махаббат ұшқынын сезген едім. Талмай ұзақ қараудан би біткенше жалықпадық. Дархан тәуелсіз жан едім ол кезде...»
«...Басың бос, дара, жалғыз едің. Бірте-бірте сенің махаббатыңа жетем деушілер менімен жарыса түсті. Мен ол кезде дүние жүзінің еркек атаулысы бақталас болса, саған жететіндігіме шүбә келтірген емеспін. Саған қырындаған жандарға қызғанып емес, қызыға қарадым...»
«... Салиха! Өмірдің жасырын сырларын оның жадағай, жалаң емес, ой-қырларының мол екендігін, оның тәтті-ащысын жаңа айыра бастаған мен де өзіңдей бір жанмын. Артық айтылғандарын кешіре отырып, өз ойыңның елегінен өткізерсің. Бұл жазылғандардың маған қатысы қанша деген ойдан аулақ болуыңды қатты өтінер едім...» деп басталатын жиырма жастағы бозбаланың философияға толы қалың қоңыр дәптері бізге талай сырды ақтаратындай парақтай бердік, парақтай бердік... Құдай-ау, осындай да ғашықтық, осындай да риясыз сүйіспеншілік болады екен-ау дейсің, мойындай отырып. Ғашықтық атты ұлы сезімге басын байлаған қазақтың қайталанбас тұлғалы актері – Есболған Жайсаңбаевтың Салиха қызға махаббаты осы бір қалың дәптердің арнасынан шығып кетіп, біздің жан-дүниемізді жаулап алғандай...
Алматы аппақ көрпеге оранған күнгі аппақ, таза да шынайы сезімге толы сыр-сұхбатпен сіздер де таныса отырыңыз, оқырман!
Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ