Су жаңа қызметтік көлік мініп жүріп, миллион теңгеге жуық жалақы алып жүрсе де, мүлік салығын төлемей, борышкерлер тізіміне ілінгендердің ішінде депутаттар да бар болып шықты. Мәжілісмендер бірінші қазанда аяқталатын қаржылық міндеттемесін ұмытып кеткен сияқты, деп хабарлайды 31 арна.
Салық төлемей жүргендердің жалпы саны елімізде 800 мыңнан асады екен. Ал, биылғы қазанда аяқталған шекті мерзімінен кешіккендердің тізіміне депутаттардың бар екенін Жамилә Маричева есімді журналист әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Оның жазуынша, ең қомақты борышкер - мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко.
Соңғы уақытта көп сынға ұшырап жүрген депутаттың төленбеген салығы екі жүз отыз бес мың теңгеге жуық екен. Атырау облысының әкімі болған Бақтықожа Ізмұхамбетов та жүз қырық жеті мың теңгені уақытындатөлеуді ұмытып кеткен сияқты. Коммунистер фракциясының серкесі Айқын Қоңыров та жүз тоғыз мың теңге салығын төлемеді деп тізімде тұр. Ақжол партиясының атынан президенттікке үміткер болған Дәния Еспаева да борышкерлер қатарында болды. Артынан мәжілісмендердің бәрі мемлекет алдындағы қарызынан құтылды деген ақпарат таралды.
«Салық коммитетінен мынанша теңгелік борышы бар деп қағаз келуі керек еді. Бірақ та, ол қағаз келген жоқ. Мүмкін, мен бұны салық органының порталынан қарауым қажет шығар, алайда қағаз келмеген соң мен де оған мән бермедім. Борышымды кеше төледім, онда тұрған ешнарсе жоқ» -деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева журналистке берген сұхбатында.