292
Қазақстандықтар Колумбияға визасыз бара алады
Қазақстандықтар Колумбияға визасыз бара алады
Қазақстан мен Колумбия арасында визасыз тәртіп орнатылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«Колумбия астанасында екі елдің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Қазақстан-Колумбия СІМ-аралық саяси консультациясының кезекті раунды өтті. Келіссөздер барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев энергетика, тау-кен өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жақсы әлеуетіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының транзиттік және көліктік мүмкіндіктерінің тартымдылығын ескере отырып, шағын және орта бизнес арасында іскерлік байланыс орнатуға назар аударды. Қазақстан сыртқы саясат ведомствоның басшысы Мұхтар Тілеубердінің Колумбияның жаңадан тағайындалған Сыртқы істер министрі Клаудиа Блюмға арналған құттықтауын жеткізе отырып, қазақстандық дипломат Нұр-Сұлтан қаласында саяси консультациялардың келесі раундын оның қатысуымен өткізілетініне сенім білдірді», - деді ҚР СІМ-нен.
Өз кезегінде Колумбия Сыртқы істер министрінің орынбасары Франсиско Эчеверри саяси диалогтың дамуына жоғары баға беріп, 2015 жылдан бері өткізіліп жүрген қазақстандық дипломаттар мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының студенттері үшін испан тілі курстарын жалғастыруға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кеңеюіне үміт білдірді.
Келіссөздер барысында Тараптар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету, ядролық қаруды таратпау және терроризмге қарсы күрес мәселелерімен тығыз жұмыс істеуге қызығушылық білдірді. Бұдан бөлек, ЭЫДҰ-ға қосылудың практикалық аспектілерін талқылап, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара қолдау туралы уағдаласты. Келіссөздердің қорытындылары бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері дипломатиялық және қызметтік паспортқа ие азаматтарды визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.