Алматыда Рәбиға Сыздықтың 95 жас мерейтойы аталып өтті

Алматыда Рәбиға Сыздықтың 95 жас мерейтойы аталып өтті

Алматыда Рәбиға Сыздықтың 95 жас мерейтойы аталып өтті
ашық дереккөзі
1001
Қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан академик-ғалым Рәбиға Сыздықтың 95 жас мерейтойына орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, арнайы дәрісхана ашылды, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.  Қазақ тілтанымының кемеңгері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сәтіғалиқызы өзінің саналы ғұмырын төл тіліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, тарихта аты алтын әріппен жазылған ғалым. 95 жасқа келген белгілі тілші-ғалым, түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі 130-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 9 монографиясы мен оқу құралы бар. Ұлы тұлғалардан дәріс алған академик, жүздеген шәкірт тәрбиелеген. Мерейі үстем ұстаздың мерейлі тойына еліміздегі мүйізі қарағайдай ғалымдар, зор ілтипат көрсетуге арнайы келді. Бәрі де, Рәбиға Сәтіғалиқызының сабағын алғандар. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Рәбиға Сыздықова атындағы дәрісхананың тұсауы да кесілді. «Бұл жәй ғана кездесу емес, кабинет ашу емес. Бұл келешек жастар үшін тәрбиелік мәні бар зор дүние. Студенттер мен оқытушылар үшін ол кіснің өзімен дидарласу зор тағылым береді. Қазақ руханияты үшін ол кісінің орыны ерекше», - дейді филология ғылымдарының докторы Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ. Ғалымның ғылымдағы ғұмырында Алаш арыстарын ақтап алу бақыты бұйырған. Мұхтар Әуезовтен бата алған қаршадай қазақ қызы білімнің, ойының озықтығының арқасында, сындарлы сәттерден сүрінбей өте білген. Осылайша, қазақ тіліне деген зор сүйіспеншілігі оны әлі күнге дейін қалам тербеуге жетелеп келеді. Тіпті, еліміздің латын графикасына көшуге қатысты мақалаларын да жариялап жүрсе керек. «Ең алғаш Каспийдің ректоры Ахмет Ысқақов ол кісіні 3-курсқа оқуға шақырған. Абайдың 100 жылдығына келген кезде конференцияда көзі түседі де, осындай қазақтың осындай білімді қызын оқуға шақырады. Сөйтіп, осы жерде оқиды. Қорғаудың барысында, диссертация Мұхтар Әуезовтың ұсынысы арқылы болады. Одан кейін, Мәулен Балақаев баяндама жасайтын кезінде өзі жасамай, Құдайберген Жұбановты ақтап алу үшін жап-жас қыз Рәбиға Сыздыққа ұсынады», - дейді ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия ОРАЗБАЕВА. Рәбиға Сәтіғалиқызы, небір нәубет заманды бастан кешірсе де, оның намысқой болуының арқасында ғылымда зор жетістікке жете білген тұлға. Кез-келген бастаған дүниесін бас-аяғы толық меңгеруді мақсат еткен. Сыздық Рәбиға «Абай шығармаларының тілі»,  тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV - XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, , тарихи лексика, тіл мәдениеті салаларына арналған. «Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, Ермек үшін немесе өлмек үшін. Жаздым үлге жастарға бермек үшін, Абай жаққа бір сәле сөнбек үшін», -  дейді Мұқаң. Міне сол Абай зарлап кеткен, Абай қолданған, ұлы тіл осы Рәбиға апамыздың арқасында бізге жетіп отыр. Ана тіліміздің алапасын асырған арда ананы ұлықтау күн», - дейді ҚР Халық әртісі, актёр Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ. Абыз- ананың мерей тойымен құттықтау хаттар толассыз келіп келіп жатты. Ішінде мемлекет басшысының да ыстық лебізі жазылған ақ қағазда болды. Ал «ғалым-ұстаз һәм шәкірт» деген ғылыми жинақтың тұсауын аты аңызға айналған ұстаздың өзі кесті. Тарихи сәттен соң, төл тіліміздің жанашыры былай деп тіл қатты. «Оқытушылық – дүниедегі ең жақсы мамандық. Әрине, қиын. Төлейтіні аз. Соған қарамастан, ең жақсы мамандық қой. Мұндай жұмысты дұрыс ұйымдастыру оңай шаруа емес. 95 жыл өмір сүріп, нені білдің дейсіздер ғой. Осындайды, яғни, ненің оңай, ненің қиын екенін білдім», - дейді ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы , профессор Рәбиға СЫЗДЫҚ. Кеңес үкіметінің солақай саясаты кезінде шешенідігіміз былай тұрсын, еркін сөйлеуді ұмытып қалдық деген Рәбиға Сыздық, көпшілікке топ алдында шыққанда еркін, таза  сөйлеуді үйреткен бірден-бір ұстаз. Содан кейін, ретімен әдемі тілдесудің тетігін тәптіштеп түсіндірген ғалым. Тіл мамандарының ішінде алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы туралы кітап жазған ол, сөз құдіретін ұғынықты тілмен жеткізген тіл жанашыры.

Серіктес жаңалықтары