10 Қазан, 22:00 190 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Суханбердиева мен құрбысы оқушыларды жертөледе оқуға мәжбүрлеген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның мен оның құрбысы, №3 мектептің директоры Елена Шеверняеваның қылмыстық схемасы туралы айтты. 

Агенттіктің аса маңызды істері бойынша тергеушісі Ринат Аймұқановтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының №3 гимназиясында ұзақ уақыттан бері жеке мектеп жұмыс істеп келген.

«Бұл мектеп іс жүзінде Е. Шеверняеваға тиесілі болған. Істі кедергісіз жүргізу үшін Е. Шеверняева өзінің құрбысы вице-министр Суханбердиевамен бірлесіп жұмыс істеген. Олар өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мектепке «қамқорлық» жасап келген. 2016 жылы білім басқармасы өз оқушыларына орын жетпей жатқан мемлекеттік мектепте жеке мектептің жұмыс істеп тұрғанын сынға алып, директор Е. Шеверняеваға шара қолдануды тапсырған. Директор құрбысы Э. Суханбердиеваға жүгініп, білім басқармасына ықпалын тигізген», - деді Ринат Аймұқанов елордада агенттік пен қалалық білім басқармасының бірлескен жиналысында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тексеруі барысында сынып жетпеген оқушылардың жертөледе оқығаны анықталған. «Санитарлық-эпидемиялық бақылау мен өрт қауіпсіздігі қызметі мектептен бірқатар заңбұзушылықтар тапты.

Анықталғандай, гимназияның 48 оқу кабинеті жеке мектепке жалға берілген, 10 кабинет пен тағы бес кабинет біріктірілген. Бұл жалпы сыныптар санының 20% құрайды. Бұл мектепте оқушылардың көптігі бұрын да байқалған. Ал Е. Шеверняева мемлекеттік органдарға мектептің өз сыныптарын жалға бере алатыны туралы дерек өткізген. Мемлекеттік мектеп оқушылары кабинет жетіспеушілігінен жертөледе, бала толы сыныпта оқуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, «алғашқы әскери дайындық» пен «технология» сабақтарына ұлдар мен қыздар жертөледе бір сыныпта оқыған», - деді Р. Аймұқанов.

Одан бөлек, тергеушінің айтуынша, 3 жылда мектептің бос орын жоқ деген желеумен балаларды қабылдамау фактілері болған. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлжан Айтжанова №3 мектептің қазіргі жағдайы туралы сұхбат берді. «Қазір бәрі өзгерді, жеке мектеп ұжымы ғимараттан шығарылды. Онымен келісімшарты біткен балалар мемлекеттік мектепке ауысты. Қазіргі уақытта мектеп директоры міндетін Қарлығаш Қалимжанқызы уақытша атқарады», - деді Г. Айтжанова.

Соңғы жаңалықтар