1059
Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толық қамтылады
Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толық қамтылады
Павлодар облысында бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толық қамтылмақ. Оған бюджеттен қаржы қарастырылып, демеушілер мен инвесторлар тартылады. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мектептердің қамқоршылық кеңес мүшелерімен болған кездесуде мәлімдеді.
Облыс әкімі аталған кездесу қарсаңында Instagram-дағы парақшасына жазба қалдырып, жергілікті тұрғындардан мектептерге қатысты өзекті мәселелерді бүкпесіз айтуды сұраған еді. Болат Бақауов қамқоршылық кеңестерімен өткізілген кездесуді де өз атына келіп түскен шағымдар мен ұсыныстардан бастады.
«Маған бүгінгі жиынның өткізілу тәртібі берілген екен. Онда білім басқармасының баяндамасы, тіпті маған қойылатын сұрақтар да жазылған. Бірақ, мен аталған тәртіпті ұстанғым келіп тұрған жоқ. Сондықтан, Instagram-дағы жазбамның астына қалдырылған комментарийлерден бастағым келеді. Маған 350-ден астам комментарий келіп түсті. Оның басым бөлігі шағымдар мен ұсыныстар. Шағымдар мен ұсыныстар негізінен парталарды жаңарту, кабинеттердің терезелерін ауыстыру, жұмыс істемей тұрған мектеп бассейндерін қалпына келтіру және оқу орындарының жалпы абаттандыру секілді өзекті мәселелерді қамтиды», – деді Болат Бақауов.
Көптеген ата-ана мектептегі тамақ сапасына қатысты мәселе көтеріпті.
Тамақ сапасына қатысты мәселе қамқоршылық кеңестерімен бірлесіп шешілетін болды. Әкім жақын уақытта облыс бойынша 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге уәде берді. Сондай-ақ ол ата-аналар қауымдастығынан тамақтың сапасын қадағалап отыруды сұрады. Салмақтың бәрін бюджетке артпай, жергілікті жерлердегі инвесторлар мен меценаттар да бұл іске атсалыспақ.
Сонымен қатар, әкім мектептердің маңындағы заңсыз тұрақтар мәселесін шешуді қолға алатынын айтты. Мәселен, Павлодар қаласындағы №19 орта мектептің маңынан көліктер арылмайды. Мектеп тұрағында көліктер қаптап тұрады. Өйткені, оқу орнының жаңында Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан.
«Полиция қызметкерлерінен облысқа қарасты үш қаладағы барлық мектептің автотұрақтарын ретке келтіруді сұраймын. Олар бұл жұмысты тура ертең бастайды», – деді аймақ басшысы.
Көпшілікті толғандырған тағы бір мәселе – 15 жастағы мектеп оқушыларының қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруі. Өңірде парадоксальды жағдай қалыптасып отыр.
Колледждердің бірінші-екінші курс студенттері автобустар мен трамвайларда жол ақысын 50 пайыздық жеңілдікпен төлейді. Ал дәл солардың құрдастары, яғни мектептің жоғары сынып оқушыларына мұндай жеңілдік қарастырылмаған.
«Студенттерге жеңілдік қарастыру туралы шешім қабылдаған кезде мектептердің жоғары сынып оқушылары қаперге алынбаған. Бұл мәселені міндетті түрде қарастыратын боламыз», – деді Болат Бақауов.
Әкім қамқоршылық кеңестерін тыңғылықты жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ ол кеңестер мектептердің басты бақылаушысы әрі көмекшісі екенін ескертті. Ата-аналар мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұруды сұрады. Болат Бақауов келісім берді.