316
«Музейге сый»: Түркістан тұрғындары музей қорына 40-қа жуық жәдігер тарту етті
«Музейге сый»: Түркістан тұрғындары музей қорына 40-қа жуық жәдігер тарту етті
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Музейге сый» акциясы өтті.
Шара аясында жергілікті тұрғындар мен қонақтардан қорық-музей қорына 40-қа жуық археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық жәдігерлер табысталды.
Жәдігерлердің қатарында жаңа тас дәуіріне тән жебенің ұшы (шамамен б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар), жазба ескерткіштер мен құмыра және түрлі қыш бұйымдар бар. Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесін қайта жаңарту үшін көп еңбек сіңірген Атажан молда мен Кәміл қарының киген киімдері, жайнамаздары, қолданған тұрмыстық заттары, түркістандық қолөнер шеберлерінің тоқыма кілемдері мен сырмақтары сынды көптеген көне жәдігерлер тарту етілді.
Аталған іс-шараға Қазақстаннан ғана емес Түркия, Өзбекстан Республикалары да атсалысып, құнды жәдігерлер табыстауды дәстүрге айналдырған.
Айта кетейік, «Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі саналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған тың жобалар ұсынғаны белгілі.
Музейге сый жасау үрдісі атақты Әмір Темірден бастау алса, көне мұраларды жинақтап, сақтау, қорғауда белгілі этнограф-ғалым, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің де еңбегі зор саналады. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаев, Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов, Ахмадулла Исаев, Аман Абдуллаев, А.Хамракулов сынды музей жанашырларын да атап өтпеу мүмкін емес.
«Технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болғанымен, халқымыздың өткен өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпақтың өз тарихы мен болмысын тануда маңызы зор. Қырық бір жыл бұрын 300-дей ғана жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде қазіргі күні 24 481 данасы мемлекеттік тіркеуге алынды. Бүгінгі шараға да өз үлесін қосуға келген барша музей жанашырларына алғысымды білдіремін»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы.
Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» қорық - музейіндегі қорды толықтыру мақсатында өткізілетін «Музейге сый» акциясында жәдігерлер екі бағытта қабылданады. Құнды дүниелер негізгі қор есебіне қабылданса, экспозиция және көрме құруға көмекші құрал ретінде пайдаланатын жәдігерлер ғылыми көмекші қорға тіркеледі. Қазіргі күні 24 481 дана жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынса, оның ішінде сыйға берілген жәдігерлер саны 1780 дананы құрайды. Соңғы үш жылда қабылданған 741 жәдігердің 268-і сыйға берілген мұралар болып табылады.