1074
Құрылыс саласының үздігі
Құрылыс саласының үздігі
Белгілі ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы ұйымдастырушыларының бірі Беркімбай Пәрімбетов көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Ол кісінің өз ісіне деген махаббаты мен адалдығы мемлекетіміздің негізін қалауда өшпес із қалдырды.
Еліміздің құрылыс индустриясында өзіндік қолтаңбасы бар қоғам қайраткері Беркімбай Пәрімбетовтің 90 жылдығына орай екі күндік «Қазақстандағы ХХІ ғасыр құрылыс индустриясы: Жетістіктер мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шара аясында 4 ғылыми бөлімнің баяндамалары тыңдалды. Қайсыбір пікірді тыңдасаңыз да, Пәрімбетовтің құрылыс саласындағы еңбегі ойға оралады. Алматы қаласындағы ғимараттар үшін әрлеу материалдарын таңдау кәдуілгі мәселе болатын. Сол кезде жаңа құрылыс материалы – ұлутас ұсынылады. Ал Беркімбай Пәрімбетовтің мұрындық болуымен Маңғыстау ұлутас кен орны ашылып, ғимараттарды әрлеу үшін кеңінен қолданысқа енгізілген еді. Міне, сол кезден бастап Қазақстанның құрылыс материалдарының өнеркәсіп саласы недәуір өрледі. Жыл сайын бұл салада дәстүрлі емес жаңа өндірістер пайда бола бастады. Ал ғалымның арқасында көптеген қажетті технологиялар мен техникалар алынып, іске қосылды. Ол кісінің ықпалымен гранит пен мәрмәр өңдейтін Боралдай зауыты үшін итальяндық жабдықтар мен технологиялар сатып алынған.
Конференцияда сөз алған «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов: «Беркімбай Пәрімбетұлы – еліміздің дарынды ұлдарының бірі. Өте жас министр болды. Кезінде Қазақстан дамып келе жатқанда құрылыс саласының тұңғыш министрі болды. Бүгінде осы салада 130 мың адам жұмыс істейді. Қазақстанда құрылыс жақсы дамып келе жатыр. Міне, оның негізі сол кезде қаланды», – деді.
Ал әкесі жайында тебірене сөйлеген Роза Пәрімбетова: «Өкінішке қарай, әкеміз өмірден ерте кетті. Бар болғаны 67 жасында бақилық болды. Егер балалық шағымды еске алсам, әкеміздің бір демалғанын көрген емеспін. Үйге келсе де қолынан газет түспейтін. Үнемі оқып, ізденіп, күні-түні жұмыс істейтін. Бүгінгі конференцияға жастар да қатысып отыр. Олар бір ғана дүниені түсінсе деймін. Еңбек пен табандылықтың арқасында жетістікке жетуге болады. Сондықтан, оқудан қашан да талмау қажет», – деді.
Шараға жиналғандар ғалымның көпке үлгі болатын өмірі мен еңбектері жайлы сөз қозғады. Академик 36 жасында Қазақстанның құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі лауазымын атқара жүріп, білгенін шәкірттерінен аямаған. Оның бойындағы ізгі қасиеттері, ғылымға деген адалдығы көпті тәнті еткен.