274
Қазақстанның әуе компаниялары 99 халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайды
Қазақстанның әуе компаниялары 99 халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайды
Еліміз 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатты. Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу барысын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осылай мәлімдеді.
«Азаматтық авиация саласында бесжылдық қорытындысы бойынша отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға дейін өсті, 8,1 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2014 жылға қарағанда 47 пайызға артық. Жалпы, отандық авиакомпаниялардың әуе кемелері паркінің өсуі мен жаңартылуы байқалады. Әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне 78 бірлік енгізілді, ал негізгі тасымалдаушылар паркін 22 ұшаққа толықтырды», - деді Атамқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жалғасуда, оған инвестициялардың жалпы көлемі 128 млрд. теңгені құрады.
«Бірінші «Нұрлы жол» аясында Петропавл, Тараз және Семей әуежайларындағы терминалдар қалпына келтірілді. Алматы, Петропавл, Тараз, Орал және Семей әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту аяқталуда», - деді Атамқұлов.
Халықаралық авиақатынастар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Қазақстан 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатқан.
«2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «ашық аспан» режимі енгізілді. 3 жыл ішінде қазақстандық және шетелдік авиатасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки қалалары бар. Бұрыннан бар Лондон, Мәскеу, Пекин, Ыстамбұл маршруттарында ұшу жиілігі ұлғайды. Қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай (2020 ж), Сингапур (2020 ж.), Нью-Йорк (2021 ж.) сияқты ірі қалаларға рейстер ашуды жоспарлап отыр», - деді ведомство басшысы.