760
Мұнай ұрлығы: Қазына тонау қашан тыйылады?
Мұнай ұрлығы: Қазына тонау қашан тыйылады?
Қазақстан экономикасының негізгі қуат көзі мұнай мен газ екені әмбеге аян. Бүгінгі таңда елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы, ал экспорттан түсетін табыстың жартысы – мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі. Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн баррельден астам) 1,8 пайызын (күніне 1,719 млн баррель) беріп отыр. Алайда ел байлығына ашкөздене қол сұғушылардың көбеюі қара алтын өндірісінің келешегіне қатысты күдікті ойларды қалыңдатқанын несіне жасырайық?!.
Өткен жылы Қазақстанда 77, 5 млн доллар мұнай өндірілсе, биылғы жылдың алғашқы 5 айының өзінде 36,5 млн тонна шикізат алынды.
Мемлекет айрықша үміт артып отырған үш кен орны – Қашаған, Теңіз бен Қарашығанақтан жалпы көлемі 21,7 млн тонна қара алтын өндірілді. Мұнайды қайта өңдеу көлемі де айтарлықтай артқан. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында 6,7 млн тонна қара алтын қайта өңдеуден өтті, яғни 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайыздық өсім бар.
Қазақстан мұнайының сапасын жоғары бағалайтын импорттаушы елдер биыл да сұранысты азайтқан жоқ. Энергетика министрлігінің дерегінше, 2019 жылдың алғашқы үш айында елімізден жалпы көлемі 16 млн тоннадан астам мұнай экспортталып, қазынаға 7,4 млрд доллар құйылды.
Қазына бар жерде сұқ көз де болмай тұрмайды. Қынжылтатыны, сұғанақ қолдар – сыртта емес, ішімізде, өз арамызда жүргендер. Соңғы уақытта елімізде қара алтын ұрлығының белең алғаны соншалық, мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы қылмыстық құрылымдардың негізгі табыс көзіне айналды. Қаржы полициясы мұнымен күресудей-ақ күреседі. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді.
Биылғы жылдың ақпанында Маңғыстауда мұнайды тонналап ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Әр қадамдарын жіті ойластырып, сауысқандай сақ әрекет етсе де әккілер заң құрығынан құтылып кете алмады. Облыстық Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері мұнайды ұрлау бойынша арнайы сызба дайындаған. Олар тасымалдау және кірістерді заңдастыру процесін ретке келтірген. Топ басшысы қажетті мәліметтерді жинап, қылмыстық ұйымның болашақ мүшелерін тауып, оларды оқытыпты. Жалпы, топта 12 адам болған көрінеді.
Ұрылар әуелі елден тыс жерден сатып алушы іздеген. «Клиент» табылған кезде қылмыскерлер магистральды мұнай құбырын кесіп, мұнайды автокөлікке құйып отырыпты. Ұрланған мұнай темір жолмен Ресейге мұнай қалдықтарының қоспасы ретінде тасымалданған. Қылмыстық әрекеттен түскен кірістерді заңдастырып отырудың да тетігін тапқан.
Экономикалық тергеу департаментінің дерегіне сүйенсек, қылмыстық топ 2017 жылғы тамыздан 2019 жылғы ақпанға дейін ел байлығын тонап келген. Қара-Оба кен орнындағы консервацияланған мұнай ұңғымаларынан және «Өзен – Жетібай – Ақтау» магистральды мұнай құбырынан қара алтынды алаңсыз үптеген. Ұрылар жалпы көлемі 2420 тонна мұнай ұрлап, мемлекетке 348,7 миллион теңге шығын келтірді. ҚР Қылмыстық кодексінің 13 бабы бойынша қозғалған істің материалдары мыңнан аса бухгалтерлік құжаттарды есептемегенде 30 томға жеткен.
Материалдарының көлемі бойынша «ерекшеленген» тағы бір қылмыстық іс өткен жылы Қызылорда облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған еді. Жиынтығы 149 томды құраған қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, өңірде 2 ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. 1-топ мүшелері «Қоныс», «Жыланды қыр» кен орны мен «Құмкөл-Тұзкөл» және «Шымкент-Павлодар» мұнай құбырынан қара алтын ұрлауды ұйымдастырған. Астыртын іске мұнай компанияларының жұмысшылары мен күзетшілері және кәсіби дәнекерлеушілер тартылған. Ал келесі топ ұрланған мұнайды сақтау, тасымалдау және сатумен айналысқан. Тіпті көршілес мемлекеттерге де көмірсутек шикізатын жеткізіп отырған.
Мұнайшылар, кәсіпкерлер мен оларды қолдап-қорғаған бұрынғы көлік прокуроры мен полиция полковнигі бар – қара алтынды заңсыз жолмен саудалауға қатысқан барлық 21 адам өз жазасын алды. Сотталғандардың 17-сі темір торға қамалды, қалған төртеуі жазаларын шартты түрде өтейді. Істің басты фигуранттары – Кенжетай Басқараев пен Берік Өтегенов 10 жылдан арқалап кете барды.
Қара алтын ұрлығы туралы сөз қозғалғанда, осыдан үш жыл бұрын әшкереленген атышулы «Төрт ағайынды ісі» де еріксіз ойға оралады. 26 адамның басын қосқан ақтөбелік қылмыстық топ 2016 жылы желтоқсанда Қазақстанның батыс облыстарында арнайы операция жүргізу барысында ұсталған болатын. Сыбайластар «Сағыз Петролеум» компаниясына қарасты «Қағанай» кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Тергеу материалдары бойынша ұрланған мұнай құны 11 млн 302 мың теңгені құрады. Бұдан бөлек, қылмыстық топ Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы «Ащыкөл» мен «Қаратөбе», Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрлағаны анықталды. Олардың мемлекетке келтірген жалпы шығыны 34 млн теңгеге жетеғабыл.
Қылмыстық топ құрып, құлқынның қамын күйттеген 26 адамға Қылмыстық кодекстің «мұнай ұрлығы», «адам ұрлау», «ақша бопсалау», «қару сақтау», «бөтеннің мүлкін талан-таражға салу», «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» және басқа баптары бойынша айыптар тағылды. Бұл – ауыр және өте ауыр айыптар, жазасы да жеңіл болған жоқ. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылғы 2 тамызда істің соңғы нүктесін қойды. Судья Ахметқали Молдағалиевтің үкімі бойынша «Төрт ағайынды» тобының жетекшісі Еркін Ізбасар – 12 жыл, оның сенімді серігі Аухат Қалиев – 11 жыл, Қалдымұрат Қартжанов – 11 жыл, Нұрлыбек Тонтаев – 7 жыл, Болатбек Бекетов – 8 жыл, Мұрат Тұржанов – 8 жылға бас бостандығынан айрылды.
Топ «серкесі» – Еркін Ізбасарды қорғаған адвокат Мәди Мырзағараев сот үкімін әділетсіз, шектен тыс қатал деп бағалады. Қылмыс жасағанның бәріне аяушылық танытып, бастан сипай берсе, заңның қадірі қайсы? Жердің байлығы – шексіз емес, бір күні сарқылады. «Көбелектер» көбігін ішіп кетсе, «жапалақтар» жарымын жұтып, «қарғалар» қалғанын қылғытса, болашақ ұрпақтың еншісі деп қызғыштай қорып отырған қазынамыздан не қалады?!