Құрылыс саласының үздігі

Құрылыс саласының үздігі

Құрылыс саласының үздігі
ашық дереккөзі
Белгілі ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы ұйымдастырушыларының бірі Беркімбай Пәрімбетов көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Ол кісінің өз ісіне деген махаббаты мен адалдығы мемлекетіміздің негізін қалауда өшпес із қалдырды. Еліміздің құрылыс индустриясында өзіндік қолтаңбасы бар қоғам қайрат­кері Беркім­бай Пәрімбетовтің 90 жылдығына орай екі күн­дік «Қазақстандағы ХХІ ғасыр құрылыс индус­триясы: Жетістіктер мен болашағы» атты рес­пуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция ұйымдастырылды. Шара аясында 4 ғылыми бөлімнің баянда­ма­лары тыңдалды. Қайсыбір пікірді тыңдасаңыз да, Пәрімбетовтің құрылыс саласындағы еңбегі ойға оралады. Алматы қала­сын­дағы ғимараттар үшін әрлеу материалдарын таңдау кәдуілгі мәселе болатын. Сол кезде жаңа құрылыс ма­те­риалы – ұлутас ұсынылады. Ал Беркімбай Пәрім­бетовтің мұрындық болуымен Маңғыстау ұлутас кен орны ашылып, ғимарат­тарды әрлеу үшін кеңінен қолданысқа енгізілген еді. Міне, сол кезден бастап Қазақстанның құ­рылыс материалдарының өнеркәсіп саласы недәуір өрледі. Жыл сайын бұл салада дәстүрлі емес жаңа өндірістер пайда бола бастады. Ал ғалым­ның арқасында көптеген қажетті техно­ло­гиялар мен техникалар алынып, іске қосылды. Ол кісінің ықпалымен гранит пен мәр­­мәр өңдейтін Боралдай зауыты үшін итальян­дық жабдықтар мен технологиялар сатып алынған. Конференцияда сөз алған «Тұран» универ­си­тетінің ректоры Рахман Алшанов: «Беркімбай Пәрімбетұлы – еліміздің дарынды ұлдарының бірі. Өте жас министр болды. Кезінде Қазақстан дамып келе жатқанда құрылыс саласының тұңғыш министрі болды. Бүгінде осы салада 130 мың адам жұмыс істейді. Қазақстанда құрылыс жақсы дамып келе жатыр. Міне, оның негізі сол кезде қаланды», – деді. Ал әкесі жайында тебірене сөйлеген Роза Пәрім­­­бетова: «Өкінішке қарай, әкеміз өмірден ер­те кетті. Бар болғаны 67 жасында бақилық бол­ды. Егер балалық шағымды еске алсам, әке­міздің бір демалғанын көрген емеспін. Үйге келсе де қолынан газет түспейтін. Үнемі оқып, ізденіп, күні-түні жұмыс істейтін. Бүгінгі кон­фе­ренцияға жастар да қатысып отыр. Олар бір ғана дүниені түсінсе деймін. Еңбек пен табан­ды­лықтың арқасында жетістікке жетуге болады. Сондықтан, оқудан қашан да талмау қажет», – деді. Шараға жиналғандар ғалымның көпке үлгі болатын өмірі мен еңбектері жайлы сөз қозғады. Академик 36 жасында Қазақстанның құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі лауазымын атқара жүріп, білгенін шәкірттерінен аямаған. Оның бойындағы ізгі қасиеттері, ғылымға деген адалдығы көпті тәнті еткен.