Үмітті ақтаған экономикалық аймақтар

Үмітті ақтаған экономикалық аймақтар

Үмітті ақтаған экономикалық аймақтар
ашық дереккөзі
244
Апта басында Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» АҚ 2020 жылға дейін барлық қолданыстағы Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жасаудың аяқталатындығын мәлімдеді. Өткен жылы Арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 88 миллиард теңгеден асатын 17 ірі жоба жүзеге асырылған болатын. Енді бұл жобалар толық күшіне енгеннен кейін 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Жалпы айтқанда, 2015 жылдың Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтар үшін табысты болды. Бүгінге дейін Арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 2,3 триллион теңгеден асатын 166 жоба жүзеге асырылса, оның ішіндегі 34 ірі жоба шетелдік инвесторлармен бірлесіп жасалған. Ал бұл экономикалық аймақтарда 9,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Былтыр іске қосылған жобалар қатарында «Қорғас-шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағындағы Құрғақ порт, Павлодардағы мұнай коксын қыздырту зауыты, Атыраудағы полимерлік өнімдерді шығарудың екінші жобасы, Алматыдағы электронды бөлшектерді өндіру жобасы бар. «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында 22,7 миллиард  теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылды.  Сонымен қатар, индустриялық парк аумағында бүгінде 181 миллиард теңге инвестиция сомасындағы 62 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Қазіргі уақытта «Астана – жаңа қала» индустриялық парк аумағы 95 пайызға толтырылған.  2015 жылы мұнда 150 миллиард теңгеге жуық инвестиция игерілді. Осы жылдары өнім экспорты 15,5 миллиард теңгені құрады. Жалпы 2735 жұмыс орындары құрылды. Еліміздің экономикасына трнсұлттық компанияларды тарту үшін Арнайы экономикалық аймақтардың маңызы зор.  «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Айдаров: «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлты жоспарында Мемлекет басшысы инвестициялар тарту мақсатына, сондай-ақ, Қазақстан экономикасына кем дегенде 10 трансұлттық компанияны тартуға айрықша мән беріп отыр. Бұл бағытта тікелей шетел инвестицияларын тарту бойынша алаң ретінде Арнайы экономикалық аймақтар маңызды рөл атқарады. Мұнда дайын алаңдар қажетті инфрақұрылыммен, тиісті салықтық және кедендік жеңілдіктер қамтылуда», – дейді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтарда 103 жоба іске асырылу үстінде. Экономикалық аймақтарды ішкі және халықаралық нарықтарда алға жылжыту аясында 2015 жылы 15 маркетингтік шаралар өткізілген екен. Сонымен қатар, тұрақты түрде Арнайы экономикалық аймақтардағы басқарма органдарының қызметін жақсарту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр «ИТП», «Сарыарқа», «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік» экономикалық аймағындағы басқарма органдарында халықаралық стандарттар бойынша басқарудың бірыңғай жаңа моделін енгізу басталды. Ал 2016 жылы барлық 10 Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында 500 миллиард теңге тұратын 53 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Келесі жылдың соңына дейін тағы 4 арнайы экономикалық аймақ жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың қатарында «Қорғас-Шығыс қақпасы», «Инновациялық технологиялар паркі», «Астана» және «Химпарк Тараз» жобалары бар. сонымен қатар, 2018-2019 жылдары «Павлодар» және «Ұлттық индустриалды мұнай-химиясы технопаркінің» құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін еліміздегі 10 экономикалық аймақтың барлығы жүйелі түрде жұмыс істейді. Бұл экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жасау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 250 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Әсел МАҚСАТ

Серіктес жаңалықтары