МӘШҺҮР ЖҮСІПТЕН БАТА АЛҒАН

МӘШҺҮР ЖҮСІПТЕН БАТА АЛҒАН

МӘШҺҮР ЖҮСІПТЕН БАТА АЛҒАН
ашық дереккөзі
1282
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев! Қазақ ұлтының аса көрнекті тұлғасы. Ғасыр саңлағы. Биыл, ұлы ғалымның туғанына – 120 жыл.

***

Бала Қаныш Баянауыл баурайында дүниеге келген. Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шорманның ұлы Сәдуақастың ықыласына бөленіп, ауқатты жанның қолдауымен білімнің биік белестерін бағындырған-ды. Қаныш – қазақ сөзінің синониміне айналған, өзінің ұлтын бәрінен биік қойған дегдар азамат. Ұлтының құдіретіне иланып, болмысынан нәр алып, намыс-отын ұран еткен өр қазақ. Қаныштың фәни ғұмырдағы атқарған сан салалы қызметі, теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтары, бәрі-бәрі – Отанымыздың экономикалық дамуына, әлеуметтік деңгейінің артуына әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Сөз жоқ, Қаныш Сәтбаев – қазақтың біртуар ғалымы. Оның гидреология, минералогия, геология сияқты жаратылыстану ғылымына сіңірген еңбегінен бөлек ұлт тарихының зерттелуіне, халық ауыз әдебиеті мен фольклорлық бай мұралардың жиналуына, жүйеленуіне, қазақ халқының ұлттық музыкалық өнерінің нотаға түсуіне, этнология мен этнографияның дамуына қосқан еңбегі өз алдына бір дүние. Құлашы – кең, адымы – асқақ. Артына қалған мұрасы, сөзі – шетсіз, шексіз.

Ардақты есім

Қаныш – киіз үйден шыққан талант. Бала күнінен-ақ табиғаттың сырына, тылсымына ден қойып, айналаны, қоршаған ортаны қызыға, құныға зерттей бастаған. Асылында, оның азан шақырып қойған шын есімі – Ғабдулғани еді. Араб тілінен аударғанда бұл есім: «Шексіз байлық иесі. Ешкімге де, еш нәрсеге де мұқтаж емес Алланың құлы» дегенді білдіреді екен. Расымен, осы ардақты есім аяулы перзентіміздің жұлдызын жарқыратты. Ұлы даланың жерасты, жерүсті байлығын алғаш болып тауып, зерттеп, мол қазынаны мігірсіз айналымға түсірді. Арғы атасы Сәтбай ақсақал қажылық парызын өтеп жүріп, Меккеде жан тапсырыпты. Өз әкесі Имантай Теңдік, Ақкелін, Баянауыл атырабына аты шыққан жұрт жақсысы еді. Бабасында бар тектілік, қанында бар бекзадалық қасиет бала Қаныштың да жүрегіне Тәңірінің асқан дарыны мен ақылын, парасаты мен зияткерлігін сыйлады. Осы Қаныш өскен топырақтан, аядай ғана шағын ауылдан уақыт өте келе он екі академик шыққан болатын. Әр ғалым бір-бір ғылымның бастауында жүрек майын шам қылып, ұлтының келешегіне арнап ұлы жаңалықты тудырыпты. Не деген құт қонған киелі топырақ еді! 1899 жылдың 12 сәуірінде Қаныш дүние есігін ашты. Қазақ халқы үшін 12 сәуір – ғылым күні ретінде есептеледі. Өйткені Қаныш Имантайұлы – совет заманында өзінің білім, білігімен алға озып, топ жарып, Қазақ ұлттық ғылым академиясының іргетасын қалап, ел астанасы – Алматының ең көрікті жеріне академияның бөлімшелері мен құрылымдық институттарын салғызды. Сол кезеңдегі қазақ жастарының оқуына, білім алуына, ғылыммен айналысуына, ғылыми дәреже қорғап, ғылыми атақ алуына мол еңбек сіңірді. Академик, ғұлама ғалым, біртуар Қаныштың тарих алдындағы зор еңбегі – ғылым академиясының шаңырағын салуы. Мәселе – сол академияны қазақы қалпында орналастыру еді. Бір күні бір жас зерттеуші академикке қарап: – Қаныш аға, Сіз академияны салдырдыңыз. Бірақ неге академияның бас корпусының жанына Тіл және әдебиет, Тарих институттарын салғыздыңыз. Біздің Қазақстанда сөздің шыны керек, бұл ғылым салалары әлі дамымаған, оның үстіне «Одақ көлемінде мақтанарлықтай ештеңеміз де жоқ емес пе?»– дегенінде ұлтының қадір-қасиетін ерекше түсінген ұлы жүрек иесі: – Айналайын-ау, бұл қазақ ұлттық ғылым академиясы болса, неге мен бас корпустың оң қанатына Тіл білімі институтын, сол қанатына Тарих пен әдебиет институтын салдырмайын! Ұлты – қазақ, жаны – қазақ жандардың бәрі осы ғылымның саласында жүр. Ал дамыған геология, минералогия, химия, физика, математика деген жаратылыстану ғылымының зерттеу институттарында еңбек етіп жүргендердің 80-90 пайызы өзге ұлт өкілдері еді, сондықтан сырттан келген шетелдік қонаққа бұл елдің иесі, ғылымының киесі де қазақ екенін білсін деген ниетпен осы жобаны салдырдым, – деп жылы ғана жымиған екен. Қайран, абзал аға! Не деген көрегендік десеңізші!

Алғашқы қазақ «Алгебрасы» қалай жазылды?

Ұлттық ұлы бұлқыныс кезеңінің реформаторлары – Алаш қайраткерлері бірігіп, бас қосып, елдік ұран көтеріп, ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейту, қазақтың рухани көшін алға сүйреу жолының ең басында тұрғаны белгілі. Рас, заманында шығыстың шынарлары әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, М.Хайдар Дулати, Қ.Жалайыри, әл-Бирину, Қ.Ясауи, Ұлықбек, тағы басқа оқымыстылар ғылымның шамын жағып, пілтесін тұтатты. Кейін ұлы Шоқан қазақ ғылымының әлеміне шоқжұлдыздай жарқырап келіп, көптеген беймәлім құпияның сырын ашты. Сосын тарих сахнасына біршоғыр алыптар буыны келіп, үлкен резонанс тудырды. Қазақ әдебиеті, мәдениеті, ғылымы түрленіп, құлпыра түсті. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы айналасына тегеурінді, интеллектуал, потенциалы зор, ұлттық рухы күшті жастарды жинастырып, ұлттық рухтың аясында ұйыстырды. Алаш салған алтын жол «Алқаның» миссиясына ұласып, ғылыми жаңалықтар ашыла бастады. Алаш оқығандары бір-бір ғылымның бастауында тұрып, қазақ балалары үшін оқулықтар мен кітаптарды жаза бастады. Ең алғаш рет математика саласында ақын, демократ Міржақып Дулатұлы «Есеп құралы» кітабын жазып, арифметиканың тұңғыш оқу құралын даярлады. Міне, сосын бұл жолды Қаныш жалғап, алғаш болып «Алгебра» оқулығын жазып шықты. Бұл бағыт та Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков бастаған зиялылар ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Зерек Қаныш КИНО (Киргизский институт народного образование) оқу орнына қызметке келіп, өзінің бойындағы бар жиған-терген ілімін елінің игілігіне, бодандық құрсауындағы қарапайым халқының жетілуіне жұмсады. Орыстың атақты профессоры, ірі математик  А.Киселевтің еңбектері негізінде «Алгебра» оқулығын жазуды қолға алған. Ниеті зор, мақсаты айқын бозбала сандар әлемінің сиқырына еніп, үлкен іске белсене, етек түре, білек сыбана кірісіпті. Осы көлемді еңбегінің «Сөз басы» бөлімінде:  «...оқушылар күшінің тапшылығы, оқу құралдарының кемшілігі, оқытушы адамдарға негіз боларлық ана тілінде жазылған маңызды ғылыми кітаптардың жоқтығы.... Осы айтылған кемшіліктердің бәрін бір күнде істеу, әрине мүмкін емес. Бірақ сол елдің қамы үшін, келешек ұрпақ үшін осы істің бір олқылығын орындауға кірістік» деп өзінің шынайы сөзін жазған екен. қазіргі таңда Қаныш ғұлама жазған оқулық қолжазбасының екі нұсқасы сақталған. Біріншісі – төте жазу негізіндегі 1642 беттік нұсқа. Екіншісі – 700 беттік жаңа жазу қалпымен жазылған нұсқа. Осы академиялық зор еңбекті қазақтың қайраткер азаматы әрі лирик ақыны, Қ.Сәтбаев қоғамдық қорының президенті Кәкімбек аға Салықов 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің қаржылай қолдауымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспаханасынан 500 дана қылып шығартып, оқырман назарына, студент жас зерттеушілердің пайдасына ұсынған болатын. 26 баспа табақтық көлемі ауқымды еңбекті қазіргі қолданыстағы жазуымызға түсіріп, жалпы редакциясын басқарған ҰҒА академигі, математик Мұхтарбек Өтелбаев еді.

Ақ батамен өнген ер

Қазақтың үлкен қайраткері, ақын әрі діни һәм рухани ілімнің шамшырағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ел аралап, қазақтың ескі сөзін хатқа түсіріп жүргенінде, Ақкеліннің маңында асық ойнап жүрген бір топ баланы көріп, сырттай жасөспірімдердің ойынына тамсанып тұрса керек. Сонда әлгі балалардың ішінде маңдайы жарқыраған, көзі өткір, шаштары қалың бір қараторы ерекше көзге түсіпті. Асықты иіріп, шиіріп, бала біткенді аузына қаратып, нақыл сөзін, аталы сөзін айтып тұр екен. Ақ бураны мінген әулиекең: «Айналайын, бері кел!» деп топ ішінен көрінген бірегейді жанына шақырып, аты-жөнін сұрапты. Баланың сөзіне, тәтті тіліне, зеректігіне риза болып: «Талабың оңғарылсын!» деп ақ батасын берген екен. Міне, сол ойын баласы Ақкеліндегі Мұса Шормановтың мектебінен қаріп танып, Керекудегі екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алады. Сосын тағы білімге ынтық жүрек Семейге барып, губерниядағы элиталық Мұғалімдер семинариясына қабылданып, болашақ сөз зергері, қазақтың алпауыт жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірге оқытушылық курсты игереді. Ерекше құлшынысы мен ынтасының арқасында Томск технология институтына қабылданып, Тау-кен факультетін бітіріп шығады. Кейін Алаш партиясының алқалы бір жиынында Мәшһүр әулие елгезек, қағілез әрі зерек Қанышты көріп: «Ой, жасаған берген дарыным, аман жүр!» деп қуанған екен. Аруағы шалқар асыл бабаның үмітін ақтаған Қаныш – сол заманда Алаш қозғалысының рухани жұмыстарын жариялап, үгіт-насихат ісінде табандылық көрсеткен-ді. Алаштың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен, тікелей бағыттауымен «Алгебра» оқулығын жазған жас зерттеушімен тағы бір ел тағдыры сынға түскен ұлық жиында кездескенде хазіретті Мәшһүр ата: «Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе талайлы болатын жігіт» деген екен. Алаштың атойлы ұран тудырған аға буын өкілдері лек-легімен ұсталып, айдауға ұшырап, артынан қызыл террорлық атуға ұшырағанда, қазақтың ең соңғы үміті – Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан еді. Алаш зиялысы Қаныш Имантайұлы советтік шовинистік идеологияның күйіп тұрған шағында, ұлт көсемі, саяси элитаның лидері Әлихан Бөкейханның ұлттық ғылым жайындағы ойларын жүзеге асырып өтті. Десек те, Қаныш Имантайұлы ақтық демі таусылғанша советтік қатаң цензураның бақылауында болып, қуғын-сүргінде жүрді. Мұхтар да, Қаныш та 64 жасында өмірден өтті. Құпиясы зор өлім еді... Трагедия!   PS:   Өткен 2018 жылы Баянауыл топырағына табанымыз тиіп еді. Қазақтың игі азаматы Мұса Шормановтың мерейтойына қатысып, Теңдік еліне барған едік. Сол сапарымызда Шормановтар әулетінің қорымына зиярат етіп, Ақкеліндегі Қаныш оқыған мектептің орнын көріп, ырымдап қасиетті жерге аунап едік... Ақын Дихан Әбілұлы Қаныш атамызға арнаған өлеңінде: Жұлдыз болып, Нұрға толып, Әне ол, Жарқырап тұр! Аспан барып, алыстап Қаныш-жұлдыз!

Елдос Тоқтарбай

Серіктес жаңалықтары