11671
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЙРАТКЕР
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЙРАТКЕР
1938 жылғы 11 қазанда Сейдәзім Қадырбай ату жазасына кесілді. Үкім 17 қазанда сағат 14.00-де орындалған. Сүйегі Воронеждегі қуғын-сүргін құрбандарының зиратына жерленіпті. «Халық жауы» деп атылған Сейдәзім Қадырбай өз заманының аты шыққан белгілі заңгері еді. 1905–1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының сапында болған қазақ оқығаны. Совет үкіметі қысыммен орнағанда, сол большевиктік жүйенің рақымшылығын (амнистия) алып, сот ісі, құқық саласында қызмет еткен азамат болатын. Шырағы ерте сөнген тұлға.
***
...1905 жыл. Жаңа ықылым келген мизамкөк. Қыр қазағының оқығандары теңдік іздеп, бүкілресейлік толқуға үн қосқан, тілек күшті, үміт зор болған күндердің басы. «Оқы, ізден! Бетбұрыс!» деп еуропаның алдыңғы қатарлы елдеріне еліктеп, ғылым-білім жолына түскен бостандық жаршылары – жаңа бағдарлама, ұлттық жөн-жосық даярлаған. Ол – «Алаш» жосығы. «Керегеміз – ағаш, ұраны- мыз – Алаш!» деп оқығандардың атқа қонған шағы. Ұлттық сана бұлқынған, саяси белсенділік күшейген. Ұйқыдағы жұртын оятқан, құлдықтағы елін жігерлендірген. Әлихан Бөкейхан бастаған, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы тұғырын ұстаған ұлттық оянудың негізгі реформасы – дербес мемлекет құруға міндеттелді. Алаш қозғалысы ертегі кейіпкерлері Ертөстік пен Толағайдай тез есейіп, тез өсті. Пікір қайшылығы, ой қайшылығы да туын- дады. Арыстар бір-бірімен «Айқап», «Қазақ» басылымдарының беттерінде ой жарыстырып, сөз таластырды. Алаш қайраткерлері мамыражай заман туса, қазақ елін Жапония сияқты дамытуды мақсат етті. Қоғамның жаңғыруын, оқу, ғылым-білімнің салтанат құруын тіледі. Айналасы он-он бес жылда елдің даму қарқынын Батыс елдерімен теңестірердей ауқымды жоспар құрып, өздерінің әлеуеттерін қараңғы жұртының келешегіне арнады. Бұл дегеніңіз – құрғақ қиял емес, әбден пісіп жетілген ұлттық стратегия еді. Бірақ... Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды. І жаһан соғысының артынан іле-шала революция басталды да, ІІ Николай патша тақтан құлады. Ыдырап тозған Ресей империясының тақ мұрагері болып, билікке қызылдар орнықты. Сосын ұзаққа созылған қасіретті большевиктік-социалистік реформалар басталды. Советтік идеологияның қасіретін әлі күнге дейін тартып келе жатсақ, соның бәрі 1921–1991 жылдар аралығындағы ұлтсыздандыру саясатынан туған-ды. Қантөгіспен орнаған үкімет кезінде еселеп өсуге тиіс қазақ ұлты жаппай қырылды. Әуелгі 1921–1924 жылдардағы ет, сүт туралы декреттен туындаған аштық, сосын 1928–1930 жылдардағы кәмпескедегі ашаршылық, ең сорақысы – 1931– 1933 жылдардағы ұлы жұт, нәубет геноциді. Отаршылдық топаны мұнымен шектелмей, қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтары – оқыған ең сүйікті, білімді, иманды, шешен, алғыр ерлерін лек-легімен жаппай қуғынға ұшыратты, содан кейін түгелдей айдауға кесті. Түрмеге тығып, абақтыда шірітті. Советтік билік қазақтың көсемі болған элита жетекшілерінен бастап сауаты бар, оқыған ауыл-ауылдағы мұғалімдерді, мектеп ашқан ағартушыларға дейін қамады. Олар түп-тамырымен, бала-шаға, жақын-жұрағатымен туған жерінен айдалып, ел ішінен жыраққа аласталды. Солардан аман қалғандары азапты жылдардың сорын тартып, түрлі ауруларға ұшырап, өмірден өксіп кетті. Олардың атылғаны атылып, түрмеге түскені шіріп, қасіреттен аман шыққанының аузы байланып, аяғы тұсалып өтті... Ал бүгінгі Тәуелсіздік күнінде біз танымаған, біз әлі бағасын бере алмаған саясаткерлер, озық ойлы тұлғалар қаншама! Сол біз танымаған көптеген беймәлім есімдердің бірегейі осы Сейдәзім Қадырбай еді. Саналы ғұмырында елінің тұрмысының тезіне жегіліп, кірпіші болып қаланған ер туралы айтуды парыз санап, білгенімізді оқырман алдына ұсындық. Абылай ханның елеулі бір кезеңінде өмір сүріп, ерлігімен аты шыққан арғын Өтей Ақымбетұлы деген батыр болған. Еділ бойындағы қалмақтар қазақтарға шабуыл жасап, елдің берекесін қашырғанда хан Абылай кіші жүз тармағындағы елге қорған болсын деп Қараман Бөгенбай Қожекеұлы, Еренші Уақ Бармақ батыр, Балта Керей Қолшыман батырлар бастаған қолды жіберген-ді. Сол арнайы жасақтың құрамында Өтей батыр да болған. Ат үстінде өзгеден озық көрінетін Өтей батыр сол шайқаста ерлігімен қаза тапты. Қаралы жұрт батырды ақ киізге орап, арулап жерлеген. Сүйегі бүгінгі Атырау облысының Қызылқоға ауданында жерленген екен. Өтейдің өзі өлсе де, аты өлмеген. Есімі – ұранға, өзі – елге айналған. Біздің батыр тұлғалы Сейдәзімнің түп атасы осы – Өтей еді. Өтей батырдан Бекбаулы би, одан Жамбай шешен, одан Дәнен, Дәненнен – Қазыбек. Қазыбектен – Байғозы, Байғозыдан – Әлімбай, Әлімбайдан – Қадырбай тараған. Қадырбай да атақты би болған, сүйегіне сөз қонған шешен, парасатты адам болатын. Қадырбай биден Құлмағамбет туған. Құлмағамбет – Сейдәзімнің әкесі. Ол да есті сөзге үйір, баталы кісі болған деседі. Сейдәзім 1885 жылы Торғай уезінің Сарықопа бойында дүниеге келген. Түп атасынан бастап дәулетті, бай-қуатты өмір сүрген отбасында өскен бала жасынан алғыр болып, ең әуелі ауылдағы молдадан «әптиек» танып, мұсылмандық іліммен сауат ашқан. Сосын 1864 жылы ұлт ұстазы – Ыбырай ашқан мектептен екі жылға жуық білім алып, үздік бітірген. 1901 жылы Орынбордағы қазақ мұғалімдерін даярлайтын мектепке қабылданып, 1905 жылы оны үздік бағамен тамамдаған. Оқу бітірген соң, оқытушылық жолға түспей, құқықтық-саяси бағытты таңдаған. Бұл мектепте оқығанында Сейдәзім Ресейдің ішкі қалаларынан саяси көзқарастары үшін қудаланған орыстың демократ зиялыларынан сабақ алып, жақын араласып, өз бетінше заң, құқық ілімдерін құмарта оқыған-ды. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін, яғни қазақ балалары заң ілімін оқып, меңгергенге дейінгі уақыт аралығында қараша елдің құқы тапталып, орыс билеушілері ойларына келгенін істеп, алым-салықты көбейтіп, қазақтың жерін тартып алып, бекініс, қала салып жатты. Елінің саяси-құқықтық көзқарасының төмен екенін, көп жұрттың оқымаған қараңғы екенін ескеріп, кейінгі ғұмырында бодандықтағы сорлы ұлысының құқығын көтеремін деп күйінішпен әрі сүйінішпен іске кіріскен. «Мен қазақ зиялысы ретінде халқымның патшалық кезеңде көрген қорлығы мен қанауын сезбеуім және түсінбеуім, әрине, мүмкін емес-ті...» деп жазуы – соның айқын көрінісі. Алаштың бақытты шағының басы болып саналатын 1905 жылдың жазында Қарқаралы қаласына бүкіл қазақ оқығаны жиналып, жиын өткізген. Ортаға мәселе тастап, пікір алмасқан. Сосын, патшалық үкіметтің басшысына 11 баптан тұратын «Қарқаралы құзырхаты» (Петиция) құжатын даярлап, дүйім жұрт болып қолдап, қол қойып, арыз-шағымды жолдаған-ды. Сол дүбірлі елдік жиынға Орынбор округтік сотының аудармашысы қызметіндегі Сейдәзім де арнайы келіп қатысып, замандастарымен көрісіп, сөз таластырған. Сейдәзім Ахмет пен Міржақыпты бала күнінен естіп білген, таныс болған бір топырақтың адамдары еді. Бұл жиында ол төре баласы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған басқа да ой қазығымен, қыр қазағымен танысып, табысады. Содан бастап ол – өзі секілді ел аманатын арқалаған үмітті жүректермен бір сапта бірге жүріп, бірге азап шегіп, тауқымет тартып, тіпті қасқайып бірге тұрып кеудесін оққа қарсы төсеген.***
Сейдәзім – көрнекті Алаш қайраткері. Азаттық қозғалысының Орталық тұлғасы ретінде 1910–1917 жылдары ұлттық идеяны ел ішінде насихаттап, ауыл-аймақты аралап, дәріптеу жұмысымен айналысқан. Байлардың ауылында болып, кіндік үкіметке қаражат жинап, жылу-көмек сұраған. Алаш ұлын біреуі қуана қарсы алса, біреуі көңілін қайтарып, қозғалысқа үзілді-кесілді қарсы болған. Ақиқатында, сол замандағы қазақтардың көбі Алаштың сөзіне құлақ аспай, қозғалысқа ермеген. Тамам елмен шаңырақ көтерген ұлттық Алаш автономиясының ғұмырының ұзақ болмауы содан-ды. Егер мұқым ұлыс мақсатты тілекке пейілмен кірісіп, уығын ұстап, оқығандарға сенім артқанда, саясат серкелері мемлекетті сақтап тұрар ма еді дейміз. Сейдәзімнің тарихтағы үлкен ісі – Алаш әскерін құруға қатысуы. 1918–1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының жанында болып, Торғайдағы Алаш Орданың бөлімшесінде қызмет етті. Алаш әскерін жасақтап, Міржақыптың ағасы Асқар Дулатұлымен бірге Торғай дуанына қарасты болыстардан ат сұрап, әскерге ер-азаматтарды алып, оларды әскери тактикаға баулып, жетекшілік еткені бар. 1917 жылғы 2-8 сәуір аралығында Орынборда өткен Торғай облыстық съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды және төралқалық хатшылыққа тағайындалды. 1917 жылғы 1-8 мамыр аралығында Мәскеуде өткен жалпымұсылман съезінің жұмысына қатысқан делегаттар құрамында болған. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ съезінің құрамына еніп, ұлттық мемлекетті құрысқан. Үкіметтің жанынан құрылған алқаға мүше болып, септескен.***
Сейдәзім – заңгер, құқық саласының білгірі. Қазақтың саяси-құқықтық ойлау ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Құқықтық-саяси құжаттар мен нормаларды жүйелеген, бүгінгі біз білетін көптеген термин мен ұғымды қазақылаған заң ісімен теориялық-тәжірибелік тұрғыда қатар айналысқан маман. 1922–1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Юстиция Халық Комиссариатының заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған. Совет үкіметі орнағаннан кейін Наркомюстта (Бүгінгі Әділет министрлігі) жауапты қызмет атқарған азамат әр жылдары «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар» (1928), «Жер заңы» (1927), «Ақылы істерді жүргізу заңы» (1930), «Ақы заңы» (1926), «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» (1930) кітаптарын жазып, шығарды. Кейбірін орыс ғылымынан аударып, қазақша сөйлетті. Осы жерде бір қызық дерек айтайын, Барлыбек Сырттанұлы деген Алаш қайраткерінің мұрасын түгендеп, зерттеу ісімен жүргенде, Алматыда тұратын ұрпақтары барын біліп, кездесуге асықтым. 2017 жылдың 2 наурызында Алматыда тұратын Барлыбектің немересі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, сексеннен асқан Әниса Абдулқадырқызымен кездесіп, әңгімелестім. Сол үйде отырғанымда Әниса әже маған әкесі – Абдулқадырдың жеке кітапханасына тиесілі онға жуық ескі кітаптарды көрсетті. Ескі кітаптардың арасында Сейдәзімнің «Ақылы істерді жүргізу заңы» кітабы бар екен. Осылай ойда-жоқта Сейдәзімнің кітабын тауып, сарғайған ескі кітапты, теңдесі жоқ зор мұраны парақтап, оқып көргенмін. Мәскеудегі Күншығыс халықтарының баспаханасында төте жазу қарпімен басылған бұл кітаптың тілі ширақ екен. Тез әрі жеңіл оқылды. Өмірімде алғаш рет ана тілімде жып-жинақы, әуезді даярланған заң құжатын, құқық тілін көріп, оқып таңғалғаным бар. Кейін сол кітапты бүгінгі қолданысымыздағы әліпбиге түсіріп қойдым да, бұл тұлғаны зерттейтін, танып, насихаттайтын біреуді даярлау керек деген оймен жүрдім. 2018 жылдың көктемінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтің қорымен жұмыс істеп жүргенде, жас зерттеуші досым Дархан Наурыз мені әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті Бағлан Әбеу деген қарағандылық баламен таныстырды. «талағының биті бар» талапкер екен. Танысып, жөн біліскен соң, аманат етіп, осы тұлғаны зертте, таны деп бағыт-бағдар беріп, жөн сілтегенмін. Аллаға шүкір, сол Бағлан, міне, шаң басқан архивті қопарып, кітапхана кезіп, Сейдәзім Қадырбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасын індете қарастырып, көңілден шықты. Оның тапқан дүниесін жинақтап, редакциялап, жеке кітап ретінде даярлап, баспаға өткіздік. Сонымен, тұңғыш рет есім-сойы атаусыз қалған қайран ер – Сейдәзім Қадырбайдың шығармалар жинағы жарыққа шығып, оқырманға жол тартпақшы. Сөйтіп, Алаштың бір сөнген жұлдызы қайта жанып, есімі ғылыми айналымға енді. Ұзағынан сүйіндірсін деп қуанып отырмыз. Ендігі зор міндет – Қостанай облысында осы тұлға еленіп, тұғырына қонса екен. Оның есіміне мектеп, көше, ауыл аттары берілсе екен деген тілек барын жасырмаймыз.***
Қарғыс атқыр советтік билік 1929 жылы Алаш зиялыларын бір-бірлеп тергеуге алып, екі-үш айдан кейін бірінен соң бірін итжеккенге айдатты. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алдыңғы толқын ағалар Архангельскке, Міржақып Дулатұлы бастаған ерлер Колымаға, Мағжан Жұмабай сынды ақындар тобы Магаданға қуғындалды. Ал Сейдәзім болса Воронежге жер аударылды. Осы қанды қасап 1929 жылдан кейін ұлт-азаттық жолындағы айнымас серіктер бір-бірінен мәңгілікке көз жазып қалды. 1930 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы, Елдес Омарұлы, Дінше Әділұлы, Халел Ғаббасұлы сынды ортаңғы буын атылды. 1933 жылы небәрі отыз үш жастағы Смағұл Сәдуақасұлындай жас пері оққа ұшты. 1935 жылы Сосновец лагерінде Міржақып Дулатұлы өлім құшты. Осылай қазақтың абыройы, ар-ожданы болған, елін шексіз сүйген, қазағы үшін бастарын қатерге тіккен кемеңгер ерлер бірінен соң бірі «Халық жауы» болып атылды да кетті... Бүгінгі жер басып жүрген 18 миллион қазақтың мойнында осы тұлғалардың қаны, арман-тілегі бар. Соны ешқашан ұмытпайық! 1921 жылы В. Лениннің шешімімен рақымшылық алған Сейдәзімді 1966 жылы Воронеждегі облыстық сот «Халық жауы» тақсіретінен ақтапты. Бірақ ол кезде бәрі кеш еді ғой... P.S. Қайта оралған есімдер – қазақтың тарихындағы ең абыройлы тұлғалар. Уақыт-сыншы оны дәлелдеп көрсетті. Енді, міне, күнің туды. Қош келдің, құқық тілінің теориялық негізін салған әділет саласының маманы! Мәңгілік ғұмырың – тұғырлы болсын!Елдос Нүсіпұлы