Ауыл тұрғындарына ауқымды мүмкіндік

Ауыл тұрғындарына ауқымды мүмкіндік

Ауыл тұрғындарына ауқымды мүмкіндік
ашық дереккөзі
277
Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асыру мәселелеріне арналған алғашқы семинар-кеңес өтті. Семинарға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, еліміздің бес өңірінен кел­ген делегаттар және ақпарат өкіл­дері қатысты. Бұл жиында ауыл ша­руашылық тауар өндірушілерін шағын несиемен қамтудың ме­ха­низмдері, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында мал шаруашылығын дамыту жол­дары, мал шаруашылығын да­мы­туда ауылшаруашылығы коо­пе­рацияларын құру мәселелері талқы­лан­ды. Күнгейдегі келелі жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев: «Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасына сәйкес, пар­тия жұмыссыздық мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Бұл партия қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Ауылды жерлердегі жұмыссыздық мәселесін шешу – кө­кейтесті мәселе. Партияның орта­лық аппарат жанындағы қоғам­дық зерттеу институты әлеуметтік зерт­теулер жүргізіп, ауыл тұрғын­да­рының 70 пайызға жуығын жұмыс­сыздық толғандыратынын анық­тады. Біз осы мәселені шешу үшін ауыл азаматтарын жұмыспен қамту жобасын жүзеге асырамыз деп шештік. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстанда соңғы жылдары жергі­лік­ті деңгейде жүзеге асып келеді. Яғни, оның өңірдегі оң тәжірибесі қы­зық­тырып, республика көлемінде жү­зе­ге асыруды жоспарладық», – деді. Айта кетейік, өткен жылдың жел­тоқсан айында ауылдық жерлер­де жұмыспен қамту саясатын бел­сенді жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмен­дету мақсатында «Нұр Отан» пар­тия­сы мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ара­сында бірлескен түрде арнайы мемо­рандумға қол қойылған бола­тын. Сонымен қатар, «Ауыл тұр­ғын­дарын жұмыспен қамту» жоба­сының маңыздылығы Мемлекет басшысының жуырда республикалық басылымдарда жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында қамтылған. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету арқылы олардың тұрмыс деңгейін жақсарту. Шағын тауарлық өндірісті дамытуға қаражат бөлу жөніндегі мемо­рандум 5 пилоттық өңір – Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, облыс­тарында жүзеге асады. Оңтүстік Қазақстан өңірінен бастау алған бағдарламаны Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, қызылорда облыстарында жалғасады. Бұл бағытқа қазынадан 11 миллиард теңге бөлініп отыр. «Нұр Отан» партиясы бас болған жоба нақ осы қарапайым ауыл азамат­тарының төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін ашуына мүмкіндік беретін болады. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 6 миллион теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Партия ұстынған жобада ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға басты назар аударылады. Тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобаның қаржыландырылуы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Жоба аясында отбасылық кооперация мен ауылда өндірілетін өнімді тиімді жылжытудың логистикасын дамыту көзделіп отыр. «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы 2014-2016 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылған мал шаруашылығын дамыту бағ­дарламасының тәжірибесі негізінде жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама іске асқалы бері 26,4 мың тонна ет, 13,2 мың тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған болатын. Үш жылдың көлемінде бағдарлама аясындағы қосымша өнім 87,3 миллиард теңгені, яғни жалпы ауыл шаруашылығы өндірісі көлемінің 10 пайызға жуығын немесе облыстың мал шаруашылығы өнімінің 20 пайызын құрайды. Семинар-кеңеске қатысқан мамандар әрі қарай Оңтүстік Қазақ­стан облысының аудандарын ара­ламақ. Сапар барысында несие алушы фермерлермен кездесіп, өңірдегі қосалқы шаруашылықтардың жұмы­сымен танысатын болады.

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары