641
Түгел түркінің бірлігі – тұтастық негізі
Түгел түркінің бірлігі – тұтастық негізі
Қай заманда да түркітілдес мемлекеттердің бірлігі бекем болды. Бұл мызғымас татулыққа сызат түспеуі үшін әркез ауызбірліктің болуы маңызды. Әзірбайжанның астанасы Бакуде өткен түркітілдес елдердің саммитінің де көздегені осы. Шараға ТМЫК елдерінің басшылары – Түркия Президенті Режеп Ердоған, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Биыл Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан еді. Бауырлас елдердің бұл жолғы басқосуы түркі әлемінің тұтастығын, жарастығын мұрат еткен Түркі кеңесінің мерейлі 10 жылдығымен тұспатұс келіп тұр.
Саммитте алғаш рет Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесі белгіленіп, Кеңеске мүше мемлекеттер бұл құрметке бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты лайық деп таныды. Басқосуда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне төрағалық еткен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков өз жұмысын қорытындылады.
Оның айтуынша, Түркі кеңесі құрылғалы бері ауқымды 55 іс-шара ұйымдастырылса, соның 15-сі Қырғызстанның төрағалығы кезінде өтті. Бұл кезеңде Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие болып, Будапешт қаласында Түркі кеңесінің еуропалық өкілдігі ашылды және Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесі атанды.
– Қырғыз тарапы араб елдерімен бірге Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында Түркі кеңесіне бақылаушы мәртебесін беру бойынша жемісті жұмыс жүргізді. Енді бұл бағыттағы жұмысты Түркі кеңесінің хатшылығы жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ, Ош қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Осы бастама аясында «Түркі әлемінің этномәдени фестивалі», «Байырғы Ош – өркениет орталығы» сияқты халықаралық іс-шаралар өтті, – деді Сооронбай Жээнбеков.
«Түркі кеңесі» аталатын түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевті және бүкіл өзбек халқын осы кеңеске толыққанды мүше болуымен құттықтады. – Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркітілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға, – деп бағалады Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сонымен қатар ол Будапештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу – ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Қырғызстанның Түркі кеңесіне төраға қызметіндегі жұмысын жоғары бағалады. – Маған «Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы Түркі кеңесінің құрылу тарихына және осы жылдардағы жетістіктеріне тоқтала кетті. – Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, кеңестің қатары Өзбекстан және Венгрия есебінен толықты. Бұл – біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институттық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, «Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы» қабылданды, – деді Тұңғыш Президент. Ол Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңызына екпін түсіре келе, Түркі кеңесін одан ары дамыту бойынша екі ұсыныс айтты. – Біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақмерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс. Осылайша, біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар ол іс-шаралар бағдарламасына мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын енгізу қажетін нықтады. Сондай-ақ, Елбасы «түркі әлемінің бесігі» саналатын Түркістан қаласын бірлесе дамытудың маңызына назар аударды. – Екіншіден, болашақта кеңесіміздің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін (ТМЫК) ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша, біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» (ТМҰ) деп атауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Енді биыл мерейлі жылдың қарсаңында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің керегесі кеңейіп, Өзбекстан қатарға қосылды. Былтыр бақылаушы ел ретінде Кеңестің ортасынан табылған Өзбекстан биыл оның толыққанды мүшесі болып, бауырлас елдермен иық теңестірді. Саммит аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесіп: «Қазақстан мен Өзбекстан – өте жақын және маңызды серіктес. Өзара тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұған дейін мұндай көрсеткіш болған емес, – деді Елбасы. Ал Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев өз елінің Түркі кеңесіне қосылуын барлық жағынан заңдылық екенін айтып, сондай-ақ, «Түркі мәдениетінің жауһарлары» атауымен 100 томдық басып шығаруға ұсыныс жасады.