236
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы: 8 құжатқа қол қойылды
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы: 8 құжатқа қол қойылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президенті Форумның мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған игі дәстүрге және толыққанды механизмге айналғанын, өткен жылдардағы ынтымақтастықтың нәтижесі осының айқын дәлелі екенін атап өтті.
– Өзара сауда-инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай кеңейді. 2003-2018 жылдар аралығында сауда көлемі 3,5 есе ұлғайды. 2018 жылы тауар айналымы 6,5 триллион теңгеден асты немесе 19 миллиард АҚШ долларына жетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, мұнай-газ салаларындағы екіжақты іс-қимылдардың өсу қарқынына оң баға берді.
– Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттен бастап «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбыры арқылы әлемдік нарыққа 500 миллион тоннадан астам мұнай жеткізілді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Сонымен қатар консорциум біздің елдеріміздің күш-жігерін біріктіру және сенімді шетелдік инвесторларды тарту арқылы алынатын синергия тұрғысынан тиімді. Біздің кәсіпорындарымыз Қазақстанның «Теңіз», «Королевское» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ, трансшекаралық «Хвалынское», «Центральное» және «Құрманғазы» кен орындарында бірлескен жұмыстар жүргізуде, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүргізіліп жатқан ықпалдастықтардың нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, өңірлердің Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануы өзара сауда-саттықтың артуына, жеткізілетін тауар номенклатурасының кеңеюіне және инвестицияның ұлғаюына ықпал етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі бола алады деп есептейді.
– Екі елде де инвестиция тарту және экспортқа ықпал ету үшін құрылған арнайы даму институттары жеткілікті. Бұл институттар тауарларды жеткізу үшін перспективалы нарықтар мен өңірлеріміздің инвестициялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін сараптап, ол жайында бизнесті ақпараттандырып, елдеріміздің шекаралас өңірлерінің нарықтарын зерттеу жөніндегі бірлескен бағдарламаны әзірлеп, іске асыра алады. Бұл жұмысты тұрақты әрі жүйелі жүргізу керек деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
– Шекара маңы аймақтарының инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейту және дамыту қажет. Қолданыстағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс бар. Құрылған трансұлттық дәліздерді, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» және «Солтүстік – Оңтүстік» мегажобаларын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту керек. Бүгінде өткізу бекеттерін кеңейтіп, қосымша бірнешеуін ашу қажеттігі туындап отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баяндамада екі елдің өндірістік кооперациясы саласындағы Бірлескен іс-қимылдар бағдарламасының маңызды рөл атқаратынына баса мән берілді. Президент салалық министрліктерді, өңірлерді, экспортты дамыту және қолдау институттарын үшінші елдердің нарықтарына бірлесе шығу кезінде өзара белсенді іс-қимыл жасауға шақырды. Сонымен қатар ол екі елдің бақылаушы органдарының арасында тығыз ынтымақтастық орнату пайдалы деп санайды.
– Ауыл шаруашылығы – кез келген экономиканың аса маңызды секторларының бірі екені жасырын емес. Бақылаушы органдардың осы салаға ерекше назар аударуы түсінікті және тиімді. Бірақ ол шектен шықпауы тиіс. Сондықтан әкімшілік кедергілерді болдырмау, туындайтын мәселелерді шешуде жеделдікті қамтамасыз ету үшін тиісті министрліктер мен ведомстволар арасында толыққанды, күнделікті байланыс қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді, сондай-ақ, Қазақстан астанасында Бауман атындағы университеттің базасында физика-математика мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдады. Сәйкесінше, Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» филиалын ашуға болады деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында экологиялық проблемаларды шешудің маңыздылығын айта келе, келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді, сондай-ақ, оның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп атауды ұсынды.
Форум қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
– «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасы;
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы;
– Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі арасындағы Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– Қостанай облысының әкімдігі мен Челябі облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім;
– Павлодар облысының әкімдігі мен Қорған облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы Павлодар облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясы Новосібір облысының әкімшілігі арасындағы 2019-2021 жылдарға арналған сауда-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен «Ресейдің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау банкі» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.