Жеке инвестицияларға – даңғыл жол

Жеке инвестицияларға – даңғыл жол

Жеке инвестицияларға – даңғыл жол
ашық дереккөзі
244
Елордада Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша қабылданған бірқатар заңнамалық актілердің ережелері мен жаңалықтарын түсіндіру мақсатында арнайы семинар өтті. Семинарда Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қолданыстағы мемлекеттік кірістер мен шығыстар жүйесі қайта қаралатындығын айтты. Қаржы министрінің айтуынша, Ұлт жоспарының басты мақсаттарының бірі – сапалы білім, денсаулық сақтаудың жоғары деңгейі, жоғары жалақы, азық-түлік, кемел заңнама және қауіпсіздік секілді қарапайым халықтың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында Қаржы министрлігі де жаңа заңнамалар әзірлеген. Олардың қатарында «Мемлекеттік сатып алулар туралы», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», «Мемлекеттік мүлік (жекешелендіру) туралы», «Банкроттық туралы» және мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық туралы жаңа заңдар бар. Бақыт Сұлтанов өз сөзінде жекешелендіру мәселесіне айрықша тоқталды. Министрдің айтуына қарағанда, жекешелендірудің басты міндеті – бюджетті толықтыру емес, мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін азайту әрі жеке кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беру. «Біздің басты міндетіміз – мемлекет меншігінен шығару, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Әрине, жекешелендірілетін нысандардың сатылу бағасы маңызды, бірақ бүгінде біз жекешелендіру есебінен бюджетті толықтыруды ең басты міндет ретінде айқындап отырған жоқпыз. Жеке инвестициялардың жұмыс жасағаны өте маңызды», – деді Бақыт Сұлтанов. Қазір жекешелендірудің жаңа бағдарламасы әзірленуде. Жекешелендірудің жаңа бағдарламасына барлық мемлекеттік компаниялар мен мемлекеттік мекемелер кіреді. «Халықаралық сарапшылар тартыла отырып, әрбір кәсіпорынға қатысты тиімді қадамдар айқындалады. Біз осы мақсатта заңнамаға өзгерістер енгізіп, бірқатар проблемалық мәселелерді шештік. Ондай проблемалардың бірі мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік компаниялардың нысандарды өз балансынан төмен сатуға қатысты тәуекелі болатын. Әрине, бүгінгідей жағдайда ондай активтердің құны өздерінің баланстық құнынан біршама төмен болатыны түсінікті, ондай қорқыныш та жоқ емес. Дегенмен, нарықтың аты – нарық. Сондықтан да, бүгінгі маңызды міндет – мемлекеттің экономикадағы қатысу үлесін мейлінше азайтып, жеке бастамалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру», – деп атап өтті министр. Ал жекешелендіруге жататын нысандардың бағасы сұранысқа байланысты болады. Қазіргі уақытта Үкімет жекешелендіруге шығарылатын мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор нысандарының тізімін дайындап қойды. Бұл тізімге республика меншігіндегі 65 ірі компания мен ұлттық холдинг енді. Аталмыш нысандардың баланстық құны 5 миллиард теңгеге бағалануда. Елімізде бүгінгі күні 447 миллиард теңге мүлік пен қаржы жарыққа шығарылған, оның 362,1 миллиарды Қазақстан аумағында орналасқан мүлік екен. Ал шетелде 1 миллиард теңгенің мүлкі заңдастырылыпты. Министрдің айтуынша, заңдастыру үрдісі біршама жеңілдетілген. «Кез келген адам бұған дейін жасырып келген қаржысын банктік есепшоттар арқылы заңдастырып, бұрынғыдай 10 пайыздық алымды төлемей-ақ кез келген мұқтаждығына жұмсай беруіне болады», – дейді Бақыт Сұлтанов. Семинар барысында ҚР Қаржы министрі мемлекеттік кірістер мен шығыстардың қазіргі жүйесін қайта қарап, үнемдеп өмір сүруді үйрену қажеттігін, бірақ даму барысында кідірмеу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ведомство басшысы жаңа инвестициялық саясат турасында да сөз қозғады. Осы орайда, министр трансұлттық корпорацияларға баса назар аударып, жеке инвестициялар тарту керектігін тілге тиек ете келе: «Жаңа инвестициялық саясатқа тоқталатын болсақ, трансұлттық корпорацияларға жеке инвестицияларды тарту, экономикалық өсімнің аймақтық драйверлерін жасақтау, сонымен қатар әлемдік және аймақтық нарықтағы экспорттық әлеуетті толығымен игеру қажет», – деді.  

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары