Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Шанхайда өтіп жатқан Shanghai Trophy халықаралық додасында екінші орынды иеленді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Жарыстың қысқа бағдарламасынан кейін көш бастаған Медведева еркін бағдарламада 119,62 ұпайды иеленіп, нәтижесінде 191,78 ұпай жинады. Осылайша, ол бірінші орынды иеленді.
Ал Элизабет Тұрсынбаева 186,09 ұпайымен екінші орыннан көрінді. Додада оңтүстік кореялық Лим Ын Су үшінші орынға (184,64) жайғасты.
Айта кетсек, жаңа маусымның алдында Элизабет Тұрсынбаеваның жарақат алғаны белгілі болған еді.
Sputnik Қазақстан мәліметінше, мәнерлеп сырғанаушының әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызының алған жарақатына қарамастан, жаттығуын үзбей, Шанхайдағы жарысқа дайындалғанын айтқан.