2017 жылы Астанадан жаңа халықаралық рейстер ашылады
2017 жылы Астанадан жаңа халықаралық рейстер ашылады
Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 - жаңа туристік мүмкіндіктер» атты тəжірибелік конференция өтуде.
Тәжірибелік конференцияның мақсаты – Астана мен Қазақстан Республикасының туристік əлеуетін дамыту, туристік компанияларды көрменің жоғары деңгейде өтуіне ат салысуға шақыру.
Конференция барысында Инвестициялар жəне даму вице-министрі Рақым Ошақбаев 2017 жылы Астана қаласынан Дубай, Ұланбатыр, Гонконг, Минск жəне Токиоға халықаралық рейстері ашылатындығын хабарлады. Сонымен қатар, 2017 жылға дейін «Скат» әуе компаниясы Баку, Фергана, Ераван, Рига, Тель-Авивке өз рейстерін ашатын болады.
Рақым Ошақбаевтың айтуынша, туристердің Астанаға келіп-кетуін барынша ыңғайлы ету үшін азаматтық авиация саласын дамыту үшін 2013-2015 жылдары Астанадан Бішкекке, Лондонға, Бангкокқа, Париж, Сеул, Тбилиси бағыттарына халықаралық рейстер ашылған.
Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» компаниясы Қазақстан Темір жолы компаниясымен бірлесе отырып, Инвестициялар жəне даму министрлігі теміржол билетінің бағасына ЭКСПО аумағына кіру құнын қосу мəселесін талқылап жатқандығын айтты. «Поезд билеттері мен авиабилеттердің құнына ЭКСПО-ға кіру бағасын қосу туралы мəселеге тоқталсақ, қазір «Air Astana" компаниясы көрменің ресми əуе тасымалдаушысы статусына ие болды жəне жоспарланып отырғандай, компанияның халықаралық авиабилеттерінің бағасына ЭКСПО аумағына кіру бағасы қосылады», – деді Рақым Ошақбаев.
Конференцияда сөйлеген сөзінде Инвестициялар жəне даму вице-министрі ЭКСПО көрмесінен көп үміт күтетінін, Астана қаласының дамудың жаңа белесіне көтерілетіндігін атап өтті. «Астана ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлері, жалпы, еліміздің туристік инфрақұрылымы түгел көркеюі керек. Сондықтан, ЭКСПО көрмесіне қатысты министрліктің дайындығы туралы қысқаша ақпарат беруге рұқсат етіңіздер. Министрлік алдында бірнеше міндет тұр. Сол міндеттің бірі – ЭКСПО көрмесіне дайындық аясында көлік инфрақұрылымын дамыту. Өздеріңіз білесіздер, көлік қолжетімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары əзірленгені белгілі. Жоспарға сай, жүрдек маршруттарды іске қосу, теміржол вокзалдарының қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрету де көзделіп отыр», – деді вице-министр.