Көкшетауда бір күнде 80 бала ауырып мұрттай ұшты. Қала орталығындағы №2 мектепте 260 оқушы сабаққа келмей қалды. Кешеден бері аяғынан тік тұрған дәрігерлер үй-үйді аралап, мектептегі балаларды да бастан-аяқ тексеруге кіріскен. Олардың барлығы жүрегі айнып әлсірепті, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
№2 мектеп – қала орталығындағы 2200-ге жуық оқушысы бар ең үлкен мектеп. Бір сәтте 80 оқушы ауырып қалғанда мектеп басшылығы дабыл қаға бастаған. Санитар мамандар мектеп асханасынан қажетті сынамалар алыпты.
"Бүгін 260 оқушы мектепке келмей қалды. Көбін ата-аналары қауіптеніп жібермей қалған. Солай деп мектепке хабарласты. Бұл жағдайдың неден болғанын айта алмаймыз. Асханада улануы мүмкін емес. Барлық балалар тамақ ішіп жүр ғой. Қажетті тексеру жұмысын ұйымдастырып жатырмыз", - дейді мектеп директоры Гүлнар Әбдіқасымова.Оқушылармен бірге екі мұғалім де науқастанып қалған. Іші ауырып, құсып, басы айналып мектепке келе алмағандарды дәрігерлер қарап жатыр. Сабақ үстінде де балалардың денсаулығын тексеруде.Білім ошағын дүрліктірген дерттің себеп салдарын санитар мамандар анықтап жатыр. Асханадағы тағамнан сынамалар алып, балалар анализ тапсыруға жіберілген. Сондықтан дәл қазір диагнозды дөп басып айту қиын дейді мамандар. Вирустық инфекция ма, әлде улану ма, ол енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.