940
ДЕГДАР
ДЕГДАР
Ақпан, қазан революциясына дейін қалыптасқан қазақ интеллигенциясы қоғамның көшін мүлде жаңа арнаға бастаған ұлттың рухани қормалы, саяси көсемі ретінде танылды. Империяның өктемдігінен, аяусыз езгісінен қабырғасын қайыстырған елінің ащы тағдырына алаңдап, азаттық орнатуға, бейбіт күнді мамыражай заман құруға мүдделі болды.
Сол азаттық деген ұлы аңсар-мұратты жолда күндіз де, түнде де ұйқы көрмей, дамыл таппады. Әлеуетін сарқып, күш-жігерін шығарды. Жан-терін сығып жүріп қызмет етті. Қараңғы жұртының намысын оятып, рухын асқақтатты. Сондай азат рухтың алдаспаны болған жақсылардың бірегейі – Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш үкіметі төрағасының орынбасары, Қоқан үкіметінің Премьер-министрі болған Түркістанның оғланы, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышы. Мұхамеджан туралы аз жазылған жоқ. Тұғырына шыққан, есімі ел-жұртқа етене таныс тұлға.
Жер үшін болған тартыс
«Қазақ» газетінің 1917 жылдың 28 қазандағы №247 санында белгілі қайраткер Мұхамеджан Тынышбайұлына «М.Тынышбайұлы – ІІ Госдума ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатарлы азамат. Мұхамеджан қазақта бір болса өзі, екі болса екіншісі» деп жоғары баға берген екен. Ақиқатында, ол халыққа шын ниетімен берілген, саналы ғұмырын ұлтына бағыштаған және жұмысының алды, ең ерекше ісі – қазақтың жері үшін басын қатерге тігуі еді. Дегдар Мұхамеджан – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері һәм Алаш ұлттық-территориялық автономиясын құрған жетекші, үкімет төрағасының орынбасары, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының идеологы, Орталық саяси тұлғасы болған, бостандық идеясын таратқан ер. Саясат сахнасына Мұхамеджанды толғағы жеткен, мәселесі көп қазақ ұлтының тауқыметті өмірі, бұғаудағы тіршілігі шығарған-ды. Ол саясат ісіне сонау студент кезінен-ақ араласып, шырғалаң жолға түскен. 1905 жылдың 19 қарашасында Петерборда автономияшылар одағының І съезіне қатысып, жиында «Қазақтар және азаттық қозғалысы» туралы баяндама жасап, Ресей патшалығының бодандығындағы халықтардың ауыр тұрмысын, аз халыққа жасаған озбырлық саясатын әшкерелеп, батыл сынайды. Қазақ халқының тартқан қасіретін, мұң-мұқтажын шағым етіп, Министрлер кабинетіне жолдаған. Бұл кезде ол небәрі 3-курс студенті болатын. 3-курс студенті бола жүріп, орыстың аты шыққан демократ, революционерлерінің аузын аштырып, таңғалдырған қазақ баласы демонстрациялық толқуларға қатысып, үн қосқаны үшін оқудан шығарылуы әбден мүмкін еді. Бірақ Император І Александр атындағы Жол қатынастары институтының зиялы, адам тани білетін шын оқымыстылары студенттерін қорғап, оқуларын аман-есен бітірулеріне жағдай жасаған. Сондай шын құрметке ие болған революционер студенттің бірі әрі көшбасшысы – біздің Мұхамеджан. Кейіннен Мұхамеджанның өзі естелік жазбаларында мұны аса бір сағынышты сезіммен еске алған екен. Студент Тынышбайұлы патшалық биліктің жер қолданысы туралы жүргізіп отырған империалистік пиғылдағы «Уақытша Ереже» жобасынан өрескел қателік тауып, 125 және 129-баптарын қатты сынап, оған ғылыми тұрғыда өзінің уәжін айтқан. Мысалы, «... Біз қазақтар ерте заманнан бері жерімізді өз меншігіміз ретінде иеленіп келдік. Ал орыс билігін ешқандай да қан төгусіз, еркімізбен қабыл алғанда өзіміздің ең құнарлы жерімізден айырылып, жасалынған зорлықтар мен қиянаттарды үнсіз қабыл алған жоқ едік. Арамызға бейбіт өмір және тыныштық келеді, қауіп-қатерден қорғаныс табамыз деген ойда болдық; сондықтан да әділеттікке сай қыстауларымыз, егістіктеріміз және шабындықтарымыз келімсектерге берілетін аудандардың құрамына мүлде кірмеуін талап етеміз» деп қазақ даласындағы жер үлесін, қарашекпенділерге кеткен мыңдаған десятина жерлерді нақты дерекпен жазып, талап хатын ұйымдастырған. Қазақ хандығы Ресей патшалығымен жасасқан келісімшартында жер беру туралы жазылмағанын айтып, патшалық билік өз келісіміне өзі қарсы жұмыс істеп отырғанын сынаған. 6 миллион қазақтың құқығын қорғаған азамат Ішкі істер министрі мен Қоныс аударушылар министрінің қабылдауында болып, мәселені шешуге тырысқан-ды. Ресми қабылдаудан соң, «Уақытша Ережедегі» жергілікті генерал-губернаторға сенімсіз көрінген қазақтарды соттау, жер аударту туралы 17- бап, әскери губернатордың басқармасына халық сайлаған кісіні емес, билік өзі таңдап алған кісіні қою туралы 70-баптың күшін жоюға себепкер болған. Мұхамеджан Тынышбайұлы 1907 жылы 28 жасында-ақ Ресей Мемлекеттік думасына депутат ретінде сайланды. Мандат бойынша 20 ақпаннан бастап ІІ Мемлекеттік думадағы өз жұмысын бастаған (Қазақ халқынан шыққан азаматтарға 1905 жылдың 6 тамызындағы манифест бойынша Мемлекеттік думаға депутат ретінде сайлану құқы берілген. Бұл жерде 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» құжатының үлесі де бар). ІІ Думаға Орал облысынан заңгер Бақытжан Қаратайұлы, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астраханнан Бақтыкерей Құлман, Семейден Темірғали Нұрекенов сайланған. Думада депутат болған М.Тынышбайұлы әр мәжіліс сайын Столыпин реформасын сынап, қазақтың жері туралы мәселе көтеріп отырған. Ресейдің Мемлекеттік архиві қорында Мемлекеттік думаның (1905-1916 ж) құжаттары түгел сақталған. Пленарлық отырыстар, сессиядағы қаулылар, шығарған нормативтік заң жобалары бәрі-бәрі сол қалпында қаттаулы тұр. 1907 жылдың 24 сәуіріндегі отырыста депутат Мұхамеджан Тынышбайұлы үкімет басшысы Столыпиннің атына сауал жолдаған. Сауалында «Қазақтардың жер мәселесі – сөзсіз аса маңызды. Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, оларды өздерінің қаны сіңген атамекенінен айырып, сусыз шөлге ысырып, өлім құшағына айдауды көздейтін қанқұйлы, зымиян саясат» деп өткір мәселені көтеріп, жер теңдігі үшін күрескен. Осы құжатта М.Тынышбайұлының ұлттық болмысы мен бітімі, мінезі анық көрініп тұр. Ұлт үшін, жер үшін күрес деген осындай-ақ болар! Ұлтшыл азаматтың қанына сіңген қасиет – осы. Бұл қасиетті бүгінгі шенеуніктерден, әкімқаралардан көре аламыз ба? Жер үшін тайталас тудырған депутат Тынышбайұлы 1906 жылы институтты ерекше үлгеріммен аяқтап, Петерборда тұрақтайды. Орыстың саяси интеллигенциясымен жақын араласып, сол қаладағы қазақ оқығандарымен бас қосып, азаттық турасында ой алысқан. Анығында, бұл азаматтарды өскен, қалыптасқан ортасы тәрбиеледі. Петерборда 1887-1888 жылдары құрылған қазақ жастарының «Жерлестер» ұйымы тек бір-біріне қамқор болған мейірбандық топ қана емес, саясат мәселесі қызу талқыланған дискуссия ортасы болған-ды. Осы ұйым арқылы танысып, табысқан қазақ балалары бірін-бірі қолдап, сүйеп, демеп отырды әрі саясат жолында, елдік мүдде бағытында тәрбиелеп, ақыл-кеңес айтқан. Шеттерінен алғыр, шеттерінен ұлтшыл болғандарының себебі де сол. Думаға сайланған кез келген қазақ депутаты Мұсылмандар фракциясы арқылы үнемі аз ұлттардың сөзін сөйлеп, алым-салықты азайту, жер мәселесін шешу туралы көтеріп, шу шығарып отырған. Қазақ депутаттарының ұлттық мүдде тұрғысынан батыл мәселе көтеруінен сескенген билік 1907 жылдың 3 маусымдағы жарлық бойынша қазақтан депутат сайлау құқығын алып тастады. Осы жарлықтан соң, орталық билік тарапынан ұлтшылдықпен күрес, ұлтшылдарды жер аударту, саяси бодандық пен езгі басталды да кетті...Шежіре жазған инженер
Мұхамеджан Тынышбайұлы қазақтан шыққан тек тұңғыш инженер, депутат қана емес, ұлт тарихын жетік білген тарихшы ғалым болған. Мұхамеджан жазған тарихи зерттеулердің басты ерекшелігі – шынайылығында және Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Құрбанғали Халиди сынды өзіне дейінгі дала жұлдыздарының жазбаларын дереккөз ретінде пайдаланып жазуы. «Қазақ» сөзінің этнонимі туралы тұшымды ой-тұжырым айтқан, төрелер институтының түп тамырын жіліктеген, алты Алаштың аталық табын, жүздік, рулық бөлінісін қан жағынан, жер жағынан жазып кеткен могикан. Совет үкіметі орнаған соң, қайраткер Тынышбайұлы басқа да алаш саясаткерлері сынды оқу-ағарту ісімен айналысқан. 1923 жылы Ташкенттегі Халық ағарту институтына оқытушы болып, студенттерге алгебра, география, физика, тарих пәнінен дәріс оқыпты. Ұстаздық қызметінде жүргенінде тарих саласына ерекше ықыласпен ден қойып, келешек қамы үшін кітап жазуды ниет еткен. Күні бүгін біздер қайта-қайта оқып, басшылыққа жиі алатын «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII и XVIII веках», «Ақтабан шұбырынды» сияқты еңбектерін жазып, қазақ тарихы, ұлттық генеология саласының ауқымын кеңейтті. Қазақ хандығының құрылуы туралы жазылған мағыналы еңбек болып саналатын «Материалы к истории киргиз-казахского народа» зерттеуінде ғалым қазақтардың генеологиясынан бөлек, туу, дамуы және Қазақ хандығының қалай құрылғандығы, 1917 жылғы халық санағының көрсеткіші дерек, пайыммен берілген. Ең алғаш рет қазақтардың шетелдерге босуы, қытайдағы қандастар туралы қалам тартқан. «Қазақ» газетіне жарияланған Пішпек, Жаркент, Алматы, Пржевальск, Түркістан уездерінен 40 мың 250 түтін босқанын, оның 95 200-нің қаза тапқанын санамалап, сенімді статистикалық мәліметпен жазғаны бар. Тұлғатану үшін аса зор маңызға ие «Мырза Едіге батыр. Ертедегі Едіге мен тарихтағы Едіге», «Абылай», «Шыңғыс хан һәм оның патшалығы», «Түріктің ескі тарихы», «Жошы ұлысы», «Жетісу қазақтары» туралы еңбектерін оқырманға ұсынды. Әрбір рудан шыққан атақты батыр, қолбасшылар мен билер туралы тарихи очерк жазып, оларға саяси тұрғыдан үлкен баға берген. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы туралы қалам тартып, шежіре түзіп, ұлтының тарихи санасын қалыптастыруға бар күш-жігерін салды. Ғалымның «Түрксіб жағырапиясы» деген қазақ даласының аймақтарының ескі атаулары, географиялық, геологиялық және геоморфологиялық сипаттары, климаттық жағдайы және жерді қалай пайдалану керек, жол қатынасын қалай салу керектігі туралы жазған еңбегін 1937 жылғы НКВД-ның тіміскілері тәркілеп, жоқ қылды. Зор өкініш! Түркістан мен Сібірді бір-біріне жалғаған, «айшылық алыс жерлерді» жақындатқан ер – отарбаның доңғалағындай екпінді айналып, от шаша жанған қызыл жалынға оранып, атылды да кетті... Ол – дегдар, ақсүйек бекзат еді. Биыл, біртуар тұлғаның 140 жылдық мерейтойы еді, атаусыз қалды.Елдос НҮСІПҰЛЫ