647
Сөз өнерінің патриархы
Сөз өнерінің патриархы

Әр дәуірде жоғарғы марапаттарға лайық азаматтар болады, олар елі үшін еңбек етіп, сол арқылы ұлтының, мемлекетінің дамуына, әлемге атағы аспандап, мәртебесінің көтерілуіне зор пайдасын тигізеді. Қазақ дегенде еске түсетін сондай дегдар азаматтың бірегейі – ұлттық әдебиетіміздің классигі, аса көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Әбдіжәміл Кәрімұлы қазақ көркемсөзін жаңа деңгейге көтерген аса дарынды тұлға. Хат таныған күллі қазаққа ғана емес, аты да, шығармалары да алыс-жақын елдерге кеңінен танылған. «Күткен күн», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді романдары әлденеше рет басылып шығып, дәрежесі биік әдеби сыйлықтарға ие болды. Шығармалары әлемнің іргелі елдеріне қазақ әдебиетінің қуатын танытты.
Романдары жер жүзінің 40-қа жуық тілдеріне аударылып, көп таралыммен оқырмандар қолына тиген қазақ жазушысының өзгеше талант құдіретін аты дүниежүзіне белгілі көптеген қаламгерлер жоғары бағалады.
Биікке биіктің көзі түседі. Қазақ қаламгерлері арасында шығармалары тұңғыш рет Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынылған да осы Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толып, қаламгер мерейтойы елімізде кең түрде аталып өтуде. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбдіжәміл Нұрпейісовті қабылдап, оның өңіріне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының «Алтын жұлдыз» белгісін тақты. Бұл – Мемлекет басшысының қазақ әдебиетіне деген үлкен құрметі еді.
«Сіз халқымызға керексіз. Сондықтан сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қазақ қаламгерінің омырауына «Алтын жұлдыз» белгісін тағып жатып.
Өз кезегінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризалығын білдіріп, алғыс айтты және Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарына қосу жолындағы істеп жатқан еңбегіне табыс тілеп, тілектестігін білдірді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – белгілі ғалым, көрнекті қаламгер Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, «Бүгіндері дүниелік әдебиеттің таңдаулы шеберлерінің біріне айналды. Ұлттық салт-дәстүрдің уызына жарып өскен, мәйекті тілімен тебірене білетін, оқырманды да тебіренте жүретін сөз зергерімен замандас болғанымызға мың мәрте тәубе айтамыз. Ағаға қарап паңданамыз! Ағаға қарап биіктейміз! Баладай еркелігіміз ұстайды. Шүбәсіз шындық: Әбдіжәміл Нұрпейісов кітап оқитын әрбір қазақтың жүрегінің төрінде, туған халқымен бірге жасай береді».