1134
Назипа Алтаева: Адал еңбек ырысты арттырады
Назипа Алтаева: Адал еңбек ырысты арттырады
Қазақстан халқының 8,7 миллионға жуығы – аналар, сүйікті жар, мейірімді отанасы. Бүгінгі қыз-келіншектер қол қусырып отырмай, өз кәсібін ашуға бейім. Біздің кейіпкеріміз Нәзипа Қалдашқызы да бірнеше істі қолға алып, дөңгелетіп жүрген кәсіпкердің бірі. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған Түркістан облысы Жетісай аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін де қатар атқарып, қаншама қыз-келіншектің кәсіп ашуына бағыт-бағдар беріп келеді.
– Назипа Қалдашқызы, әуелі әңгімемізді кедергісі мен қиындығы көп кәсіп ашудан бастасақ. Әйел затының бұл істі қолға алуына күмәнмен қарайтындар көп қой...
– Өзім қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасымын. Қазір Жетісай қаласында тұрамын. Біз мектеп бітірген жылдары халықтың жағдайы өте қиын еді. Әкем Қалдаш Айтбайұлы 35 жыл дүкенші боп жұмыс істесе, анам үй шаруасын дөңгелетті. 2 ұл, 6 қызды тәрбиелеп өсірді. Ал өзім үйдің сүт кенжесімін. Әкем «әйел заты табиғатынан тәрбиеші» деп 6 қыздың бәрін мұғалімдікке оқытты. Мектепте жұмыс істегеніме – 24 жыл. Педагог-психолог жұмысын қатар алып келдім. Менің арғы атам Ұлы Жібек жолы арқылы керуен тасыған, яғни керуенбасы болған екен. Кейін сол жолда жүріп, із-түзсіз жоғалып кеткен деседі. Бәлкім, саудаға жақындығымыз қанда бар шығар, кім білсін?! 1991 жылдары анам сауда жасауға шықты. Екеуміз айран көже жасап, саттық. Сол кезде неше жыл үйде отырған анамның есепке деген мықтылығына таңқалдым. 2001 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қоя бастадым. Шынын айтсам, әуелгіде саудаға мұқтаждықтың арқасында келдік. Күніне 500 теңгеге сауда жасайтын нүктеден бес айда 250 мың теңгеге дейін кіріс кірді. Содан-ақ бұл тірліктің маған қол екенін білдім. 20 жыл ішінде қаншама дүкен ашып, нешеуін жаптық. Бірте-бірте кішігірім сауда нүктелерінен үлкен супермаркеттерге ойыстым. Жетісай және Мақтаарал ауданында 4 супермаркет, Алматы қаласында екі дүкенім бар. Бұдан бөлек фитнес клуб, дәмхана, тігін цехын аштым. Бірақ түптеп келгенде, нанымды дүкендерім мен тігін цехынан тауып келемін. Қазір екі саланы қатар алып келе жатқаныма тура 20 жылдай болыпты.
Ең бірінші кәсіпкер ретінде танытқан, еңбегімді бағалаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мырзаға алғысымды білдіремін. Көп басшыға қаймығып, кіре алмайсың ғой. Бұл кісіге қашан барсаң да есігі айқара ашық. Ал Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев та жылы қабақ танытып, өз тарапынан қыз-келіншектерге үнемі көмек беруге дайын екенін жеткізеді. Екеуі де қарапайым. Халық ішінде жүреді.
– Сіздің кір сабын өндіретін цехыңыз да бар екен. Мұны ашу үшін мемлекеттің көмегіне жүгіндіңіз бе, әлде...
– Кәсіп көзін тауып, оның қыр-сырын меңгере бастаған соң, басқа небір тың идеялар келе береді екен. Бұрын сабынды тұтынушы ретінде Ресейден алдыртатын едік. Кейін қарап тұрсақ, шығыны көпке шығады екен. Бірде осы ұсынысымды жергілікті аудан басшылығына айтып ем, қуана құптады. Сөйтіп, Түркістан облысынан арнайы қондырғыны сатып алдық. Технологиясы арнайы рецептпен жасалатын кәдімгі кір сабын өндіреміз. Күніне 2 мың дана сабын шығарамыз. Қосымша құрал-жабдық алсақ, бұдан да көп өнім өндіруге болады. Кәдімгі ақ майдың қалдықтарынан жасалады, шикізат та өзіміздікі. Сапасы өте керемет. Кірді жақсы алады. Дақты кетіреді. Жағымсыз иісі де жоқ. Түрлі химикат, иістендіргіш те қоспаймыз. Нәтижесінде клиент қоспасақ, азайтқан жоқпыз. Бүгінде көп цех пайда көру үшін қоспаны көбейтіп, табиғилығын жойып жібереді. Сосын салмағы жағынан да алдау жоқ. Бағасы да төмен. Мәселен, кейбір сабында 320 грамм деп жазылғанымен көбінесе 290 грамм болып шығады. Бұрын әкем: «Адал еңбек ырысты арттырады, таразыдан жеген тасбақа болады» дейтін. Ешкімнің ақысын жемеуді айтатын. Сол сөз мәңгі құлағымда жатталып қалған. Тіпті, жұрт нәрестелерді де осы сабынға шомылдырады екен. Көбінесе аллергиясы бар адамдарға таптырмайды. Қазір өнім ауылды жерде сұранысқа ие. Тез өтіп кетеді. Жетісай, Мақтаарал ауданын тұтастай қамтамасыз етіп отырмыз. Жақында Шардара ауданына да шықтық. Ташкент қаласында өткен Кәсіпкерлер форумына қатысып, сабынды Мақтаарал ауданынан шығатын отандық өнім ретінде көрмеге қойдық. Сонда Грузиядан келген іскер әйелдер кеңесінің басшысы «Бұл сабынды қалай алсақ болады?» деген өтініш-ұсынысын айтты. Егер шетелден сұраныс түссе, кір сабынды қаптап, бренд жасап, «Жетісай сабыны» деп шығарсақ деген ой келді. Жақында Түркістан облысы әкімдігі қызығушылық танытып, «өнімді Түркістан облысының аудандарына таратсақ» деген ұсыныс жасады. Айтпақшы, сабын цехын өз қаржыма аштым. Неге несие алмадым? Себебі сенетін бауырларым, инвесторларым бар. Бауырларым қолғабыс етіп, жан-жақтан қолдау көрсетті. Сол кісілердің қаржылай, рухани көмегінің арқасында осы күнге жеттім. Қазір қарамағымда 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Сабын шығаратын цехта 4 адам жұмыспен қамтылған. Оның көбі – жалғызбасты әйелдер, көпбалалы аналар.
– Бүгінде кәсіп ашуға әйелдердің құлшынысы жоғары. Оларға несие беруде жеңілдік қарастырылған ба? Жетісай аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде кәсіп ашуға ниеттенген қыз-келіншектерге қандай демеу көрсетесіз?
– Өзім кәсіпкер ретінде несие алмасам да, кәсіп ашқысы келетін әйелдерге микронесиені алудың жолдарын көрсетіп келеміз. Өйткені, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы көп жеңілдік берілуде. Ол үшін қабылданған арнайы бағдарламалар бар. Мәселен, 18 жастан 29 жасқа дейінгі кәсіпкер болам дейтін қыз-келіншектерге 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Олар өздерінің идеясын, жобасын, бизнес-жоспарын ұсынуы керек. Бүгінгі таңда 45 әйел грант алды. Оларға қаражатты дұрыс жолға жұмсауды көрсетіп жібереміз. Көбінесе ауыл әйелдері тігін, кондитерлік цех ашуға ақша алады. Комиссия мүшесі болғаннан кейін барып та тексердік. Шын мәнінде, сол бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанына куә боламыз.
Гранттың тағы бір түрі – 29 жастан 58 жасқа дейінгі әйелдерге 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз ақша беріледі. Тіпті, 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алған келіншек бар. Оған ешкімге ұқсамайтын креативті идеясы үшін берілді. Сурет салады. Түрлі-түсті гаммамен жұмыс істейді. Ол табиғи тасты киімге тігіп, әшекейлейді. Тәспіні де табиғи тастан өреді. Біздің қолдаған жеріміз – бұйымды жасайтын қыздардың бәрі мүмкіндігі шектеулі жандар. Қазір 2 бөлмеде 4 қыз жұмыс істеп жатыр. Өмір сүруге деген құлшынысы оянып, қоғамдағы орнын анық сезінуде.
2 млн теңге көлемінде де грант бар. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіп бастаймын дегендерге мүмкіндік те, көмек те көп. Өкініштісі, халықтың арасында ақпарат дұрыс жүргізілмейді. Біз ауыл әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл әйелдеріне кәсіпкерлік туралы тың ақпарат беріп, осы бағытқа тартуды ойластырып жатырмыз. Қазір әйелдер отбасы қамымен көшеге шығып, Үкіметке де наразылықтарын білдіруде. Оларға аудандағы кәсібін жүргізіп келе жатқан көпбалалы аналарды үлгі ретінде көрсетуге тырысамыз. Таяуда үш күндік семинар өткізіп, жаңадан талаптанып отырған қыз-келіншектерді жинап, оларға әлгіндей қиын жағдайдан шығып, кәсіп ашқандарды таныстырдық. Өмірдің өзі – сабақ. Әйелдер арасында кәсіпкерлікке деген құлшыныс, ұмтылыс жақсы. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп келеді. Үш әйелдің бірі кәсіппен айналысатынын айтады.
– Өткенде ғана Парламент сенатының депутаты Дана Нұржігіт: «Ауылдағылар алған несиесін далаға шашады» деген пікір айтқан еді. Сіз бұған не дейсіз?
– Шынында да, оңтүстік өңірде той өте көп. Әуелгі жылдары жұрт несиені той-томалақ жасауға, басқа да мақсатқа жұмсау үшін алатын еді. Қазір халықтың көзі ашылды. Мұндай ойдан арылған. Өйткені, қазір несиені тек белгілі бір жобаға бағыттап алады. Біз де көзжұмбайлықпен қарап отырған жоқпыз. Кәсіп ашуға алған қондырғысын, құрал-жабдығын көрсетеді. Жұмыс жүріп жатыр ма, жоқ па, қадағалаймыз. Нәтиже беретініне көз жеткіземіз.
Аудан бойынша әйелдердің бизнес сауаттылығын арттыру үшін семинар-тренингтер өткізіп келеміз. Біріншіден, психологиялық сабақтар өтеді. Кәсіп ашу үшін адамның ойы жақсы бағытта болуы керек. Мәселен, Ақбаян Жақыпова әйелдер психологиясын өзгертуге тырысса, бизнес сауаттылық бойынша өзім бар білгенімді бөлісемін. Мұнда келген әйелдердің 100 пайызы кәсіпкер болып кетпейді. Тым болмағанда, 10 пайызы кәсіп бастап, алып кетсе жүрегіміз жарыла қуанар едік.
– Былайша айтқанда, ауылды көркейтуге, дамытуға үлес қосып жүрген жансыз. Әлі де түрлі идеяны жүзеге асырар мүмкіндігіңіз көп. Жалпы, өмірде алға қойған мақсатыңыз не?
– Кез келген адамның миссиясы болады. Менің миссиям – адамдарға көмектесу. Біреулер мұны мақтан ретінде айтатын шығар. Менің соңымнан 15 кәсіпкер еріп шықты. Әр адамның өзіне лайықты кәсібін тауып беруге септігімді тигіземін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жетісай аудандық іскер әйелдер кеңесіне келгенім де сол. Халыққа титтей болса да, пайдам тисе деймін. Көбінесе жас отбасыларға көмектесіп тұрамын. Қазір ажырасу көп. Бұрын былайғы жұрт оңтүстікті қаймағы бұзылмаған өңір деп білетін. Алайда, заман талабына орай, қыз-келіншектердің де ой-өрісі, талап-тілегі өскен. Есесіне, ұлдарды босаңсытып тәрбиелеп жатырмыз ба, өзіне деген сенімділігі төмен. Олардан жауапкершілікті талап етсек те, әйелдер бәрін өз мойнына алып жатыр. Меніңше, бұл жақсылық емес. Келешекте тұрақтылық бұзылады. Тәрбие мен салт-дәстүрді берік ұстанған оңтүстікте де осы мәселе күн тәртібінде тұр. Мәселен, отбасы құрып, шаңырақ көтергеніне 12 жыл болған отбасы ажырасу алдында тұр екен. 2 баласы бар. Келіншегі: «Болды, бұдан әрі бірге тұра алмаймын» десе, күйеуі: «Шамам келгенше нәпақа тауып жатырмын, енді не істеймін?» дейді. Күйеуі – 90 мың, әйелі – 50 мың теңге табады. Өздері жалдамалы пәтерде тұрады. Бір отбасының шаңырағы шайқалайын деп тұрғанда бейжай қарай алмадым. Үстемесіз ақша беріп ем, екі бөлмелі времянкасы бар жер сатып алды. Әлгі келіншек менде жұмыс істейді. Еңбегіне адал. Сосын мен де көмек беруден бас тартпадым. Мүмкіндік болса, жас отбасыға қолұшын беруге дайын тұрамын. Сондай-ақ, Арыста болған апат кезінде Мақтаарал аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақбаян Жақыпова екеуміз кәсіпкерлерден 6 млн теңге қаражат жинап, тұрғындарға көрпе-төсек, киім-кешек, аяқ киім жөнелттік.
– Әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Байлық – бақыт емес. Бақыт – бала-шағамның дені сау болып, отбасымның береке-бірлікте өмір сүруі. Ауыл жұрты қалаға ұмтылады. Мүмкіндігі болса, көшіп кетуге әзір. Көбі маған: «Сенде бәрі бар. Қалаға неге қоныс аудармайсың?» дейді. Жоқ, мен ауылды сүйемін, ауылды жақсы көремін. Өзімді ауылдың патриоты сезінемін.
– Кез келген балада ата-анадан арқалаған бір аманат болады. Сізге берілген аманат қандай?
– Анам мені 43 жасында өмірге әкелді. Ол маған үнемі: «Адамның істегенін адам істейді» дейтін. Сол сөзді жадымнан шығарған емеспін. Жан-жақты етіп тәрбиеледі. «Мынаны істей алмаймын, қолымнан келмейді» деп айтпайтын едік. Тігін де тігем, шаш та қиям, тамақты да дәмді пісіремін, саудаға да бейіммін. Бақша да ектік, мақта да тердік дегендей. Өз киімімді өзім тігіп, киемін. Жұмыс істей жүріп, демалатын адамның қатарынанмын.
Әкем ауданға сыйлы азамат болды. Әкем өмірден кеткеннен кейін де жұрт «Е-е, пәленшенің қызысың ба?! Әкең жақсы адам еді» десе, марқайып қалатынмын. Сол жолды бұзбауға іштей серт бересің сосын. Бүгінгі күнмен өмір сүріп, алдап-сулап пайда табу деген ұғымымда жоқ. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демей ме? Қашан да адалдықты, шынайылықты ту етіп келемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Мира Берікболова,
Динара Мыңжасарқызы