449
Елге берерің болмаса да, беделіне нұқсан келтірме...
Елге берерің болмаса да, беделіне нұқсан келтірме...
Соңғы уақытта National Geographic-тің Instagram-дағы ресми парақшасына Қазақстанда түсірілген суреттерді жиі жариялайды. Көріп қалсақ, бір-бірімізге сілтемесін жіберіп, таныс-тамырға сүйіншілей жөнелеміз. Мұнымыз – қазақтың елі, жері туралы шетелдіктердің білім-білігі артатын болды деп қуанғанымыз. Елдің халықаралық аренадағы имиджін көтеруге бағытталған шараларға там-тұмдап болса да сеп болады деп сенгеніміз. Алайда жалпақ жұртқа Қазақстанның атын танытуға «үлес» қосушылардың арасында алаяқтар мен ұрылардың, бұзақылардың көбейгенін ойласақ, ел беделін биіктетуге жұмсалған миллиондар зая кетпей ме деген күдікті ой оза шабады.
Қарап отырсақ, қанша жыл өтсе де, шетелдік әріптестеріміздің әлі күнге дейін еліміз жайлы жазбаларға «Боратты» тықпалай беруінің бір себебі – шетелдік БАҚ-та қазақстандық туристер туралы жағымсыз деректердің жиі қылаң беруінде болса керек. Мәселен, жақында Біріккен Араб Әмірліктерінен жерлестеріміз жайлы тағы бір жайсыз хабар жетті. Дубайдағы мейрамханалардың бірінде ащы суға сылқия тойып алған қазақстандық туристер төбелес шығарған. Қазақстанның БАӘ-дегі бас елшілігінің мәліметінше, мейрамхана қызметкерлерінің шағымы бойынша оқиға орнына жеткен полицейлер төбелес және алкогольді сусын ішу деректері бойынша екі хаттама толтырыпты. Абырой болғанда, қазақстандықтар айыппұлмен құтылған. Жерлестеріміз үшін ұятты болған бас елшілік оларды жергілікті заңға құрметпен қарауға шақырды. БАӘ-де ішімдік ішуге тыйым салынғанын біле тұра, сол елге демалуға барған қазақстандық азаматтардың дені бұл заңды белінен басатыны ұят-ақ.
Осыдан екі жыл бұрын Австрияға саяхаттап барған тағы бір отандасымыз үшін ел боп қызарғанымыз есте. Вена қонақүйлерінің бірінде ішімдік ішіп, тыр жалаңаш шешініп, шу шығарған қазақстандық жайлы батыстық БАҚ жарыса жазған. Қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, қонақүй қонақтарының мүлкіне қол сұққан 33 жастағы азаматтың бейбастығы жат елде Қазақстан жайлы оң әсер қалдырмасы анық. Оқиғаға куә болғандар, газет-журналдан оқып білгендер бұдан былай еліміздің атын естігенде бай тарихымызды, кең-байтақ жерімізді емес, ең әуелі әлгі жерлесіміздің арсыздығын еске түсірмесіне кім-кепіл?! Бір қарын майды шірітетін осындай «құмалақтар» қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төгетіні қынжылтады.
Соңғы уақытта шетел асқан қазақстандықтардың арасында сұғанақ қолдар да көбейіп барады. Биылғы жылдың көктемінде Бішкек полициясынан кісі тонаған үш отандасымыз жайлы хабар жетті. Үш ұры көшеде жергілікті тұрғынды тонап, қашып кеткен. Алайда көліктері жол апатына ұшырап, алысқа ұзамаған. Тәртіп сақшылары жаяу қашқан үшеуді қолға түсірмей қоймады. Бішкек полициясының дерегінше, олардың бірі – 21-де, екіншісі – 28-де, ал үшіншісі 29 жаста көрінеді. Заңбұзушылардың көлігін тінту кезінде Макаров тапаншасының 5 оғы табылған, ал қалталарынан 920 доллар көлемінде ақша шыққан.
Бұл Қырғыз сақшыларының қазақстандықтардың ізіне алғаш рет түсуі емес. Өткен жылдың шілдесінде жергілікті полицейлер тұрғындардың толассыз шағымынан кейін Бішкекте бірнеше пәтерді тонаған екі азаматты қолға түсірген. Ұсталғандардың екеуі де қазақстандықтар екені анықталды. Қырғыз Республикасы ҚК 164-бабы («Ұрлық») бойынша істі болған екеудің жалдамалы пәтерінен 5 ұялы телефон, ірі көлемде ақша, сағат, электрошокер, қолғап, әртүрлі кілттер, зергерлік бұйымдарға арналған өлшеуіштер, долларлар мен сомдар тәркіленген.
Біз БАҚ арқылы тарап, көптің құлағына жеткен сан түрлі келеңсіз оқиғалардың бірлі-жарымын ғана тілге тиек етіп отырмыз. Ал естімегеніміз, білмегеніміз қаншама. Қазақтың қанша баласы жат жұртта ұрлықпен жан бағатынын, Қазақстанның тағы қай азаматы шетелде «жақсы» атымызды жария қылып жүргенін кім білсін?
Алаяқ – Америкада да алаяқ
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылдың соңына дейін Қазақстанның 947 азаматы шетелде сотты болған. Ал бейресми деректер шетел түрмесінде отырған отандастарымыздың саны 3 мыңнан асып жығылғанын алға тартады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелге арам пиғылмен барғандардың дені пәтер, көлік сатумен айналысып, құзырлы органдар назарына іліккен. АҚШ-та 10 жылдан бері тұратын, сол елде жылжымайтын мүлік саласында қызмет ететін Еркебұлан Кәкімбеков есімді жерлесіміздің айтуынша, мұхит асып, көлденең олжаға кенелуді ойлайтын отандастарымыз көбейген. Сондай алаяқтардың бірінің қармағына жуырда өзі де ілініпті. Айтуынша, Қазақстанға АҚШ-тан бір құжат беріп жібермекші болып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. «Түріне қарасаңыз, қазақтың қарапайым қызы. Ойымызда ештеңе жоқ. «Менің атым – Махаббат» деп өзін таныстырды. «Менің досым Қазақстанға кетіп бара жатыр, құжаттарыңызды беріп жіберуге болады» деді. Біз оған маңызды құжатты тапсырып, көмегі үшін 40 доллар бердік», – дейді Е. Кәкімбеков. Алайда бойжеткен сол күні ізім-ғайым жоғалған. Тіпті, құжатты да қайтармапты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, АҚШ-та түрлі қылмыс жасап, түрмеге жабылған отандастарымыздың қарасы қалыңдаған. «Бүгінгі таңда шетелдегі түзету орнында отырған қазақстандықтардың саны мыңнан астам. Олардың басым бөлігі ТМД, Азия, Африка, Еуропа, Америка елдерінде жазасын өтеуде. Ақшасын бермей кету, шетелге оқуға түсіремін деп ірі көлемде қаржы алып, алдап соғу секілді деректер жиіледі. Негізінен алаяқтықпен айналысатын делдал топтар басым, жекеменшік орталықтар бар», – дейді СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы Оңталап Оңалбай. Министрлік қызметкері өткен жылдың соңында АҚШ-та болған алаяқтық деректерінің бірін еске түсірді: елден жырақта жүріп, 34 отандасының шамамен 450 мың долларын заңсыз қалтаға басқан елордалық азамат әлі күнге дейін ұсталмапты. Ол Чикагода логистикалық компания ашып, арзан бағаға көлік сатуды кәсіп еткен. Алайда есепшотына ақша аударылғаннан кейін ізім-ғайым жоғалған. Бүгінде оның қайда жүргені белгісіз. Мамандардың айтуынша, шетелде алаяқтықпен айналысып жүрген отандастарымыз өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін көбіне оң-солын танымайтын қазақстандық студенттерді пайдаланады екен. «Белгілі бір топтар АҚШ-қа енді ғана оқуға барған жас студенттерді тауып алып, мынадай ұсыныс жасаған: «Біз сіздердің банк аккаунттарыңызға белгілі бір мөлшерде ақша жібереміз, сіздер өз үлестеріңізді алып, қалғанын бізге бересіздер». Мәселен, егер сенің шотыңа 20 мың доллар жіберсе, сен оның 1 мың долларын аласың, қалған 19 мың долларды алаяқтарға беруің керек», – дейді Еркебұлан Кәкімбеков. Алаяқтар жайлы ақпараттарға етіміз үйренді ме, осы күні шеттен жеткен мұндай хабарларға селт етпейтін болдық. Есесіне, жырақтағы отандастарымыз қазір ауыр қылмыс түрлерімен «таңғалдыруға» бейім. СІМ дерегінше, АҚШ-тың Вирджиния штатында біздің бір азаматымыз халықаралық қару тасымалдау айыбы бойынша қамалып, сот шешімін күтуде. Ал Дубайда адам өлтіріп, ұрлық жасады деген айыппен Қазақстанның бес азаматы 15 жылға дейін сотталды. Биылғы жылдың көктемінде Қытайдан тағы бір суыт хабар жетті. Жат жерде жаза басып, жазықсыз сотталған қаракөзіміз Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтара алмай, ел боп алаңдап жүргенде, аспан асты елінде есірткімен тағы бір отандасымыз ұсталды. 6 жылдан бері Қытайда оқып жүрген Қазақстан азаматы Юлия Ходева оқу бітіріп, елге оралуына екі ай қалғанда есірткі сатты деген айыппен түрмеге қамалды. Анасы қызының мұндай әрекетке барғанына сенбей, жазығы жоқ деп жап-жас қызды ел боп жамандыққа қимасақ та, айғақтардың бәрі оның айыбын әшкерелеп тұр. Қаһары күшті Қытай заңына қарсы елшілік не қайран қыла алады? Теріс жолға түсіп, қор болған қыз тағдырының артында ел беделі тұрса, қайтпек керек? Алыс тұрмақ, ағайыныңның өзі атыңа қарап амандасып, беделіңе қарап бет бұратын бүгінгі заманда мемлекет абыройына дақ түсіру болашағымызға бейжай қарау деген сөз емес пе?!.