Ақордада Әл-Фараби атындағы сыйлық табысталды
Ақордада Әл-Фараби атындағы сыйлық табысталды
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ғылым саласындағы ең жоғары сыйлық болып саналатын Әл-Фараби атындағы сыйлықты табыстады. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Баршаңызды еліміздің келе жатқан Тәуелсіздігінің 24 жылдығымен құттықтаймын. Бұл еліміздің ең ұлық, төл мерекеміз. Біз егемендіктің жылға бергісіз әр күнін ерен еңбекпен, қажырлы қайратпен өркендеттік. Қазақстан күллі әлемге кемел келешегімен ұмтылған жасампаз ел ретінде танылды», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биылғы жылдың Қазақстан ғылымына айрықша серпін берген жемісті жыл болғанына тоқталды. «Қазіргі заманда экономика өсімін ғылым мен инновациясыз елестету мүмкін емес. Сондықтан мемлекет көңіл де бөліп, қаражат та бөліп, қолдау да жасап жатқанын көріп отырсыздар. Мемлекет ғалымдардың озық тәжірибелеріне ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық ғылым мен техника саласындағы ең жоғары марапат болып саналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы сыйлыққа 1 жеке және 6 ұжымдық ғылыми шығармалар еңбегі лайық деп танылғанын тілге тиек етті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл еңбектер көмірсутегі, ғарыш және ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялық істерге жол ашты. Металлургия, физика, медицина салаларында инновациялық жаңалықтар енгізді», – деді.