338
Моңғолияда Қазақстанның Тәуелсіздік күні атап өтілді
Моңғолияда Қазақстанның Тәуелсіздік күні атап өтілді
Ұлан-Батырда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті.
Салтанатты іс-шараға Моңғолия Үкіметінің мүшелері, Парламент депутаттары, Ұлан-Батырда аккредиттелген шетел дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, көрнекті қоғамдық қайраткерлер, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ қазақ диаспорасының және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
«Шараны ашқан елші Жалғас Әділбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері мен оның бай мұрасы жөнінде баяндады. Елші сондай-ақ, Қазақстан өзінің көпжақты және бейбіт сыртқы саясатымен, саяси тұрақтылығымен, халықтар достығымен және қарқынды дамып жатқан экономикасымен әлемге әйгілі екенін атап өтті» делінген елшілік хабарламасында.
Жалғас Әділбаев екіжақты ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпіліс берген Моңғолияның Премьер-Министрі У.Хүрэлсүхтың Қазақстанға ресми сапарын ерекше атап өтті. Бас қонақ ретінде қатысқан Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Д.Цогтбаатар өз сөзінде қазақстандық-моңғол қатынастарының дамуына және Қазақстанның халықаралық сахнадағы тың бастамаларының жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Сөз соңында Моңғолияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы екі мемлекеттің арасындағы қатынастардың одан әрі жан-жақты дамуына сенім білдірді. Меймандардың назарына Қазақстан туралы бейнефильм мен фотокөрме, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері орындауында ұлттық әуендер ұсынылды.