394
Алматы полициясы балалардың жаппай ұрланғаны туралы ақпарат таратқандарды іздестіруде
Алматы полициясы балалардың жаппай ұрланғаны туралы ақпарат таратқандарды іздестіруде
Әлеуметтік желілерде Алматы мен Алматы облысында балаларды ұрлап жатыр деген ақпарат жаппай тараған еді. Полиция ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқандарды іздестіруде.
Дыбыстық хабарламада әйел Алматы облысы мен мегаполистің кейбір аудандарында 2-16 жас аралығындағы балаларды ұрлау фактісі жиілеп кеткенін хабарлаған.
Кейін ол Алматыдағы полиция департаментіне видео келіп түскенін айтады. Оның айтуынша, Қытайда жүк көліктерінен мұзға "қатырылған" қазақстандық балаларды түсіріп жатқан сәт видеоға түсіп қалған.
Алматының полиция департаменті бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды деп отыр.
"Хабарламада айтылған ақпарат жалған. Бірде-бір факт дәлелденген жоқ", - деді Алматылық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полициядағылар бұл ақпаратты таратушылардың мақсаты халық арасында дүрбелең туғызу екенін айтады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр. Жалған ақпарат таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.