Бердібек Сапарбаев: Жұмысшылардың жағдайын ойлаған дұрыс
Бердібек Сапарбаев: Жұмысшылардың жағдайын ойлаған дұрыс
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында кездесу өткізді. Кездесу барысында облыс басшысы мұнайшылардың жалақысын 10 пайызға көтеру керек деген ұсынысын білдірді.
Мұнайшылардың жалақысын 10 пайызға көтерудің бір жолын табуды ұсынған облыс басшысының сөзін компания директоры Ван Цзюньжанья аса құптай қоймаған тәрізді. Әкімнің ұсынысына нақты жауап айтпаса да, қызметкерінің жалақының көтерілуі туралы сауалына күле жауап берді.
NUR.KZ сайтының жазуынша, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшысы 18 жыл ішінде өңірді дамытуға компанияның 13 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлгендігін тілге тиек етіпті. «Өткен жылы 600 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. Жергілікті әкімшілік тарапынан да көп қолдау көріп жүрміз, ол үшін рахмет. Осы жылы жағдай қиын. 2006-2007 жылдары да оңай болған жоқ. Бірақ қазіргі жағдай басқаша. Мұнай бағасы түскен дағдарыс кезінде жалақы көтеру туралы ұсыныс ақылға қонымсыз-ау деп ойлаймын. Тек мұнай бағасы 60 пайызға көтерілсе ойлануға болады», – деп жауап берді ван Цзянжанья.
Алайда Бердібек Машбекұлы директордың бұл сөзіне бірден қарсылығын білдірді. «Жақын арада мұнай бағасы 60 пайыз болмайды, 40 пайызға көтерілсе қалай?! Елбасының тапсырмасы бар «жұмысшылар жалақысын көтеру керек» деген. Осыны ұмытпау керек. Талдама жасап, керек емес шығындарды қысқартып, жұмысшылардың жағдайын ойлаған дұрыс. Мұнай бағасы төмен деп өндіріс көлемін азайтпаған жөн. Инвестиция тартуды ойлаңыздар. Компанияда 220 жұмысшы қысқарған. Бұл дұрыс емес. Әр адамның тағдырын қарау керек, олардың орнына өздеріңді қойыңдар, отбасын қалай асырайды? Елбасы тапсырмасын есте ұстаған жөн», – деп қадап айтты облыс әкімі.
Сондай-ақ, осы кездесу барысында компания басшылығы облыс әкімдігі мен кәсіподақтар бірлестігі арасындағы меморандумға қол қойды. Мұнда ұжымдық келісім шарттың орындалуы, жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдемелерді одан әрі қамтамасыз ету, еңбек қатынасын реттеу және жалақыны 10 пайызға көтеру туралы ұсыныс көрсетілген.