Халықтың үміті – «Нұрлы жер»

Халықтың үміті – «Нұрлы жер»

Халықтың үміті – «Нұрлы жер»
ашық дереккөзі
Бүгінде ел тұрғындарын алаңдатқан басты мәселе – баспана. Тиыннан теңге құрап, тапқан-таянғанын депозитке салып, құжаттарын құшақтап, шапқылап жүргендердің бәрі үйден дәмелі. Бала-шағам асыр салып ойнайтын, ата-анам арқасын кеңге салып жататын еңселі баспанам болса деп армандайтын қазақтың бүгінгі үміті – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама арқылы көп жыл армандаған үйіне қол жеткізгендердің бірі – оралдық мұғалім Зәузат Амангелдиева. Екі жыл ішінде ол алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 30%-ын жинап үлгерген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитін 2015 жылы ашқан ұстаз бастапқыда 12 мың теңге салым салыпты. «Уақыт өте келе ай сайын салып отыратын ақша сомасын арттыра бердім, себебі неғұрлым көп салсам, пәтерге керек қаражатты соғұрлым ерте жинайтынымды түсіндім. Бұған қоса жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрдым. Тұрғын үй сатып алушылар пулына өтініш қабылдау басталғанын білген соң, бірден бір бөлмелі пәтерге құжаттар өткіздім. Құдай бұйыртып, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы көп күткен баспанамызға қол жеткіздік. Күйеуім қайтыс болған, жалғыз өзім ұл тәрбиелеп отырмын, сондықтан бұл – мен үшін үлкен маңызға ие оқиға», – дейді арманына жеткен ана. Жыл соңына дейін Оралда баспаналы болу бақытына ие болып, Зәуре ханым сияқты қоныс тойын тойлайтын отбасылар саны арта түспек. Өйткені Батыс Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын баспана құрылысына 13 миллиард теңге бағытталды. Қазіргі таңда облыс аудандарында 38 тұрғын үйдің қабырғасы қаланып жатса, Орал қаласында 17 көп қабатты баспаналар салынып, 80 мың адамға есептелген тұтас шағын аудан бой көтереді. Құрылыс және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына 830 миллиард теңге инвесторлар қаржысы тартылады. 4 бірдей көп қабатты үйдегі пәтерлер әлеуметтік топқа жататын кезектегі тұрғындарға беріледі. Солардың бірі 9 қабатты, 216 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Мердігер кәсіпорын аула аумағын талапқа сай абаттандырып, балалардың ойын алаңымен қамтамасыз етпек. «ҚР Президентінің жолдауына сәйкес 72 пәтер көп балалы отбасыларға беріледі. Оның ішінде 29 пәтер – заңға сәйкес жетім балаларға тиесілі. Қалған пәтерлер кезектегі тұрған 1-2 топ мүгедектері, бюджет саласындағы қызметкерлерге, жасына қарай зейнеткерлерге бөлініп беріледі», – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Миржан Нұртазиев. Нарық мамандарының айтуынша, Оралда салынып жатқан жаңа үйлердегі бір бөлмелі пәтерлердің құны шамамен 5 609 800 теңгені құрайды. Демек, «Нұрлы жер» арқылы баспаналы болғысы келетіндердің бастапқы жарнасы 1 121 960 теңгеден кем болмауы керек. Сонда ай сайынғы несиелік төлем алғашқы сегіз жылда 37960 теңге, одан кейінгі жылдары 18244 теңгеге дейін төмендемек. Мұны несие алушылар 11 жыл бойы төлейді. Бүгінгі нарық бағасын ескерсек, бұл – үйлі болғысы келетіндер үшін өте тиімді шарттар. Соның дәлелі болса керек, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жинақтау жүйесі арқылы Оралда 210 үй өз иесін тапты. Ал биыл бұл көрсеткіш үш есеге өспек.