322
АӘК: Табысын жасырған отбасылар мемлекет қаржысын қайтара ма?
АӘК: Табысын жасырған отбасылар мемлекет қаржысын қайтара ма?
Табысы мен жеке мүліктерін жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алып келген отбасылар мемлекеттің қаражатын қайтаруға міндеттелмейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
«Бұл сәуір-мамыр айларында болған жағдайлар. Біз 74 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырғаны туралы мәлімет бергенбіз. Әрине заң бойынша мемлекет қаражатын өз еріктерімен қайтаруы тиіс. Бүгінгі күні АӘК-ке берілген 451 млн теңге кері қайтарылды. Бірақ менің ұстанымым, мен әкімдерге де талап қойып жатырмын. Мәжбүрлеп, қатаң түрдегі қайтару шаралары қолданылмайды. Себебі ол адамдар қателік кеткенін мойындады. Сондықтан сот арқылы өндіріп алуға негіз жоқ. Жазда біздің ақпараттық жүйе қайта жетілдірілді, сондықтан алдағы уақытта ондай қателіктер орын алмайды», - деді министр.
Айта кетейік, биыл тамыз айында аталған министрлік еліміз бойынша 21 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өз табыстарын жасырғаны белгілі болған еді.