Қазақстандық экспорт үшін 5 басым ел анықталды

Сауда және интеграция министрлігі еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын 5 негізгі мемлекетті атады. Олар: Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Түркия, Иран және Германия. 

Сыртқа шығаратын тауарлар тізбесі тамақ өнімі бойынша 167 позицияны және өнеркәсіп өнімі бойынша 67 позицияны қамтиды, деп хабарлайды «Алматы» арнасы.

Ол туралы аталған ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Отандық өнімді шетелдіктерге ұсыну үшін мемлекеттердің техникалық реттеу, стандарттау және сәйкестікті бағалау жүйелеріне шолу жүргізілген. Сондай-ақ осы нарықтарға шығу үшін өнімнің барлық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету алгоритмдері дайындалыпты.

«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да, Қазақстан халқына Жолдауында да сауданы кеңейтуге үлкен екпін жасалды. Шетелдік серіктестермен кездескен кезде ол қазақстандық экспорттық жеткізілімді ұлғайту перспективасын талқылады. Еуропа, Швейцария мен АҚШ елдеріне Қазақстан 2 млрд доллардан астам жалпы сомасына 263 тауар позициясын ұсынуға әзір. Жалпы алғанда, біз қазір өзіміздің экспорттық жеткізілімді 3 млрд доллардан артық жалпы сомасына ұлғайтуға әзірміз», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Бұдан бөлек, Бақыт Сұлтанов Қытайға 150 млн. АҚШ долларынан астам сомаға өнім жеткізуге арналған келісімшарттар жасалғанын айтты. Дегенмен  Қытай нарығына шығу оңайға соқпайды. Себебі олардың өнім сапасына қоятын талабы жоғары.

«Қытай нарығына тауарларды енгізу үшін өте жоғары стандарттарға сәйкес болуы керек. Кейде олардың стандарттары мына Еуропалық Одақтың стандарттарынан да жоғары. Сондықтан бұл өте ауқымды, құжатты көп пысықтайтын жұмыс. Қазіргі күні тек қана ауыл шаруашылық тауарлары, май, ұн, ет сондай тауарлармен кіруді көздеп отырмыз. Бірақ келешекте 60 тауар, бұл деген жоғары деңгейде өндірілген тауарлар бар оның арасында. Сол техникалық регламенттермен жұмыс істеп отырмыз», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Back to top button